» » Қашықтан оқыту: терең білім бере алады ма?

Қашықтан оқыту: терең білім бере алады ма?

Әлемде соңғы айларда біршама үлкен өзгерістер орын алып, ғалам болып дүр сілкінді. Елдегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жаңалық. Ал, ең үлкен өзгеріс – алғаш рет мектептің қашықтан оқытуға көшуі. Көкейге көп сауал ұялатқан үрдіске, бүгінде көптің көзі де, өзі де үйренді.


Білім беру – ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс. Сондықтан да бұл тоқтатуға келмейтін, үлкен жүк артылар, қашанда маңызын жоймайтын сала екені мәлім. Ал қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түсетіні анық.Бұл ретте, ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Сондықтан, олар оқушылардың оқу бағдарламасын толық игеріп, сапалы білім алуына бар күш-жігерін жұмсауда. Мектеп қауымдастығы қашықтан оқыту үрдісін ұйымдастыруда үлкен жұмыс атқаруда. Оқушылардың онлайн платформаларды қолдану деңгейін көтеру мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізілді.

Аудандағы қашықтан оқытудың жай-жапсарын анықтауға білім бөлімімен байланыстық. Төтенше жағдай орнап, қашықтан оқыту жүйесінің енгізілуіне орай аудандық білім бөлімінен «Саll орталық» ашылыпты. Оның жетекшісі болып аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі, білікті ұстаз Шырын Наукебаева бекітілген.


– Қашықтан оқыту басталғалы бері ата-ана, оқушы, мұғалім тарапынан ешқандай кедергі келген жоқ. Арыз-шағым да айтылған жоқ. Біздің ауданда қашықтан оқыту өз деңгейінде өтіп жатыр деп айта аламын. Оған әрбір мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары жауапты етіп бекітілген. Ал мектепте қашықтан оқытудың жүргізілуі, жауапкершілігі толықтай мектеп басшысына міндеттелген. Сабақ басталмас бұрын әлеуметтік жағдайына байланысты 517 отбасынан 962 оқушыға компьютерлік электронды құралы болмағандықтан мектеп базасынан компьютер, ноутбук, планшеттер берілді. Бұл олардың қажетті білімді талапқа сай, уақытында алуына мүмкіндік берді, – дейді арнайы құрылған «Саll орталықтың» жетекшісі Шырын Наукебаева.

Аудан бойынша 29 мектеп бар. Оның біреуі негізгі мектеп, қалған 28-і жалпы орта білім береді. Аудан көлемінде 14696 оқушы бар. Оларды аудан көлемінде 2029 мұғалім біліммен сусындатуда. 6 сәуірден бастап елдегі жағдайға орай аудандағы барлық мектеп қашықтан оқуға көшірілді. №185, №186, №111, №79 орта мектептер ауылда интернет байланысы болмағандықтан, бірыңғай «Балапан» телеарнасы арқылы сабақ өтеді. Ал кері байланыс, Whatsapp мессенджері, еріктілер тобы, үй телефоны арқылы жүргізіледі. Ал қалған мектептер қашықтан оқытуды kundelik.kz, BilimLand платформалары және Whatsapp мессенджері арқылы жүргізіп, кері байланыс аталған платформалар арқылы іске асуда.


– Қазіргі таңда IV тоқсан аяқталу үстінде. 8-11 мамыр аралығында оқушылардан бөлім бойынша жиынтық бағалау алынды.18-22 мамыр аралығында тоқсандық жиынтық бағалары алынуда. Қашықтан оқытуға байланысты 9 сыныпта мемлекеттік емтихан жүргізілмейді. Олардың барлығы ІІІ тоқсан бойына алған бағасымен бағаланады. Мектеп тарапынан «Алтын белгіге» ұсынылған оқушылар да 3 тоқсанның бағасы бойынша қорытындыланады, – дейді орталық жетекшісі.

Қашықтан оқыту жаңа қадам болғанымен, ақпараттық технологияны жете түсінетін бүгінгі қоғам үшін онша қиындық тудырмауда. Сапалы білім беруді көздейтін ұстаз қауымы оқытудың ең тиімді әдістерін қолданып, оқушылар сабақты мұқият тыңдап, тапсырманы бар ынталарымен орындауға тырысып жатыр. Сондай-ақ, бұл оқыту түрі оқушының көбірек өзіндік жұмыс жасауына мүмкіндік беріп, компьютерлік сауаттылығын жетілдіруге үлес қосуда. Бұл ретте ата-ананың көмегі ауадай қажет екені баршаға мәлім.

– Перзентіміздің үздіксіз білім алуына қолдан келгенше мұғалімге көмек көрсетеміз. Алайда, 40 минут мұғалімінің жанында шәкірттің тапсырманы түсініп орындағанына не жетсін? Оқушылар мектептегі қызықты сәттерін, сыныптасымен өткізер тәтті кездерін сағынуда, – дейді ата-налар мұғалімге деген құрметпен.

Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында болғандықтан, ең бастысы білімді, дарынды ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты құндылығымызға айналды. Демек, олар ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы қажет. Бұл жолда ұстаз қауымы өздеріне артылған сенім үдесінен шығатынына сенім мол.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
23 мамыр 2020 ж. 973 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031