» » Татулығы жарасқан Тұрмағамбеттегі тірлікті айт

Татулығы жарасқан Тұрмағамбеттегі тірлікті айт

Қармақшыны қасиетті өлке деуіміз бекер емес. Оның ішінде жүз жырауымен танымал Тұрмағамбет ауылының қазір екінші тынысы ашылған. Ауыл азаматтарының тың кәсіп тауып, жүзеге асыруда айының оңынан тууы елдің, жердің киесін қадір тұтқаннан шығар, бәлки. Күндердің сұлтаны жұмада таланты таңдай қақтырған, төрінде той тарқамаған, талай текті тұлғалар шыққан топыраққа табан тіредік. Мұндағы мақсат – несібесін алтын дәннен тапқан дала майталмандарының қуанышын бөлісу.
Жүйткіген көлік тақтайдай тегіс жолмен ауылға лезде жетіп барды. Тындырымды істер табалдырықтан-ақ танылып тұр. Кіре беріс көшенің қос қапталына кезек-кезек көз жүгіртеміз. Саябақ, дүкен, шаштараз, сүт зауыты, балабақша, тағысын-тағы тізбектей орналасқан. Орталыққа қарай беттегенде ауыл ақсақалдарының қарасы көрінді. Тоқтай қалып, саулық сұрастық. Барлығы жаңа нысанның жанына жиналыпты. Маңдайшасында «Ардагерлер үйі» деген жазуы бар. Міне, ғажап.


БІТЕР ІСТІҢ БАСЫНА,
ЖАҚСЫ КЕЛЕР ҚАСЫНА
Бұл пәлсапаға күмәніңіз болмайтын шығар. Шаруашылық басшысы Нұржан Пірмантаев ауылдық поштаның тым ескі екенін әу бас­тан ескеріп жүрген. Жаңа ғимарат салатын болсақ «өз ағаларға» иек артатын әдетіміз ғой. Карантиннің салдарынан олардың ел аралап еңбек етіп жүргені аз. "Енді кімге сеніп тапсырамын? Қысқа қалмай құрылысты бітіре аламыз ба?" деп уайымдап отырғанда ауылдың жұмыссыз жүрген 4-5 жігіті келіп:
– Ағажан, біз бос жүргенше өз ауылымыздың пайдасына жарар тірлік қылайық. Бізге сеніңіз. Басқаның қолынан келген іс біздің де қолымыздан келеді. Қажетті құрал-сайманын дайындап берсеңіз, ертең-ақ іргетасын қалайық, – деп бастама көтеріпті.
Жұмысты ауыр-жеңіл деп таңдамай, балаларына нәпақа табуға ниеттенген азаматтардың бұл ұсынысына жомарт жүрек қалай қуанбасын? Даңғарадай емес, шағын ғана нысанның сызбасын да­йындап, бір бөлігін ауылдық пошта, екінші бөлігін ардагерлер үйі етіп ашуды жоспарлайды. Соңғы үлгімен қаланған жарық, жылы, жайлы ғимарат діттеген уақытта бітіп, пайдалануға берілді.


ҚАРТЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН
КӨШТЕН ҚАЛМАЙДЫ
Қария – қымбат қазына. Әр үйдің берекесі, ақылшысы мен арқасүйері. Ауылда жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне шыққан аталар да, ақ жаулықты аналар да аз емес. Олар бұрын-соңды тек той-томалақта бас қосса, енді осы орталықта отырып ой бөлісуге мүмкіндік көп. Мұнда келгенде құшақ жая қарсы алып, қызмет көрсететін екі маман да қарастырылған. Бірі – денсаулықтарын бақылап, кеңесін берсе, енді бірі – ғимараттың жылы әрі таза болуына жауапты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұралбек Зауытов бастаған ардагерлер аталған үйге алғаш кіріп, бірімен-бірі емен-жарқын жүздесті. Пандемияның себебінен қарттардың үйден ұзап шықпағанына көп болды. Бірақ әлі де түгел жиналуға рұқсат жоқ. Бірінші санитарлық талап қатаң сақталуы керек. Оны ескерген тұрғындары бетпердесіз жүрген жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов жаңа нысанның лентасын қиып, ауыл ардагерлеріне арнап үй салған шаруашылық басшысына ризашылығын білдірді. Аудандағы ауылдар арасында ардагерлер үшін алғашқы үй салған меценант Нұржан Пірмантаевтың бұл бастамасы басқаларға үлгі боларлықтай. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре алатын кең жүректі ағамыз өз кезегінде құрылысты сапалы салып, уақытынан кешіктірмей өткізген ауыл азаматтарына алғысын білдіріп, сыйлық тарту етті. Қартын құрметтеген шаруашылық директорының тағы бір тындырымды ісіне «бәрекелді» дескен аға буын ақ батасын жаудырды.
Ардагерлер үйі жаңа жиһаздармен, газет-жорнал, түрлі кітаптар, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойынға қажетті құралдармен толықтырылған. Ал пошта бөлімінде маман мен хат тасмалдаушы халыққа қызмет көрсетеді.


ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ
ШАШТАРАЗ
Ардагерлер үйінің ашылу салтанатына қатысқан соң жанындағы шаштаразға аялдадық. Онда отыз жылдан бері шаш қиып жүрген Жадыра Ақшалова жұмыс істейді. Мектеп оқушылары мен ардагерлерге, көп балалы отбасы иелеріне шаш қидыру тегін. Ал орта жастағылар үшін бар болғаны – 250 теңге. Күніне 10-15 адамның шашын қысқартатын маман шаруашылық басшысына тұрақты жұмыс беріп, жалақымен қамтамасыз еткені үшін дән риза. Шаштараздың жанында шаруашылық дүкені орналасқан. Мұнда күріш, жем, макарон, «Ақтайлақ» атымен аталатын өздерінен шыққан өнімдер сатылады.


ТҰРМАҒАМБЕТТІҢ
МАКАРОНЫ
Көктемгі науқан басталғаннан нау­байхана жұмысы басталады. Егістік басындағы шаруаларға берілер нан қырмандағы наубайханада піседі. Күніне 100 бөлке нан жабатын 2 маманның маусымдық қызметі қыста тоқтаған.
Биыл шаруашылық жанынан макаронның 5 түрін өндіретін жаңа цех іске қосылды. Ауылдың 5 адамы ақ халат киіп, қызу жұмысқа кіріскен. Арасында кеше ғана оқу бітірген жастар да бар. Италиядан әкелінген құрылғы қызметін көрсетіп тұр. Цехта бір ауысымда 700 келі өнім өндіріледі. Әртүрлі пішінде дайындалған рожкилер 12 сағат бойы арнайы кептіргішке салынады. Дайын өнім ауыл тұрғындарына сатылуда. Артылғанын Жосалы кентіндегі дүкеннің біріне өткізеді. Макаронды тұтынып отырған ауыл тұрғындарын әңгімеге тарттық. Бірі – жергілікті өнімнің дәмі ерекше екенін айтса, енді бірі суды аз тартып, тез пісетінін жасырмады.




ТОР СЫМ ТОҚУ ТОҚТАМАЙДЫ
Егістікті қоршау күн тәртібіндегі мәселе. Дайын сымды сатып алып шығындалғаннан өзімізде өндіру әлдеқайда тиімдірек әрі сапалы болмақ. «Жеті рет өлшеп, бір рет пішетін» Н.Айдарбекұлы бұл цех арқылы тағы 3 адамды жұмыспен қамтуда. Шыққан өнім шаруашылықтың қажетіне жұмсалады.




ЖЕМДІ ДЕ ӨЗДЕРІ ӨНДІРЕ БАСТАДЫ
Ауыл төрт-түліксіз болмайды. Малға қысы-жазы азық керек. Биылғы жағымды жаңалықтың тағы бірі – осы жем шығару цехының ашылуы. Мирамбек Камаладинов жетекшілік ететін цехта 5 түрлі жем дайындалады. Өнім әзірге ауыл тұрғындарына үлестірілуде. Кәсіп кеңейіп жатса ауысқанын басқа ауылдарға сататын болады.
– Қаладан, не басқа өңірден әкелгеннен гөрі ауылдан алған әлдеқайда тиімдірек. Қабының бағасы –1100 теңге. Өз кәсібімізге бірінші өзіміз қолдау білдіруіміз керек, – дейді тұрғындар.




ҚЫРМАН БАСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТ
«Тұрмағамбет» ЖШС биыл 2375 гектар жерге күріш, 385 гектарға жаңа жоңышқа, 896 гектарға ескі жоңышқа, 15 гектарға соя, 3 гектарға картоп пен 2 гектарға егін еккен. Шаруалар күріштің әр гектарынан 60 центнерден орташа өнім алып отыр. Жыл сайын ауылдық клубта ерекше етіп ұйымдастырылатын ауылдық "Алтын дән" салтанатты шарасы биыл талапқа сай қырман басында өтті. Шаруалардың көңілі тоқ. Еңбегіне сай еленіп, марапат төрінен көрініп жатыр. Күннің ызғарын да елер емес. «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Н.Айдарбекұлы өткен жылға, шаруашылық жұмсаған қаржыларға халық алдында есеп берсе, алға қойған жоспарларымен бөлісуді де ұмыт қалдырмады.
Сонымен қатар, 3 ардагерге, 5 күріш сушысына өздері қалаған шипажайға баруға жолдама берді. Шаруашылықтың еңбеккерлерінің ешқайсысы құралақан қалқан жоқ. Майталмандар өткен жылы орден мен медальға ие болды. Қызылорда қаласынан пәтер алған білікті бригадир Аманқос Тоғызбаев биыл автокөлік тізгіндеді. Өркен Дәлиев, Жалғасбек Исаев, Әкімжан Қаражанов, Әмірбек Тоқсанбаев, Нұрбол Қазиханов, Талғат Мұхтарбаевтар бастаған озаттар 1 млн теңгеден бас­тап, 120 мың сыйақыға ие болды. Одан бөлек, арнайы мақтау қағаздары мен естілік сыйлықтар табысталды.

ІРГЕЛІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
Биыл қырман ішінен шаруашылықтың кеңсе ғимараты бой көтерді. Осыншама істі қолға алып, жүйелі жүргізіп отырған Нұржан Пірмантаевпен тілдестік.
– «Бір басшыға – мың қосшы» деген. Егіннің бітік, қамбаның дәнге толуы менің емес, уақытпен санаспай, арқасын күнге күйдірген осындағы еңбек адамдарының арқасы. Қолдан келген қызметті туған жерімізге жасамағанда қайтеміз? Ауыл көркейсе, біздің де көркейгеніміз, гүлденгеніміз, – деді ол.
Аудандық мәслихат депутаты Нұржан Айдарбекұлының біз білмейтін, өзі жария етпейтін қайырымды істері аз емес. Жаңа заман көшінен қалмай, ауылды қаладан кем етпеуге бекінген басшының жоспары көп.
Карантин уақытында, қиын-қыстау кезеңде аудандық ауруханадан бөлек, ауылдық амбулаторияға 1 млн теңге көлемінде көмек жасаған.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
24 қараша 2020 ж. 929 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031