» » » Ақыл мен парасат сынға түсетін шақ

Ақыл мен парасат сынға түсетін шақ


Дастан НӘЗІКБАЕВ, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы:

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің иесі. Олардың білімді, жан-жақты, жаңашыл болуы үшін ұстаздар аянбай тер төгуде. Қазіргі жаһандану заманында қай білімді игеруге де мүмкіндік мол. Бастысы – құлшыныс болса болғаны. Елде төтеннен енген індеттің тез таралуына байланысты мектеп оқушылары көктемгі демалысқа ерте шықты. Білім алу процесін тоқтатпау мақсатында олар ІV тоқсанды қашықтықтан оқитын болды. Аудан мектептері мұндай жүйеге дайын ба? Осы мәселе төңірегінде аудандық білім бөлімі басшысының қызметін уақытша атқарушы Дастан Нәзікбаевтан қазіргі тәртіпке сай онлайн түрде сұқбат алдық.

– Дастан Мырзабекұлы, елімізде жарияланған төтенше жағдайдың білім саласына тигізген әсері қандай?
– Тікелей әсері көп. Оны бүкіл халық біліп отыр. Қазіргі таңда 107 мемлекетте және сол мемлекеттегі мектепте оқитын 861 миллион бала коронавирус індетіне байланысты қашықтан оқуға мәжбүр. Себебі –біреу. Індеттен адам өмірін сақтап қалу. Ал, адам өмірі бәрінен қымбат екенін білесіздер. Бізге осы мақсатта жұмыла жұмыс істеуге тура келеді.
– 6 сәуірде басталатын қашықтан оқытуға қатысты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Биыл ІV тоқсан 6 сәуірден бастап қашықтан оқытылады деп жоспарлануда. Ол айтарлықтай оңай емес. Қашықтан білім беруге қатысты ҚР БҒМ 2020 жылғы 1 сәуірдегі №123 бұйрығы шықты. Осы бұйрыққа байланысты шыққан әдістеменің жалпы ережесін басшылыққа алып жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Мектеп директорлары, информатиктер, программистер, қашықтан оқытуға жауапты қызметкерлермен семинар ұйымдастырылып, түсіндірме жүргізілді. Төмендегі бағдарламалар бойынша жұмыс істеу үшін мұғалімдерге бейне нұсқаулар жіберіліп жатыр. «ZOOM», «CLASSROOM», «Bilim Land»,«Күнделік KZ» платформасымен жұмыс істеуде. YouTube каналынан сайт ашып, WhatsApp арқылы мұғалімдер, оқушылар бір-бірімен хабарласып, жұмыс жүргізуде. Техникалық құрал-жабдықтары жоқ отбасылар мектеп тарапынан сабақ уақыты аяқталғанша компьютер, ноутбук, планшеттермен қамтамасыз етілуде. ҚР БҒМ-нің тапсырмасына сәйкес елімізде 1 сәуір күні онлайн түрде сынамалық сабақтар өтті. Оған барлық оқушы қатысып, кері байланысқа шығу жолын үйренді. Қашықтан оқытуда ата-ананың рөлі зор болмақ. Өйткені, баласын қадағалайтын тікелей өздері. Сондықтан онлайн сабаққа уақытылы қатыстыру, сабаққа дайындығын қадағалау, ұстазбен кері байланысқа шығуды жүзеге асыру міндетін орындауын бақылауы тиіс. Осы мақсатты түсіндіру үшін 2 сәуірде онлайн әдісімен жалпы ата-аналар жиналысы өтіп, түсініктеме берілді.
– Аудан мектептері онлайн оқытуға қаншалықты дайын? Интернет желісі нашар ауылдардың білім алуы қалай болмақ?
– Онлайн сабақ өтуде мәселе жоқ емес, бар. Бұл жерде ең бастысы интернет қуатының төмендігі. Оны әрбір оқушының үйіне жеткізу мәселесі де бар. Оқушыларды қажетті құралдармен қамтамасыз ету. Оны игере білу. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. «Қазақтелеком» ұжымына интернет қуаттылығын күшейту жөнінде ұсыныс берілді. Мектептегі техникалық құралдарды әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына беру мәселесін шештік. Әрбір оқушымен байланысқа түсу жолын талдап, таразылаудамыз. Бастысы – әрбір оқушының сабақтан тыс қалып қоймауын жүзеге асыру. Интернет байланысы нашар, онлайн сабақ өтуге мүмкіндігі жоқ, ауданнан шалғай орналасқан №185, №186, №111,№79 мектептер. Біз оларға сақтық шараларын негізге алып, мектепте бұрынғыдай 3 ауысымға бөліп оқытуға шешім қабылдадық. Егер ауданда аурулар саны көбейген немесе қауіпті жағдай сақталған болса бұл мектептегі оқушылар да үйден оқиды.
Бұдан бөлек, қазақ тілінде «Балапан» телеарнасынан және орыс тілінде «Ел арна» телеарнасынан аптасына 5 күн бойы әр сабақты 10 минуттан 1-11 сынып аралығында арнайы трансляция жүргізілетін болады. Тағы бір ескеретін мәселе, білім және ғылым министрінің төтенше жағдайға байланысты арнайы бекітіп берген әр сынып бойынша негізгі пәндерді оқушыларға оқытатын боламыз.
– Қашықтықтан оқыту жүйесінде ұстазға артылар жауапкершілік мол. Осы орайда мұғалімдерге көп салмақ түсіп кетпеді ме?
– Әлемді айналған індет кімге болса да оңай емес. Қашықтықтан оқыту жүйесі орта білім беру ұйымдарында алғаш рет жүргізілетін соң қиындық тудыруы мүмкін. Бірақ, ұстаздар бұл қиындықты жеңіп шығатынына күмәнім жоқ. Қазіргі заман технологияның қарыштаған уақыты. Ұстаздар бұрыннан да интернетпен кең көлемде жұмыс істеуде. Сабақтарында ақпараттық коммуникативтік технологияны қолданып жүр. Мысалы, «Kundelik.kz», «Bilim Land», «Smk.edu.kz» платформасымен жұмыс істейді. Бізден ата-аналарға бір ғана өтініш бар. Осы қиын кезеңде туындаған мәселе бойынша дау көтермеуін сұраймыз. Болмашы кемшілікті іліп алып, «жерден жеті қоян тапқандай» мәселе етпесек. Қиындықтың шығу жолы бұл емес, қайта ортақ іске үлес қоса білумен шешіледі. Бұл уақыт – түсінген адамға ақыл мен парасат сынға түсетін шақ. Барлық туындаған мәселені жергілікті мектеп ұжымдары шешеді. Олар сол үшін тынбай ізденіп, уақытпен санаспай ізденіс үстінде. Ұстаз еңбегін бағалайық, болашағымызға бірге үлес қосайық. Сонда ғана бәрі дұрыс болады.
– Қазіргі ахуалға байланысты Ұлттық Бірыңғай тестілеу жүйесінде қандай өзгеріс бар?
– Бұл үлкен мәселе. ҰБТ – бітіруші түлектердің қол созған арманына жеткізетін үлкен сынақ. Мұны ұстаздар еш уақытта ойынан шығармауы керек. Шәкіртін сол мақсатқа жетелеген мұғалім ғана мен үшін шынайы ұстаз. Бұған мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда Республикалық Ұлттық тестілеу орталығы бітірушілер үшін тегін онлайн тестілеу өткізіп жатыр. Бұл да үлкен мүмкіндік, оқушыға жасалған жеңілдік. Биылғы ҰБТ-дағы өзгешелік педагогикалық мамандық таңдағандар үшін шекті балл көтеріліп 70 баллды құрайды. Тиым салынған заттар табылған жағдайда үміткерлер тестке жіберілмейді. Бұл деген сөз – барлық еңбек далаға кеткенмен бірдей. Бұған жол беруге болмайды. Ал ҰБТ уақыты қосымша хабарланатын болады.
– Онлайн оқыту жүйесі бойынша ұстаздардың айлық жалақысы, сағат мөлшері толық сақтала ма?
– Қандай жағдай болғанда да ұстаздар айлық жалақыларын түгел алады. Бұл мәселеге алаңдауға негіз жоқ.
– Білім саласының басшысы болуыңызбен қатар өнегелі әкесіз. Үйде балаларыңыздың сабағын қалай қадағалайсыз?
– Екі балам мектепте оқиды. Зайыбым – Жанат Зейнуллақызы да ұстаз. Биология пәнінің мұғалімі. Олар да қашықтықтан оқыту бойынша
жұмыс істеуде. Үйдегі интернет жүйесі «ZOOM» бағдарламасына енгізілген. Жұмыстарын сырттай бақылап қоямын. Әзірге жаман емес. Байқау сынақтары сәтті өтті. Ата-аналар жиналысы болды. Болатын елдің баласы бірін-бірі «батырым» дейді ғой. «Әуп» деген атанға күш деген. Бірлік бар жерде іс оңға басады. Мен барлық азаматтарды осыған шақырамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

04 сәуір 2020 ж. 2 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031