Абай жаққан шырақтар
«Қамын ойлап тек елдің,
Қумаған ізін беделдің.
Шыңғыс тауда туылып,
Шыңына шыққан өлеңнің.
Білімге тоймай ізденген,
Ізгілер салған ізге ерген.
Абайды оқиық алдымен,
Ақыл іздемей біз жерден».
Бұл шумақтардың авторы Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің оқушысы Бекқанат Смайылұлы. Мектеп қабырғасында жүрген ол әрдайым аудан, облыс көлемінде өтетін сайыстарға қатысып келеді. «Өлең шығару – ең әуелi қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс» деп қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұқағали ақын айтқан. Ал бүгінгі кейіпкердің бірі – Бекқанат дәл осы ақындық жолды таңдаған талантты жас. Оның бойындағы талантты ұстазы әрі сынып жетекшісі 5 сыныпта байқаған. Сол жылы бастауышты аяқтап, жоғары сыныпқа көшкен оқушыларды қабылдап алған Сәуле Көзбергенова апайы әр оқушыға анкета жаздыртады. Әркімнің өз ойын еркін жазуды сұраған ұстазына Бекқанат бір парақ қағазын ұсынады. Ол параққа оқушы берілген тақырыпқа ойын ашық жазып, соңын төрт қатар өлеңмен түйіндеген. Оқушының бұл өнерін байқаған ұстаз оның бойындағы дарынын дамытып, ақындық жолға баулуды мақсат етеді. Сол уақыттан бастап оның түрлі сайыс, шараларға қатыстыру арқылы қаламының ұшталуына септігін тигізеді. Бүгінде еңбегінің жемісін көріп жүрген ұстаздың шәкірті жақында өткен облыстық онлайн Абай оқуларында І орынды жеңіп алған.
– Шәкіртім өз ортасында әрдайым кішіпейілдігі мен қарапайымдылығы арқасында танылады. «Кішіпейілділік – кісілік белгісі» демекші, алдағы уақытта да осы жолдан таймаса. Болашақта тек биік белестерді бағындырып, ата-анасы мен мектебінің мақтанышы болсын деп тілеймін, – дейді ұстазы.
Айтпақшы, жас ақын Семейде өтетін республикалық «Абай оқуларына» қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Үкілеп қосқан үміттеріне ұстазы мен мектеп ұжымы да сәттілік тілеп, білімін шыңдауда.
Бұл мектепте Ұлы ақынның шығармашылығын сүйіп оқитын шәкірттер аз емес. Мәселен, 10 сынып оқушысы Раушан Әділбекова Абай Құнанбайұлының 100 өлеңін, 10 қара сөзі мен 1 поэмасын жатқа айтады. Ең алғаш аудандық сайысқа барғанда Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жаттап, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алған. Содан бастап жыл сайын жаттаған өлеңдер саны артып келеді. Бүгінде еңбегінің жемісін көрген оқушысы облыстық жарыстан «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты бөлімінде ІІІ орынды иеленді. Ұстазы Роза Жақсылыққызы Раушанмен бірге Дильназ Талғатқызын да түрлі жарысқа қатыстыруда. Дильназ биыл облыстық жарыста «Абайдың қара сөздері» бөлімінде ІІІ орынға лайықты деп танылды.
– Мен оларға 5 сыныптан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Осы уақыттан бастап олар дәстүрлі Абай оқуларының қатысушылары. «Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» демекші, шәкірт бойындағы қабілетті байқап, оны дамыту, бағыт-бағдар беру – ол біздің міндетіміз. Екеуі де алдына мақсат қоя білетін, соған жету үшін тынбай еңбектенетін қыздар. Оларға мұндай тәрбие берген ата-аналарына алғысым шексіз. Дарынды шәкірттеріміз әрдайым биіктен көрінсін, – деп тілейді талантты қыздардың ұстазы Роза Жақсылыққызы.
Иә, сөздің сыры мен құнын білетін жастар бізге қай кезде де қажет. Ұлы Абайдың шығармашылығын сүйетін, еңбектерін жатқа білетін шәкірттердің бары қуантады. Бастысы, көргені көп Абайдың берері көп шығармашылығындағы әр сөздің мәнін түсінетін тұлға болып өссе дейміз.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ