» » Ерінбеген ешкі өсіреді

Ерінбеген ешкі өсіреді

Ауыл шаруашылығы – қай уақытта да орны бөлек саланың бірі. Төрт-түлікпен біте қайнасып өмір сүрген қазақ халқы үшін де бұл таңсық дүние емес. Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бағдарламалардың үлесі зор. Қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алып, өзіңіз қалаған істі қолға алсаңыз болады. Бұл мақала мемлекет берген мүмкіндікті құр жібермей, ешкі өсіруді қолға алған ақтөбелік Феруза Әбжаппарова туралы болмақ.
Феруза негізінен Ақжар ауылының тумасы. Тәрбиеші білімі бар ол бүгінде Ақтөбе ауылының келіні, аяулы жар, ардақты ана және жас кәсіпкер. Мамандығы бойынша жұмыс көзі болмағандықтан, үйде құр отырмай кәсіппен айналысуға бел буады. Кәсіпкерлік палатасы арқылы 2018 жылы «Бастау бизнес», 2019 жылы «Жас кәсіпкер» курсын оқып, сертификат алып, кәсіпкерлік негізін түйсінеді. Бизнес-жоспар жасап, мақсатына қарай қадам басады. Осылайша өткен жылы 505 мың теңге көлеміндегі грант иегері атанды. Бар қаржыға ешкі сатып алып, қазір оны күтіп-баптауда.
Ешкіні қазақ халқы төрт-түлік санатына қоспаса да, Шекшек ата деп қадір тұтқан. Оның сүтінің түрлі дертке дауа, етінің емдік қасиеті мен түбітінің пайдалы екенін халқымыз ертеден білген. Отар-отар қойы бардың бірлі-жарым болса да ешкісі болған. «Серкесіз қой отары болмайды» деген мақал да бұған айқын дәлел. Кейіпкерімізден таңдауы неге осы түлік түріне түскенін сұрағанымызда, біріншіден тез көбейетінін алға тартты. Сондай-ақ көпшілік біле бермейтін өзге қасиеттері туралы да әңгімелеп берді.
– Өзге түлік түріне қарағанда ешкіге көп күтім қажет емес. Ол жаздың аптап ыстығына сөзімді. Қой секілді қотыр болып, көп құрттамайды. Қай жағынан да өте таза жануар. Жайылғанда да шөпті отап жемей, шөкімдеп жүріп жайылады. Тек олардың қыстық қорасы жылы болуы керек. Себебі шекшек ата тұқымы суықты бірден сезеді. Табанынан суық өтсе, екінші мәрте ол жерге жоламайды. Сондай-ақ ешкі өте өсімтал. Грант ұтып алғанымда 20 бас ешкі сатып алғанмын. Биыл олардың 16-сы төлдеп, қорамыз толып қалды, – дейді жас кәсіпкер.
Осы орайда ешкі сүтінің қасиетіне тоқтала кетсек. Ол жоғары азықтық және биологиялық құнды табиғи өнім түрі. Ешкі сүтінің құрамында бетаказин көп. Сол себепті ана сүтіне жақын. Белгілі себеппен «ана сүтінен ажыраған баланы ешкінің сүтімен өсіргенбіз» дегенді жиі естиміз. Бұл сүттің құнары мен дәруменге бай екенін аңғартады. Бүгінгі балалардың сүйікті асы иогурт та алғаш рет ешкі сүтінен жасалған екен. Иогурт демекші, ешкі сүтінен жасалған айран сиыр сүтінен дайындалған айранға қарағанда өте жеңіл, әрі ағзаға тез сіңеді. Құрамында ақуыз болмағандықтан, аллергиялық реакция тудырмайды. Аллергиясы бар балаларға да ешкінің сүті таптырмас ем. Оны асқазан ауруларына, анемияға, көздің нашар көруіне, диатезде емдік сусын ретінде қолдануға болады. Ол үшін ешкі сүтін жүйелі түрде қолданған абзал. Күнделікті ас ішерден жарты сағат бұрын бір кесе шикі ешкі сүтін ішкен адам түрлі жұқпалы ауруға бой алдырмайды. Бұл пайдалы ақпаратпен қаныға келе, әжеміздің кішкене күнімізде ешкінің шикі сүтін ішкізуінің сырын енді ұққандаймын. Ауруға шипа, сауға қуат беретін ешкі сүтінің қасиеті осында екен.
– Кәсіппен айналысуыма ешкім қарсылық білдірмеді. Жолдасым «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді. Қолы босаған уақытта көмегін аяған емес. Өзімді жұмыспен қамту мақсатында кәсіп бастаған едім. Кәсіптің көпке көмегін тигізетінін ұқтым. Қатарластарыма ерінбей еңбектенген жанға еш кедергі жоқ екенін айтқым келеді. Кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарламалар барда, берілген мүмкідікті пайдаланған жөн. Біздің ендігі мақсат – ешкі санын көбейтіп, өзге де түлік түрлерін қосып, мал басын көбейту, – дейді Феруза Әбжаппарова.
Иә, ниеті бар жанға қай кезде де жұмыс табылады. Тек бойдағы жалқаулықты жеңіп, өзіңе сенім артсаң. Мал баққанға, кәсіп көзін тапқанға бітеді. Мұны сіз де жасай аласыз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

21 шілде 2020 ж. 1 388 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031