Көктемгі дала жұмысында қарқын қандай?

Биыл аудан бойынша 23750 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде күріштің үлесі 14000 гектарға басым. Ал 352 гектар майлы дақылдар, 667 гектар жаздық бидай, 170 гектар соя, 150 гектар жаздық арпа, 200 гектар жүгері, 6900 гектар мал азықтық дақылдар, 1307 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу межеге қойылып отыр.
Көктем келіп жер босаңсыған уақытта жаңа жоңышқа 2457 гектарға және жаздық бидайдың 667 гектар жерге тұқымы себілсе, сонымен қатар 352 гектарға мақсары егіліп, 4226 гектар ескі жоңышқа тырмаланып меже 100 процентке орындалған.
Өнімнің бітік шығуына минералды тыңайтқыштың қажеттілігі аса маңызды. Биылғы жылға 10551 тонна тыңайтқыш қажет. Оның ішінде 8200 тоннасы аммоний сульфаты, 900 тонна карбамид, 1451 тонна аммофос тыңайтқышы. Бүгінгі таңда минералды тыңайтқыштар жеткілікті деңгейде алынып, қажеттілікті 97 процентке орындап отыр.
Су жүйелерінің дайындығы бойынша «Қурайлы» каналының П0-П138 пикеттері аралығына бүгінгі күні 18 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілген.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 195 трактор, 169 тіркеме, 100 арнайы техника, 34 тұқым сепкіш, 118 соқа, 109 автомашина қатысуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жеңілдетілген жанар-жағар май отынымен қамтамасыз ету бойынша көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 2020 тонна дизель отынның 374 тоннасы жеткізілген. Шаруашылықтар келісімшартқа сәйкес дизель отынның литрін 165 теңгеден алуда.
Биыл өңір басшысы Мұса Қалдарбеков аудан халқын картоп, көкөніс және бақша дақылдарымен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін ауылдық округтерге және кент орталығындағы жеке секторларға өнімді өндіруге тиісті шаралар жүргізіп, тапсырма берді. Атап айтқанда әрбір көкөністің жылдық тұтыну нормасы алынып, осы жылы аудан көлемінде тұтынылатын өнімдердің көлемі есептелінген. Жосалы кенті, Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Жаңажол, Иіркөл, Жосалы, Қармақшы ауылдық округтері бойынша биылғы жылы өсірілетін 36,1 гектар жуа, 70 гектар сәбіз, 7 гектар қырыққабат, 89 гектар асқабақ, 20 гектар қызылша, 67,9 гектар қияр, 58 гектар қызанақ, 380 гектар картоп, 265 гектар қауын және 200 гектар қарбыз дақылдарының көлемі нақтыланып, оны егетін тұрғындардың тізімі алынған. Ал Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде суармалы сумен қамтамасыз етілмегендіктен үй-іргелік жерге қияр, қызанақ өсіріледі.
Қазіргі таңда ауылдық округтерде картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылатын жерлер белгіленіп, оны өңдеу, қарықтау жұмыстары жүргізілуде.
Су беру маусымы 25 сәуірден бастап қолға алынады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ