» » Қарапайым қалып һәм қазыналы жол

Қарапайым қалып һәм қазыналы жол

Ұмытпасам 7 сыныпта оқып жүрген кез. Сағат 14.00-де басталатын сабаққа бір сағат бұрын барамыз. Ондағымыз құрбылармен кездесіп, сол күні өтетін пәндерге дайындықты пысықтау. Әр сыныптың топ-топ болып жиналған қыз-жігіттері мектеп қабырғасын көлеңкелеген. У да шу, емен-жарқын әңгіме қызып жатыр. Сөзді ортадан жөнсіз бөлген досым бүгін біздің сыныпқа аудан орталығынан бір оқушы келетінін айтып, үлкен жаңалық қылды. Бәріміз аң-таңбыз. Әдетте қатарға жаңа қосылған баланы бастан аяқ көзбен шолып, кейін үлгерімін үздіксіз бақылайтын әдетіміз емес пе? Қане-қане деп көптің арасынан қара торы, көзілдірік киген ер балаға «дым көрмегендей» аңтарылып қарадық. Сыныптағы жүгірмектің тең жартысы «сен тұр, мен атайын» дейтін бұзықтар. Бұл да солардың қатарынан болмаса екен дегенім сол еді пысықтау біреуі:
– Ауылға жаңа бастық келгенін білмеймісіңдер? Соның баласы ғой. Тәптіпті болар, – деп тарс еткізді.
– Еее, бастықтың баласы болса ерке шығар, – деді тағы біреуі қутыңдап.
Не керек, әне-міне дегенше қоңырау соғылып, мектеп бөлмесіне ентелей ендік. Сынып жетекшіміз жаңа оқушыны Нұрсұлтан Жолмаханов деп таныстырды.
– Ауылдағы шаруашылық «Алтын дән ПВА» ЖШС-не тағайындалған төраға Сабытбек Жолмахановтың ұлы. Анасы Роза Бағланбайқызы – ұстаз. Алдағы уақытта сендерге тарих пәнінен дәріс беретін болады. Нұрсұлтанның әпкесі де осы мектепте оқиды. Жаңа оқушыны жатсынбай, бауырларыңа басыңдар, – деп таныстырды да Нұрсұлтанға бұрылып: «Біздің қыз-жігіттер сондай мейірімді. Өзіңді еркін ұста, әлі-ақ үйреніп кетесің. Барлығымен дос болуға тырыс» деп бірінші қатардың екінші партасына жайғастырды. Нұрсұлтанның дөңгелек пішінді көзәйнегі өзіне жарасымды-ақ. Білімді, тәртіпті оқушыға ұқсайды. Лицейде оқыпты. Үлгерімі ә дегеннен жаман еместігі аңғарылды. Қарапайымдылығы басым. Қатарға тез қосылып, бұрыннан біліс-таныстай өзін еркін ұстады. Тәрбиелі отбасының шыққанын үнемі байқататын. Алайда мен Нұрсұлтаннан гөрі 1 жас үлкен, 1 сынып жоғары оқыған әпкесі Ақтотымен көбірек араластым. Ол – ашық-жарқын, бауырмал, көпшіл, белсенді. Мектепішілік қоғамдық жұмыстарда жиі жолығысып, жақын құрбыға айналдық. Басшылығы бар, кеңдігі бір төбе Сабытбек ағайдың үйінен қонақ арылмайтын. Ал аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Ақтоты біз секілді қатар-құрбы 4-5 қызды өзімен бірге үйіне күнде демейін, күнара ерітіп барады. Біз де соған дәнігіп алғанбыз. Ақтотының үйіне барамыз десек, ата-анамыз да қарсылық білдірмейді. Қонақтың сарқытын ішіп, тәттінің сан түрін тойып жейміз. Роза шешеміздің кеңдігінде кемшілік жоқ. Бүкіл үйін біреу көшіріп әкетсе де аспайды, саспайды. Әдетте ауылдың қарадомалақтары бастықтың үйіне кіру бұлай тұрсын, көшесімен жүруге жүрексінеді. Ал мен айтып отырған мерейлі отбасының отағасы мен отанасы кең жүректі жандар болмаса қызының, ұлының сыныптастары мен достары жиі барып, асын ішіп, төрінде аунап жатпас еді. Мүмкін оларды абыройлы дәрежеге жеткізген осы қасиеттері болар.
Қармақшының бас агрономы, ауылшаруашылығы саласының ардагері, аудан экономикасының ілгерілеуі үшін білек сыбанып, бел буып салада біраз жыл қызмет еткен майталман маман Сабытбек Тайжанұлы мен оның мерейлі отбасы туралы жазу барысында бала шақтағы бұл естеліктер еріксіз еске түсті.
Cабытбек Тайжанұлы талай жайсаң жандар түлеп ұшқан Жаңақала, қазіргі Көмекбаев ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң еңбек жолын ауылда қатардағы жұмысшылықтан бастаған. Отан алдындағы әскери парызын өтеп келген жылы жүрек қалауымен Алматы қаласындағы «Қызыл Ту» орденді ауылшаруашылығы институтының «ғалым-агроном» факультетіне оқуға түседі. Дипломды жасты ауылдағы шаруашылық басшысы Қаратай Қуаңбаев бірден бас агроном қызметіне тағайындайды.
«Қызылдың Қаратайы» есімімен елге танылған тұлғадан тәлім алған ол туған ауылында еңбек етіп жүргенде облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшылығының шақыртуымен аталмыш мекемеге жетекші маман ретінде қызметке орналасады.
Жас болса да алдына қойған мақсатқа жетуде аянбай еңбек етіп, басшылық тарапынан қолдау табады.
Яғни, 1986-1990 жылдары Жосалы кеңшарында бас агроном қызметін, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, сол елді мекенде егін, мал шаруашылығын ұйымдастыруда белсенділік көрсетіп, аудан әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің инспекторы және аудандық экономика жөніндегі комитеттің төрағасы қызметіне тағайындалады.
Осылайша білікті маман аудан әкімдігі сеніп тапсырған міндеттерді жауапкершілікпен орындап, қажырлы еңбегімен ел алдында жүрді. Тіпті, оған сала мамандары бір ауыздан агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағының, аудандық жер ресурстарын басқару комитетінің төрағалығын сеніп тапсырған.
Сабытбек Тайжанұлы Ақтөбе ауылындағы «Алтын дән ПВА» шаруашылығын басқарған жылдары ауылдың ауданда егін шаруашылығы бойынша алдыңғы қатардан орын алуына еңбек сіңірді. Ал, өзі өсіп-өркендеген Көмекбаев ауылының әкімі қызметін атқарған жылдарда туған ауылының құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шараның жоғары дәрежеде өтуіне қосқан үлесін ауыл тұрғындары әлі күнге мақтанышпен айтады. Иіркөл ауылында әкім болған аз уақытта да абырой беделінен көрінді.
С.Жолмаханов аудан әкімінің осы сала бойынша кеңесшісі қызметін атқарған тұста, 2017 жылдан бері аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарған кезде бар тәжірибесін күріш өндіруді дамытуға арнады. Тіпті бірнеше жыл қатарынан аудан диқандары аймағымызда үздіктер қатарынан орын алды. Көптеген еңбек адамы мемлекеттік наградаларға, Мемлекет басшысының, министрліктің, облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамотас мен алғысына ие болды. Қармақшылықтардың еңбек етудегі ерен үлгісін аймақтағы әріптестеріне насихаттап, бір-бірімен тәжірибе алмасуда игі жұмыстар жүргізді. Өзі де еңбегіне қарай құрмет төрінен көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталса, ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегінің жемісі ретінде «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. Облыс, аудан әкімдерінің мақтау қағазымен құрметтелді.
Сабытбек Тайжанұлы 38 жылдан бері өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөлісіп келе жатқан зайыбы Роза анамызбен бірге Айгүл, Нұргүл, Ақтоты есімді қыздар мен Нұрсұлтандай ұл тәрбиелеп, олардан тараған немерелердің қызығын көруде. Айгүл қаржыгер, Нұргүл ұстаздық етсе, Ақтотысы дәрігер, ал Нұрсұлтан мемлекеттік қызметте. Ата-енесіне ас суын даярлап, құрақ ұшып қызмет көрсететін келіні Ләззат №105 мектеп-лицейде мұғалім. 13 немересінің ішінде атасына Ермұхаммет пен Қангерейдің орны бір төбе.
Мың айдан да қайырлы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген 15 мамыр – Отбасы күні қарсаңында жауапты қызметтер атқарса да қарапайым қасиетінен танбаған, отбасындағы рөлін, бала тәрбиесін, әкелік міндетін жоғалтпаған азамат пен оның отбасын өзгелерге дәріптеуді жөн көрдік.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
12 мамыр 2020 ж. 1 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 080

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031