» » «Оңталаптағы» оңтайлы істер

«Оңталаптағы» оңтайлы істер

Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай күре жолының сағасында орналасқан Ақтөбе ауылына сапарымызды арнадық. Ауданның шығыс бетінде, қырық бес шақырым әрі жатқан бұл ауылдың тіршілігін елге айтпаса да мәлім. Шаруасы шираған шаруашылықтар егінге орақ түскеннен қамбаға астығын толтыруда. Соның бірі – «Оңталап» шаруа қожалығы. 1998 жылы ашылған шағын қожалық ауылдың төрінен орын теуіп, 2015 жылдан бастап іріленген құрылымға айналған. Қазіргі таңда тіпті ол өрісін кеңейтіп, қанатын жайған. Оған дәлел жаңадан салынып жатқан ғимараттың құрылысы, су жаңа техникалар. Сердалы Аралбаев төрағалық ететін бұл шаруашылық осылайша өзге қырынан көрінуде.

Біз барғанда мұнда бос жүрген жан баласын көрмедік. Тіпті қажетімізді сұрайтын адамды жолықтырмадық. Бәрі таңның атысы, кештің батысы егіс басында. Тек бас есепшінің кәбинетіне бас сұғып, жөн сұрастық. Оның айтуынша шаруашылықта 70 адам жұмыспен қамтылған.
– Шаруашылық ең бірінші ашылған жылы 50 гектар егістік жермен бөлініп шықты. Кейін 2015 жылы қайта құрылып, жалпы жер көлемі 15941 гектарға, оның ішінде 1306 гектар егістікке жер алып, ұлғайды. Егіс көлемі аз болғандықтан биыл 890 гектар күріш, оның ішінде 751 гектарға «Лидер», 139 гектарға «Янтар» сорты себілді. Ал қалған 61 гектарға жаңа жоңышқа егілсе, 327 гектарына ескі жоңышқа отырғызылды. Нәтиже жаман емес, – дейді Анар Аралбаева.
Қазіргі күні егіс басында 4-5 сушы жұмысын бітіріп, орташа 57-60 центнер үстінде өнімін алуда. Қалған сушылар да жақсы өнімнен үмітті. Сөзімізге дәлел болсын деп дала төсіне жол тарттық. Ирелеңдеген жолмен шаңдатып егіске де жеттік. Иә, айтса айтқандай. Мұндағы қызу тіршілік тынымсыз жүріп жатыр. Гүрілдеген тракторлар тіркемесіне толған сары алтынды қырманға тасуда. Жер сүзгілеген комбайндар дәннің бірін қалдырмай орып жатыр. Анадайда жалғыз өзі күрішті құлатып жүрген иномарка жатканың жылдамдығына тіпті көз ілеспейді. Атыз ішін айналып, тар жерден бұрылуы да ерекше. «Егістің аумағына қарай техникалар жеткілікті жарақталған. 5 – ХТЗ трактор, 5 – К-700, 1 – Магдон жаткасы, 1 – CLAAS пен TORUM750 комбайны жұмыс істеп жатыр» дейді егіс басындағы бригадир мамандар. Алдағы уақытта тағы да техника жаңарту жоспарда бар.
Биыл егінді суару жағынан аздап қиындық туындапты. Себебі ауылда екі шаруашылықтың күріші бар. Одан бөлек, іргелес жатқан Ақжар, Тұрмағамбет ауылы да егініне су алған. Бірақ шаруашылық ол қиындыққа қарамай күрішке барлық жағдайды жасапты. Тыңайтқышты да қажетіне қарай жеткілікті берген. Қазіргі күні қожалық күзгі жауын-шашынға қалмаудың қамын жасап, таңның атқанынан қас қарайғанға дейін еңбектеніп жатыр.
Жоғарыда айтқандай мұндағы жаңа құрылыс күріш сақтайтын қойма мен техникалардың қосалқы бөлшектерін сақтауға арналып салынып жатыр. Одан бөлек, кеңсе ғимараты мен асхананың құрылысы да қолға алынған.
Серіктестік көмек сұрағандарға демеу болудан да кенде емес. Жылда жер үлескерлеріне тегін күріш таратады. Тіпті жұмысшы тарапынан бір жағдай болып қалса, оған азық-түлікпен, техникамен көмек береді. Кешегі карантин уақытында жұмыскеріне үй алып берген. Айта берсек көп.
Міне, бастапқыда 4-5 адамнан құралған «Оңталап» шаруа қожалығының уақыт өте үлкен ұжымға айналғанына осылайша куә болып қайттық. Қайтар уақытымызда ХТЗ тракторы күріш толған тіркемесін сүйретіп таразыға тоқтады. Қызығушылық танытып таразыға жақындай түсіп қарадық. Иә, меже ойдағыдай орындалып жатыр.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
(сурет автордікі)



06 қазан 2020 ж. 732 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031