» » » ЕЛОРДАЛАР ХАҚЫНДАҒЫ ТҰМСА ТАРИХ

ЕЛОРДАЛАР ХАҚЫНДАҒЫ ТҰМСА ТАРИХ

Отан... Атамекен... Кең дала өз халқына құшағын ашқан. Туған жердің әрбір тауы мен тасы, қаласы мен даласы, шүйгіні мен орманы көненің көзіндей. Жерде жатқан қайсыбір тасын төңкере қалсаң, тарих жайында сыр шертетіндей. Тарих демекші, егеменді елдің өткеніне көз жүгіртсек алты Алаштың астанасы атанған Ақмешіт атырабы хақында сөз қаузамау мүмкін емес. Ескірген дүниенің құндылығы қай уақытта да алтын емес пе?!
Талай дүлдүлдің табаны тиген жер Сыр Алаштың анасының жылнамада жазыл­ған жағдайы қалай өрбіді? Көктем. 1925 жыл. Қазақ кеңестерінің V съезі. Күн тәртібінде тұтас елдің тағдырына қа­тысты екі тақырып тұр. Қайсыбірі болмасын екі шұқып, бір қарайтын мәселе. Бірін­ші­сі, сұрапыл саясаттың салдарынан «киргийз» деп аталып кеткен қазақтың төл атауын кері қайтару болса, екін­ші­сі, сол тұстағы ел астанасы Орынборды Ақмешітке кө­шіріп, атауын Қы­зылорда деп өзгерту еді. Төрт күнге созылған съездің қорытындысы бойынша екі мәселе де оңынан шешілді. Ақмешіт «қазақ» атауын алған ұлттың бас қаласына айналды. Талай астанаға зиялылар келіп қызмет етті. Солай Қызылордада қып-қызыл тірлік қайнап жатты...
Тап-тақыр иен дала. Арқаның төсі, қу медиен. Бұл жерде небәрі 20 жылдан соң елордасы Астана қаласы бой көтереді деп кім ойлаған?! Расымен де, бұған күмәнмен қарағандардың қарасы қалың болды емес пе? Бірақ, Елбасының тынбай еткен еңбегінің өнбегі болып қазақтың ақ маңдайлы аруындай, тұңғыш һәм тәуелсіз астанасы бой түзеді. Күн сайын қаланың келбеті сәулеттеніп, жер шарындағы кез келген мемлекеттің аста­насымен иық тіресетін деңгейге жетті.
Тағы бір мәрте тарихқа көз жүгіртсек, тәуелсіздік алған сәт. Осы тұста Елбасының алдын­да екі Жарлықтың жобасы жат­қан көрінеді. Ең алдымен Қызылорда облы­сын тарату болса, екіншісі Арал ауданы тұрғындарын басқа аймақ­қа көшіру туралы-мыс. Әлгі шешім қабылданса, онда тұтас қазақияның рухани құлдырауы хақ. Себебі, біздің өңір тарихтың алтын діңгегі іспеттес. Талай дүлдүлдің табаны осы жерге тиіп, Қорқыттың қобызының күйі әлі де сарнап тұрғандай. Ал, егер оны жоғалтсақ, келер ұрпақтың жайы не болмақ? Тарихыңды жоғалтудан асқан бақытсыздық жоқ шығар, сірә?! Алайда, сол құжат Президенттің алдынан­ кері қайтты. Содан кейін, Қызылордада жаңа серпін басталды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдан қалаға қыдырып келсең Қызыл­орданың орталық саябағына ғана бой тірейтінсің. Ал, қазір ше? Қалаға дарияның жағалауымен жүйіткіп келе жатып көлік терезесінен көз ала алмайсың. Құдды бір шетелде жүргендейсің. Иінағаштай иілген көпірдің арғы жағында зер салсаңыз құрылыс алаңына ұшырасасыз. Құмырсқадай тырбыңдап тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, тұмсығын көкке тіреген крандар. Қайнап жатқан тіршілік. Мұндағы «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы тамам­далыпты. Сәулетінің өзіндік тарихи­ бар. Қажетті кесекті Ресейд­ің Белгород қаласынан алды­рыпты. Бұл кешен бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының негізінде салынған екен. Қысқасы, Қызылорданың қай бұрышына келсеңіз де, еңсеңізді тік көтеріп қайтасыз.
Бүгінде әлемдегі көптеген алпауыт мемлекеттердің басшылары Елордаданың төрінде талай мәрте бас қосты. Әлемдік деңгейдегі мәселелердің түйінін шешті. Бірлігі жарасқан Қазақстанға әлемдік сарап­шылар «Астан­а – келіссөз алаңы» деп айдар таққан болатын. Асылы, бекер емес. Аймақ үшін айтулы шаралар Есілдің сол жағасында жауабын табуда. Ал, Сыр бас шаһары күн өткен сайын құлпырып келеді. Бұл – Астанадағы сарабдал саясаттың нәтижесі деп білеміз.
P.S
Бүгінде үстіміздегі жылы еліміздің тұңғыш астанасы Қызылордаға – 200 жыл, егеменді елдің жауһары Астана қаласына 20 жыл толмақ. Қаз-қаз басып аяққа тұрған бас қала мен Қызылорда қаласының тұмса тарихында ұқсастық көп-ау, көп...
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
06 шілде 2018 ж. 1 457 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031