Діни эстремизм – қоғам кеселі

Осы орайда кент әкімдігінде «Тұрғындар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық түсіндіру топтарының рөлі» тақырыбында оқыту семинары өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жарқын Тұрмаханұлы төрағалық етті.
Оған облыстан арнайы сала мамандары, ішкі саясат бөлімінің басшысы Самат Смағұлов, «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы, спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев пен аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері қатысты. Алғашқы сөзді облыстық ішкі саясат басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы, АТТ мүшесі Ерсұлтан Есов алып, «Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында хабарлама жасаса, «Радикалдық сана немесе деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі» туралы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» оңалту және психологиялық кеңес беру бөлімінің аға маманы, АТТ мүшесі Қожахмет Кеңесбеков баяндады. Одан кейін «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» интернет және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу бөлімінің маманы, АТТ мүшесі Мұхтар Әбдиев «Әлеуметтік желілердегі экстремизм мен терроризм қауіптілігі» туралы нақты дәлелдермен түсіндірме жүргізді. Хабарламашылардан кейін «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы өзіндік пікір білдіріп, семинар өткізуші сала мамандарына алғысын айтты. Жиынды қорытындылаған Жарқын Тұрмаханұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, қоғам үшін өзекті саланың әрдайым бақылауда болатынын алға тартты.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ