» » » Біздің сыныптың әкесі

Біздің сыныптың әкесі

... Жақында көптен көрмеген Азат бауырымызбен ойда-жоқта кездесіп қалдық. Бас салып амандық-саулық сұрасып, шүйіркелесіп жатырмыз. Азат деп отырғанымыз – 11 жыл бойы бірге оқыған сыныптасымыз Мәриямның туған інісі. Содан да болар, арамызда ағытылған әңгіме тиегі алысқа ұзап барады.
– Біз басқа үйге көшіп кеттік, – деп қалды Азат әңгіме арасында.
– Қалай?!
Бұл сұрағымыз орынсыз болған секілді. Қисынсыз болғаны соншалық, ол таңданысын жасыра алмай, біраз бөгеліп барып жауап қатты.
– Кәдімгідей. Мөлтектен жаңа үй сатып алдық. Біраз уақыт болып қалды.
– Бұрынғы үйді сатып жібердіңдер ме?
– Жоқ. Әзірге бос тұр. Сол үйдің ауласынан жаңа үй саламыз деп іргетасын құйып қойғанбыз. Бірақ, әзірге мүмкіндігіміз болмай жатыр.
Туған ініміздей болып кеткен бауырымыздың мына жаңалығы көңілімізді күрт суытып жіберді. Жаңа баспаналы болғандарына шын жүрегімізбен қуандық, әрине. Бірақ, көңілімізде әлдебір түсініксіз қимастық сезім басым тұрды. Бір сәт ең тәтті, ең қымбат бал-балалық кезіміз, дүниенің бар байлығын берсек те қайтып оралмайтын алтын ұя мектебіміздегі қамсыз шағымыз көз алдымыздан қаз-қатар тізіліп өте берді.
Біз оқыған мектептің артындағы қуыс көшенің түбінде орналасқан Мәриям сыныптасымыздың үйі – біздің бүтін класс үшін қасиетті қара шаңырақ болды. Ортаңғы сыныпқа жетіп, жан-жағымызды танып, ес білгелі біздің сынып ең жиі жиналатын, апта сайын бас қосатын сол Әптаеваның үйі еді. Сол кездерде мектебімізде түрлі байқау мен жарыс жиі ұйымдастырылатын. Ү.Томанов атындағы №183 мектептің біз оқыған бұрынғы ғимаратында әлдебір сайыстарға дайындалуға бос сынып табыла бермейді. Сондықтан жарысқа дайындалатын үй іздейміз. «Үй іздейміз» дегеніміз артықтау болар, ұл-қызымыз аралас он шақты оқушы «Мәриямның үйі қайдасың?» деп тартып отырамыз. Құдды, өзіміздің үйіміз сияқты улап-шулап, еркінси сау етіп кіріп келеміз. Сондайда алдымыздан Бигелді ағамыз шығады. Бөтенсу, жатырқау, ренжу деген атымен жоқ. Құшақ жая қарсы алады. Ешқашан қабақ шытып көрген емес. Үнемі жүзінде күлкі ойнап тұрады.
– Аға, жарысқа дайындалуға келіп едік, – дейміз жамырап.
– А-а, оң болсын! Әйда, төрлетіңдер!
Ішкі бөлмеден Гүлшара анамыз шығады жадырап. Сөйтіп, бірден үйреншікті төргі бөлмеден бір-ақ шығамыз да, дайындықты бастап кетеміз. Дайындық деген құр аты болмаса, байқау, жарыс дегенге дайындалып та қарық қылмаймыз. Бір-бірімізді тыңдамайтын, шындығында, тыңдағымыз, біріміздің айтқанымызға екіншіміз көнгіміз келмейтін албырт кезіміз. Бәріміз бірінші болуға ұмтыламыз. Дайындығымызға арасында Бигелді ағамыз да «қосылып» тұрады. Қандай байқау екендігін сұрап, ақылын айтады. «Әйда, әйдаға» басып, қамшылап кетеді. Сосын дайындық бітті-ау дегенде, қайтуға жинала бергенде Гүлшара анамыздың ып-ыстық таба наны оттан шығып үлгереді. Апамыз жаңа піскен, иісі бұрқыраған таба нанды қолымен үзіп-үзіп, үлкен табаққа дайындап қойған майдың үстіне салып кеп жібереді. Бес минуттан соң, бәріміз жапатармағай сол нанға қалайша бас қойғанымызды білмей қаламыз. Қашан, қай уақытта барсақ та, Гүлшара анамыз бізге ып-ыстық таба нанынан дәм татырмай жібермейді.
Мадонның (Мәриямды бүкіл сынып солай атайтын – Н.М.) үйіндегі дайындығымыз есейе келе сауық кештерге ұласты. Мейрам күндері жасайтын «вечер» деген бәле бар емес пе еді? Кейде соған үй таба алмай қиналып жатқанда Әптаева «құтқарып» алады. Өзіміздің үйіміздей болып кеткені соншалық, Мәриямның ата-анасы рұқсат ете ме, жоқ па, ол жағын ойлап жатпай, «Мәриямның үйі бар ғой» деп көсіле сөйлейтін дәрежеге жеткенбіз.
Біздің сыныптың ата-аналар жиналысынан үнемі қалмайтын екі адам болса, соның алғашқысы сөзсіз Бигелді ағамыз. Кейде біздің атымызға мұғалімдеріміздің тарапынан сын айтылып жатса, туған әкеміздей араша түсіп, қорғап қалады. Бәрімізге, бүтін сыныпқа қамқорлық танытудан жалықпайтын.
Гүлшара анамыздың қашан барсақ та дайын тұратын ыстық таба наны біз жоғарғы сыныпқа көшкенде де «танымалдылығынан» танған жоқ. Біздің мектептен «Дарын» сыныптары ашылып, бір күннің ішінде басқа кластастарға байып шыға келдік. Бірер айда оларға үйренісіп, жан-жағымызға қарауға мүмкіндік алғанда бір байқағанымыз – бұрынғы сыныптағы өзіміздің қыздар 10 минуттік үзіліс аяқталғанда мектептің артындағы қуыс көшеден келе жатады. Артынан білдік, олар үлкен қоңырауда Мәриямның үйінен бір-ақ шығады екен. Неге дейсіз ғой? Гүлшара анамыздың сол баяғы майға салынған ыстық нанына тойып оралатын көрінеді. Кейіннен олардың қатарына екі-үш ұл қосылдық. Ұят дегенді білмейміз, алдымызға Мәриямды салып алып, оның үйіне тартып отырамыз. «Келіп қалатын уақыты болды-ау» деп таба нанын пісіріп, шайын қайнатып, анасы отырады елеңдеп. Мектепке тексеру келіп немесе басқа жағдайлармен бір күн бара алмай қалсақ, ертесіне Бигелді ағамыз: «Кеше келмедіңдер ғой?» деп сұрақтың астына алады. Бүгінде сол күндерді еске алсақ, ұяттан өртеніп кете жаздаймыз. Аптасына бір рет, ең болмаса, күнара болса бір жөн. Құдды міндетіміз бар секілді Құдайдың құтты күні баратынымызды айтсаңызшы!
Бұл күндері ойлап отырсақ, Бигелді ағамыз бәріміздің – бүтін сыныптың тәрбиесіне орасан зор үлес қосқан екен ғой! «Кез келген ерегесте жұдырық ала жүгірмеңдер. Сабырмен, ақылмен шешкенге ештеңе жетпейді. Ата-аналарыңды ойлаңдар. Әке-шешелеріңе «Пәленшенің баласы ананы жасапты» деген сөзді естіртпеңдер. Ата-ана үшін баласы туралы жаман сөз есту – өліммен тең. Сендер жақсы болсаңдар – олар марқайып жүреді» дейтін үнемі бізге. «Ішімдік, темекіге әуес болмаңдар. Олар білдірмей алатын жау. Түбінде жеңеді» деп ақылын айтатын енді бірде ұлдарға. Сөйткен, ағамыз өзінің ұлдары мен қыздарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Солар қайда барса, Алматы, Астана демей соңдарынан еріп жүретін. Әлі есімде, Астана қаласында оқып жүргенімізде Мәриямның елордаға қыдырамын деген сөзі үшін сыныптасымызға ере келгені бар.
Сынаптай сырғыған уақыт өз дегенінен танған ба? Біз де алтын ұя мектебімізден қанат қағып, арман қуып жан-жаққа кеттік. Кейде оқудан демалысқа келгенде Мәриям ауылда болса, сол баяғы бала кезіміз еске түсіп үйіне еркелей кіріп барушы едік. Бигелді аға, Гүлшара апамызбен сыр тарқатып, арқа-жарқа болып шығатынбыз.
Биыл мектеп бітіргенімізге 10 жыл болды. Осы жылдар ішінде есейдік, отбасын құрғандары бар, әйтеуір, не керек, сыныптастарымыздың көбісі өзгерген. Біздің Мадон – Мәриям да тұрмыс құрып, ана атанды. Үлкен әулеттің түтінін түтетіп отыр. Өзгермеген – Бигелді әкеміз. Сол баяғы ақкөңіл, қамқор, кең пішілген ақжарқын қалпы. Алыстан көре қалса, көшенің ана басынан айналып келіп сәлем береді. Жасым үлкен демейді, кез келген жерде бар шаруасын ысырып қойып, жағдайыңды сұрайды.
– Қалайсың, балам? Жағдайың жақсы ма? Әйда, шауып жүрсің бе? Үй-іші аман ба? Әйда...
Біз де өз кезегімізде амандық-саулық білісеміз. Сыныптасымызды сұраймыз.
– Әйда, сыныптасың аман. Жақында келіп кетті. Сені ауырып жүр деп естідім. Жассың ғой, әлі. Әйда, әлі-ақ жазылып кетесің.
Бигелді әкеміздің біз үшін алаңдаған кіршіксіз көңілі мен жылы сөздері жүрегімізді еріксіз елжіретіп жібереді. Жақсы сөз – жаныңа құйылған шуақ емес пе? Әйтеуір, ағамызбен ұшыраса қалсақ болды, жанымыз жадырап шыға келеді. Қызметке тұрып, жігіт ағасы болдық деп жүргенімізбен, ол кісінің алдында әлі күнге бала екенімізді түсініп, жылы жымиямыз.
Бір қызығы, сыныптастарға келгенде біздің Мәриям – «анықтама бюросы». Тек біздің сыныптың ғана емес, көршілес сыныбың, «Дарының» бар, қатар бітірген барлық құрдастарымыздың қайда, не істеп жүргенін білетін жалғыз адам – осы Мәриям. Бәрімен байланысын үзбеген. Бәрінің туған күнін жатқа біледі. Әйелі немесе күйеуі тұрмақ, қанша баласы барына дейін мүдірмей айтады. Кейде әлдебір сыныптасымыз керек болғанда, бірден Мәриямға жүгінеміз. Ол телефон нөмірлері мен мекен-жайын оңай тауып береді. Бізді іздейтін, туған күнімізде ұмытпай құттықтайтын жалғыз сыныптас болса, сол жалғызымыз – Мәриям Әптаева. Ал, біз бір өзі жүз сыныптасқа татитын жалғызымыз – Әптаеваның туған күнін ұмытып кете береміз.
Міне, мектептегі осындай талай қызықтың, алаңсыз һәм қайтып оралмас балдәурен күндеріміздің куәсі болған, бір қабырғасында аңғал да албырт бала кездеріміздің бейнесі мен сыңғыр күлкіміз қалған, «Көке, біз едік» деп еркінси кіріп баратын, бәріміздің туған үйіміздей болып кеткен, біздің сынып үшін аса киелі саналатын қара шаңырақтың бұл күндері бос тұрғаны көңілімізді түсіріп жібергені рас. Бұл – ешқандай реніш емес, Азат бауырымыздың әңгімесінен кейін санамызда қайта жаңғырған, көз алдымыздан қаз-қатар тізіліп өте берген бала күндерге деген жай ғана сап-сары сағыныш болатын.
Айтпақшы, біздің сыныптың әкесіне айналған Бигелді ағамыз жақында зейнеткерлік демалысқа шығады деп естідік. Олай болса, бейнетіңіздің зейнетін көріп, ұрпағыңыздың арасында ұзақ та мағыналы ғұмыр, жақсылыққа толы күндерді кешіңіз. Себебі, сіз – тек бақытқа лайықты жансыз.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
19 желтоқсан 2019 ж. 1 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 093

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031