10 күнде қайта бой түзеді
Аптап ыстық. Жұмыс уақыты. Үңгірген тыныштықты қатар-қатар келген смс дыбысы бұзып жіберді. Алма-кезек қалтафонға қарап телміреміз. Бірінен соң бірі келген бейнежазба. Абдырап қалдық.
– Мынау қай жақ?
– Біздегі мектеп қой...
Тыныштық. Иә, сол уақытта әлеуметтік желіде желдей ескен бұл көрініс көбін дүрбелеңге салғаны рас. Бәрінің ойында бір ғана күдік болды. Қашан қайта ретке келеді? Себебі, жаңа оқу жылына тек санаулы күндер қалған еді.
Мұндайда тек оңтайлы шешім мен жұмыла көтерген жүктің қажет екені белгілі. Әрі өз жұмысына адалдық пен жауапкершілік болмас қамалды да алары рас. Содан не керек, одан бері әлгі видеоның қызығы басылды ма, екеуара талқыланбайтын болды. Ал шатыры өртенген мектептің сол уақыттағы жай-күйі қандай еді? Ол тек аудандағы атқамінерлер мен бірлігін жарастырған азаматтарға ғана аян. Қалай деймісіз? Арада өтер-өтпес 10 күннен соң жағымды жаңалық келді. Будақтаған түтіннен түрі кеткен білім ошағы қайта бой түзепті. Иә, небәрі 10 күн ішінде.
– Білім саласындағы біздің арқалаған жүгіміз бір. Ол – елдің баласына білім нәрін сусындату. Жаңа оқу жылына тас түйін дайын отыру үшін мектептерді жөндеп, реттеп едік. Ендігі оқуға қосылу қалып еді. Алайда тілсіз жау айтпай келді. Соның салдарынан №27 мектептің шатыры түгелдей өртеніп кетті. Қабырғаларына да елеулі зиян келтірді. Бұл оқиға барлығымызды әбігерге салғаны рас. Дегенмен ақылға келіп, айта бергеннен ештеңе өнбес деп білек сыбана кірістік. Қалыпқа келтіру үшін құжатын жасасақ, 31 млн теңгеге шығады екен. Оған бюджеттен қаржы бөлінуі керек, тендерге түсуі қажет деген сынды жұмыстары бар. Оған салсақ уақыт қазан айына дейін созылатын болды. Сол үшін жұмысты баяғы ата-бабамыздың жолын қуа Асарлаттық. Жігіттерге айтып, бірігейік деп басымызды қостық. Бұл шешім өте дұрыс шешім болды. Себебі 10 күнге жеткізбей түгелдей қалыпқа келтірдік. Ауызға айтуға оңай, бірақ оның артын- да елдің бірлігі жатыр еді, – деген аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев мектептің қайта жандануына атсалысқан жандарға алғысын айтты.
Асарға білім бөлімінен бастап аудан мектептерінің қызметкерлері ауыр жүкті бірге арқалады. Олардың бірлігі нәтижесіз қалмады. Жаңа оқу жылына қайта бас көтерген ғимарат алыстан-ақ су жаңа болып жарқырап тұр. Ал оның солай жандануында қаншама еңбек, қаншама тер бар еді. Бар жігерін сарп етіп, үздіксіз асарлатқандар да алғыстан тыс қалмады. Иә, тамылжыған тамыздағы С.Есқараев атындағы №27 орта мектептің өрт оқиғасында қажырлы еңбек еткен Батырбек Жұмабайұлы, Нұрым Бақытұлы, Қаршыға Қабиұлы, Мұратбек Балтабекұлы, Батыржан Жолдасбекұлы, Жалғас Әубәкірұлы, Қайрат Мирамбекұлы, Бақытбай Хабдошұлы, Кенжебек Исатайұлы, Мирхан Асылбекұлы, Дәуренбек Орынбекұлына алғаусыз алғыс айтылып, алғыс хаттар табысталды.
Осылай білім ошағы аз уақытта қайта қалыпқа келіп, шәкірт пен ұстаздарды қайта қауыштырды. Оған үлес қосқан барлық жан нағыз құрметке лайықты.
Айнұр ӘЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)