Билбордта – біліктілер
«Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылды сіңіруші, оларды соқыр сезімдерден, жамандықтан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам» дейді орыс ойшылы А.Луначарский. Расымен әрбір жанның өмірінде ұстаздың орны бөлек. Оң-солымызды танытып, аққараны үйретіп, үлкен өмірге бағыттаушы да осы – ұстаздар қауымы. Үлкен жауапкершілік пен асқан сабырлықты, көреген білімпаздық пен шексіз мейірімді қажет ететін мамандықты екінің бірі таңдай бермесі анық. Жүрек жылуымен қатар, адамгершіліктің ақ туын жықпай шәкірт жүрегіне жол салатын ұстаздар қандай құрметке де лайық. Өзінің саналы ғұмырын білім саласына арнап, өз уақытын өзгенің бақытын аялауға жұмсаған ұстаздардың еңбегі ерен.
Соңғы айлардағы елдегі жағдай да қоғамдағы мұғалімнің орнын ерекше айқындап берді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатушы жандардың мерекесіне орай ауданда бірқатар шара жүзеге асуда. Соның бірі – озат ұстаздардың аты-жөні жазылған билборд.
– Былтыр желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылдануына орай «Ұстаздар мерекесі» қарсаңында жас ұрпаққа саналы білім мен сапалы тәрбие берудегі өнегелі орны бар ұстаздар іріктелді. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының арасынан 38 педагогтың есімі таңдалды. Педагог мәртебесін көтеру мақсатында 28 қыркүйекте аудан орталығындағы Абай көшесіне ұстаз есімі мен суреті бейнеленген билбордтар ілінді. Бұл өз ісіндегі озат ұстазға деген құрметті білдірсе, жастар үшін өнеге әрі мотивация болмақ. Олар да осындай дәрежеге жетіп, ел құрметіне бөлену үшін аянбай еңбектенері сөзсіз, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Әділхан Ерекешов.
Расымен, таңдалған тұлғалар өз ісінің нағыз мамандары. Билборд ілінген күннен-ақ әлеуметтік желіде жарияланған алғыстардың легі көп. Бірі – билборд астына барып суретке түссе, енді бірі – бейнежазба арқылы алғысын білдіруде. Пікірлердің бір тобы ондағы мұғалімдердің лайықты екенін айтып, мақтауын асыруда. Осындай пікірлердің арасында озат ұстаздың мына бір лебізі ерекше көзге түсті.
– Осы билбордты туған жер төсіндегі жаныма жақындар жіберді. Жақсыны, құрметті жек көретін пенде болушы ма еді. Шынын айтсам, туған жерімдегі маған деген үлкен құрмет болар деп түсіндім. 1981 жылы Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінен бастау алған өмір жолым, осы кезге дейін жалғасын тапты. Кейінірек заман талабына сай, өзім өскен қара шаңырақты қайта жаңартып, қазіргі заман талабына барынша сәйкестендіруге тырысып, жолдасым Шакизада екеуміз ойласа келе балабақшаға айналдырдық. Қазір осы ауылдағы қарашаңырағыма айналған, кішкентай аулаға енгенде, алдымнан жүгіріп шыққан балалардың әрбірін бауырларыма, қызметкерлерді ата-анама балағандай күй кешемін. Елге деген сағынышымды басатын, осыбір ауладағы сәбилерім аман болсын. Бөтен елге барсам, сол елдің балабақшасын көрмей кеткім келмейді. Жаңа нәрсе көрсем, төркініме тасығандай сол жаққа алып келгім кеп тұрады. Қазіргі уақытта әркім әртүрлі мақсатта кәсіп ашады. Ал біздің балабақша ашудағы мақсатымыз – ата-анаға құрмет, елге деген сағыныштан туған. Қазіргі аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаевқа, балабақшалардың жауакершілігін арқалап келе жатқан Мария Бегалықызына және барлық аудан ұстазына мереке құтты болсын демекпін. Туған жерімнің әрбір жанына деген құрметім шексіз. Әр күндері бақытқа, қуанышқа бөленсін. Талай биікті бағындыратын қасиет дарыған Қармақшым аман болсын! – дейді «Сардарбек» балабақшасының меңгерушісі Тұрсынкүл Желдербаева.
Бұл туған жерге, сүйікті ісіне деген ұстаздың жүрекжарды лебізі. Расымен, мұндай құрмет ұстаздарды бір серпілтіп тастады.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)