» » Күніне – 400 кесек

Күніне – 400 кесек

«Пеш кесек қайда сатылады?» Қыстың қамын жаз ойлағандар ватцап желісіндегі «OLX Жосалы» группасында сұрақтарын ортаға тастап шулап жатыр. Жаздың соңғы айында жұрттың салқын түспей үйіндегі пешінің жағдайын жасайтын әдеті емес пе? Талқыға түскен сауалға бізден жауап ретінде көмек болсын деген ниетте кенттегі кесек құятын жандардың бірін газетке шығаруды жөн көрдік. Ел-жұрттан сұрастырып, темір жолдың арғы бетіндегі бір қуыс көшеге түсіп соңғы үйге тірелдік. Қақпаның астынан тұмсығын шығара арсылдаған иттер зәремізді алып, жақындатар емес. Жобалаған әдрістегі үйден орта бойлы жас жігіт қолына шелегін ұстап шығып, арықтағы суға бір батырды. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші бұл біз іздеген – Нұрсұлтан Ергашов.
Басына панама қалпағын қайырып киген Нұрекеңнің кесек құйып жатқан жерінен бізде дөп түсіппіз. Шағын қораның төріне қаз-қатар құйылған қырлы кесектері күннің көзіне кеуіп те қалыпты. Бір жарығы жоқ қой шіркіннің. Не деген шеберлік дерсіз. Әңгімеден гөрі іске бейім кәсіп иесі, әдепкіде біздің тосыннан келгенімізге тосырқай қарап, сыр ашуға қымсынды. Ердің тілін еркек түсінеді демей ме? Жас жігіттің кесек құюдағы шеберлігін білмекке біз де сауалымызды әріден тастадық. «Өнімнің жақсы шығуы сазға байланысты» деді ол еркін ашылып.
– Саздың да сазы болады. Кез келген топырақтан кесек шықпайды. Ол бір құйғаннан жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан шикізатқа тапсырыс берерде қандай түрі керегін айтып жіберемін. Мысалы жұмбаз құятын болсам көк саз алдырамын, ал пештің кесегіне құм араласқан саз жарайды, – дейді жас шебер.
Нұрсұлтанның бұл іс пен айналысып жүргеніне тоғыз жылдан асыпты. Сонау мектеп қабырғасында сегізінші сыныпта оқып жүргенде қолға алған. Кесек құюдан бөлек мекемеде қызмет те атқарыпты. «Бірақ жаныма жақын әрі тынышы осы кәсібім» дейді әңгімесінде.
Бүгінде оның қорасында кесектің екі түрі жинаулы тұр. Қам кесек керек пе, таңдап аласыз. Пеш кесек ол өз алдына бөлек әңгіме. Қолынан шыққан өнімінде мін жоқ. Көрсеңіз зауыттан шыққан қыштан кем емес дерсіз. Кейде кесек кеппей жатып-ақ өтіп кетеді екен. Ауыл аймақтан келіп тапсырыс беруші де көп.
– Күніне төрт жүздей кесек шығарамын. Сазды кешке бөктіріп қойғаннан ертесіне таңғы салқынмен бастаймын. Иін қандырып, суды бойынан сорықтырып аламын. Міне сол кезде құйған еңбегің зая кетпейді, – дейді кейіпкеріміз.
Нұрсұлтан Болатбекұлының өнімі нарықтағы бағадан қолжетімді сатылуда. Алам деушілерге пеш кесектің сапалы құйылғаны қорасында сақтаулы тұр. Қазір ауданға газ жүйесі кіргізілгенмен қарапайым ошақ пештің әлі де керек болары сөзсіз. Суық күнде жаурағанда жылы пешке арқаңды қойып жылынғанға не жетсін.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
08 тамыз 2020 ж. 1 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930