» » Мектептегі мәуелі жұмыс

Мектептегі мәуелі жұмыс

Абай атамыздың 1891 жылы жазған жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен дейді. Не көрсе соған талпынып, жалтыржұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса дауысына ұмтылып, одан ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген екен.
Атамыздың бұлайша баланы екі мінезде сипаттауында үлкен бір мән жатыр. Екі мінезді, қабілеті екі түрлі бала о заманда да, бұл заманда да жоқ емес. Алайда, біз қазақ деген ұрпағын ұлықтаған, ізінен ерген асыл перзенттерімізді төбемізге қойып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, бар білген-түйгенімізді солардың дұрыс өсіп жетілуі үшін арнайтын елміз ғой. Сондықтан да болар «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген балалардың саны дәл қазіргі уақытта артып келеді. Һәкім атамыздың осы «жетінші қара сөзі» үнемі, қай кезде де есімізде жүреді. Содан не керек? Әйтеуір дәл осы сипаттағы балалар қайда екен деген оймен білім ордаларын араладық.
Байқоңыр қаласындағы №272 мектепке тоқтадық. 1961 жылы құрылған мектеп 2015 жылға дейін орыстың философы – К.Циолковский атында болған. 101 мұғалім қызмет ететін білім шаңырағының ұйытқысы, мектеп директоры Мира Оспановамен таныстық. Өте биязы, салмақты апайдың әңгімесі де салмақты басталды. Алдына қойған дәптерін ашып, шәкірттерінің жетістігін жеткізуге асықты. Дәптерге зер салсақ, қалыңдау екен. Бұл дегеніміз – мектебінің жетістігі де аз емес екенін білдіреді.

2019 жылдан бүгінге дейін Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналған мерейлі ісшаралар белең алып, ұйымдастырушылар жарыса жыр жарыстарын өткізуде. Республикамыздың әр аймағынан өнерлі өрендер түрлі байқауға қатысып, балалардың шығармашылығы шыңдалып, мектептердің мәртебесі көтерілді. Ұстаздардың еңбегі еленіп, ата-аналардың үміті ақталған кездер болды. №272 мектептің де оқушылары Абай байқауларына қатысып, жүлделі орындар алғанын мақтанышпен айта аламыз. Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған ІV республикалық «Сөз ұлылығы» атты байқауға поэзия жанры бойынша 10 сынып оқушылары Аружан Ермаханова мен Нұрайым Жасұланова және 7 сынып оқушысы Құдайберген Әбілтаев қатысып, бас жүлдені иемденді. Эссе жанрынан Айда Сматова, Әсел Жақсылықова І орын иегері атанса, Бекзада Аппазова да осы қатарды толтырып, марапатталды. Ауыздарын ашса, жыр шумақтары төгілетін алтын балалардың ұстаздары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері – Саламат Алтыруова және Гүлайым Тұрғанова. «Бақ берсе еселеп береді» демекші арасын суытпай, артынша бастауыш сынып оқушылары да жүлделі орындарымен білім ошағындағыларды тағы бір қуанышқа бөледі. Алматы қаласында ұйымдастырылған «Көркем сурет және поэзия» жанры бойынша байқауда Інжу Ермекова бас жүлдені олжаласа, Жұпар Сералиева поэзиядан алдына жан салмады. Абай атамыздың ізінен ерген шәкірттердің ұстаздары Жанар Мантыбаева мен Алма Жақыпова мұны еңбектің қайтқаны деп біледі.
Ұстаздың еңбегі – шәкірті жетістікке жеткенде еселеп қайтады. 101 мұғалімнің ішінен осынау ұстаздардың топ жарып шығуы – шәкірттерінің алғырлығы мен білім құмарлығында. Сол секілді төгілген тер мен нақты қойылған мақсаттың арқасы.
– Бүгінгі есеппен айтқанда, 35 аудандық, 11 облыстық, 16 республикалық жүлдеміз бар. 13 мұғалім – жоғарғы санатты педагог-зерттеуші, 27 мұғалім педагог-сарапшы, 23 мұғалім – педагог-модератор санатымен еңбек етуде. Оқу жылы сәтті аяқталып, озат оқушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. 21 оқушы 11 сыныпты аяқтап, мектебімізден 4 алтын белгі шықты. Оның 4-еуі де білім грантына түсті. 9 сыныптан 5 оқушымыз «Үздік аттестат» алды. Мұның барлығы әріптестерімнің балалармен жасаған берекелі байланысының жемісі. Отбасымен тұрақты түрде жылы қарым-қатынас жасап тұруды өзім бақылауда ұстаймын. Елімізде орын алған карантин тәртібіне сәйкес, жаңа оқу жылында қашықтан оқыту форматымен жұмыс істеуге кірістік. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 20 планшет табысталды. Сонымен қатар 28 оқушыға «мұғалім-оқушы» тарифін дайындадық. Демеушілік жасап отырған мектептің сынып жетекшілері. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айжан Әбдіхалықова да өз сыныбындағы бірқатар оқушыға демеушілік етіп, смартфон алып берді. Осындай жомарт жандардың өз мектебімізден шығып жатқаны көңіл қуантады. Ұжымдағы ахуалды дұрыс қалыптастырып, мұғалімдердің жағдайын жасағанымыздың нәтижесінде еңбегіміз еленіп жатыр. 2019-2020 оқу жылында облыс бойынша 300 мектеп ішінен 7 мектепке «Үздік әлеуметтік әріптес» сертификаты табысталды. Сол үздік жетіліктің бірі – біздің №272 мектеп, – дейді мектеп директоры.
                      «Ақырын жүріп, анық бас,
                       Еңбегің кетпес далаға.
                       Ұстаздық еткен жалықпас,
                Үйретуден балаға...» деген Абай атамыздың өлең шумақтары қандай керемет, иә? «Мен жасап жатырмын, көріңдер, қараңдар!» деп айналаға ештеңені дәлелдемей-ақ, ақырын жүрсе де жұмыстары нәтиже беруде. Еңбегі далаға кетпеді деген осы шығар.
Гүлжан ӘЛІМБАЕВА
Байқоңыр қаласы
02 қыркүйек 2020 ж. 726 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930