» » Қашықтан оқыту: телесабақтар қалай өтуде?

Қашықтан оқыту: телесабақтар қалай өтуде?


Елдегі қазіргі ахуал кімге де болса оңай тиіп тұрған жоқ. Тосыннан келген дерт көп нәрсеге тосқауыл болуда. Дегенмен сақтық шарасы алдымен өзіміз үшін қажет. Оқушылар үшін көктемгі демалыс аяқталып, IV тоқсан өзгеше басталды. Әлемде болып жатқан пандемияға орай олар білімді қашықтан алуға мәжбүр. Оқытудың бұл түрі – ұстаз, оқушы, тіпті ата-ана үшін де алғашқы тәжірибе. Қашықтан оқытудың алғашқы аптасы да аяқталды. Осы ретте ауданда қашықтан оқытудың қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын зерделеп көрдік.

Бұл кезең бауыр еті баласы үшін алаң қылатын ата-анаға да зор жауапкершілік жүктеді. Бұрындары мектепке баласын жіберіп қойып, қамсыз отыратын олар енді ұл-қызымен бірге сабақ қарауда. Арнайы кестеге сай сабақ «Балапан» және «Еларна» арналарынан жүргізіледі. Әр сабақтың уақыты – 10 минут. Одан әрі ұстаз өзіне ыңғайлы платформа арқылы білім беруді жалғастырады. Мұнда әр мектепке түрлі платформа арқылы оқытуға таңдау құқығы берілген. Оған алаңдауға негіз жоқ. Ал оқушы мен ұстаздың кері байланысы қазірде ыңғайлы және бәріне қолжетімді WhatsApp арқылы жүргізілсе, оқушыларға баға Kundelik.кz-ке қойылуда. Сондай-ақ қашықтан оқытудың бір ерекшелігі – ұстаздардан басы артық құжат не есептің сұралмауы. Себебі мұғалім бұрынғыдай бір сыныпта отырып, балаларды игермейді, әрбірімен жеке жұмыс жасағандықтан артылар жауапкершілік екі еселенді. Бұл уақытта баланың білімді игергені өте маңызды. Осы турасында ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов төмендегідей мәлімдеме жасады.
– Білім бөлімдерінен, мектептер мен мұғалімдерден ешқандай есеп керек емес. Кейбір жерлерде ұстаздан, енді бір жерде ата-аналардан есеп сұрап жатқанын естідік. Тағы да қайталап айтамын, ешқандай есеп керек емес. Мектеп басшылары, әрбір мұғалім қандай жұмыс атқару керек екенін біледі. Тексеріс те жүргізілмеуі тиіс. Еліміз бойынша ұстаздың қадірі қатты білініп жатыр деп ойлаймын, – дейді Асхат Қанатұлы.
Сонымен қатар мынадай шектік шаралары енгізілді. Осы уақытта оқушыға үй тапсырмасы берілмейді, оқушы тек оқу тапсырмасын орындайды. Тиісінше мектеп әкімшілігі оқу тапсырмасының көлемін анықтайды. 5-8, 10-сыныптарда сыныптан сыныпқа көшу емтиханы мен 9,11 сыныптарда мемлекеттік аттестаттау өткізілмейтін болды. Ал оқушыға берілген тапсырма міндетті түрде кері байланыс арқылы жүргізілуі қажет және оның уақытына шектеу жоқ. Мұғалімдерге келер қолсақ, маршруттық парақ деген жоқ. Осы тоқсанның мамыр айында 1 БЖБ және тоқсан аяғында ТЖБ алынады. Ол оқу сабақтарын WhatsApp арқылы жүргізгенде аудиожазба жіберуге, тапсырма бергенде қате және қысқартып жазуға тыйым салынады. Яғни тапсырманы қатесіз, сауатты жазу қажет. Аптасына 1 сағат өтетін пәннің кері байланысы сол сабақ басталғанға дейінгі мерзімді қамтиды. Сондай-ақ балаларды кешкі сағат 20.00-ден кейін мазалауға және оқушыларға шамадан тыс тапсырма беруге тыйым салынады. Төтенше жағдайдың салдарынан осындай өзгешеліктерімен білім беру процесі өз жалғасын табуда.
Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін білім бөлімі, мектеп басшылары көктемгі демалыс уақытынан бастап қызу іске кірісті. Сабақ басталмас бұрын дайындық жасалып, кейбір отбасыларға қажетті заттар берілді. Бұл жөнінде Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінің басшысын сөзге тартқан едік.
– Қазіргі таңда мектепте 352 оқушы білім алуда. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруда оқушылардың әлеуметтік жағдайы ескеріліп, 12 отбасыға компьютер, 2 отбасыға планшет уақытша пайдалануға берілді. «Балапан» және «Еларна» телеарналарынан телесабақтардың кестеге сай көрсетілетіні және оларды кез келген ыңғайлы уақытта BilimLand платформасынан, YouTube арнасынан қайта көруге болатыны туралы барлық оқушы мен ата-анаға ескертілді. Мектеп мұғалімдері қашықтықтан оқытуда оқушылар мүмкіндіктеріне қарай тиімді интернет ресурстарының – BilimLand, Kundelik.кz, Daryn.online, MicrosoftTEAMS, GoogleClassRoom мүмкіндіктерін пайдаланады. Бүгінде қашықтан оқытудың екінші аптасы басталды. Әрбір сабақ соңында мұғалім оқушылармен кері байланыс жасап отырады. Оқушылардың сабаққа қатысуы өте жоғары деңгейде. Мұғалім ретінде оқушылардың ерекше белсенділік танытқанына риза болдық. Қашықтан оқытуға біздің мектепте ата-ана тарапынан алаңдаушылық болған жоқ, өйткені мұғалім, ата-ата, оқушы, тығыз байланыста. Жаңа форматта оқыту барысында білім және ғылым министрлігі тарапынан ұсынылған әдістемелік нұсқаулықты басшылыққа алудамыз, – дейді мектеп директоры Алтынша Кенжеева.
Ұстаздар қауымы сабақты түсіндіріп қана қоймай, әр оқушыдан келген жауапты тексеріп, оны бағалап, қайта кері байланыс жіберуде. Ол үлкен жұмыс және ұзақ уақыт алады. Олар талапқа сай компьютер мен телефонға телміріп, көз майын тауысса да, оқушының қажетті білімді толықтай алуы үшін аянбай еңбектенуде.
– Қашықтан оқыту уақытша нәрсе ғой. Десе де сыныбымдағы 25 оқушы түгелдей сабаққа қатысады. Жаңа сабақты түсіндіруде оған презентация жасап, видеонұсқау да түсіремін. Ақпараттық технологияны жақсы меңгерген маман ретінде олар маған қиындық келтіріп жатқан жоқ. Өткен аптада түрлі форматта сабақтар бердім. Әрбір сабақтан кейін міндетті түрде кері байланыс жүргізіледі. Уақытына шектеу қоймаймыз. Ертеңгі күнге дейін жібере берсе болады. Себебі ата-анаға да түсіністікпен қарауымыз қажет. Көпбалалы отбасының бірнеше баласы бір телефон арқылы оқығанда уақыт жағынан үлгермей қалуы мүмкін. Мектеп басшысы Бауыржан Дүйсенбаев сабақ басталмас бұрын ата-аналардан интернет, телефон, компьютер бар-жоғы туралы мәлімет алып, түскен сұранысты орындап, қашықтан оқуға мүмкіндігі болмай отырғандарға мектеп тарапынан планшеттер берді. Осындай қысылтаяң уақытта дүрбелең туғызбай түсіністік танытып, менің сабақ жүргізуіме барынша жағдай жасап, қолдау білдіріп отырған 3 «В» сыныбының ата-аналарына алғысым шексіз, – дейді О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Айғараева.
Қашықтан оқытуда баламен бірге күн режимін жасап, оның кеңесшісі, қолдаушысы бола біліп, жаңа тәжірибені қабылдап, шамасы келгенше баласының білім алуына жағдай жасап отырған ата-ананың рөлі үлкен. Олар ұрпағының жарқын болашағы үшін үйден шықпай, уақытша қиындыққа төтеп беруде.
– Бұрын мұндай оқыту жүйесі болмағандықтан, бойымызды қорқыныш билегені рас. Десе де соған қарамастан балалардың уақытында білімді жалғастыруы қажеттігін жақсы түсіндік. Алғашқы күндері қателіктер жібергенімізбен, ұстаздардың арқасында жүйелі білім алудамыз. Мен жалпы ұстаздар қауымының бала оқытудағы ерен еңбектеріне ризамын. Олар сабақ барысында, сабақтан кейін де оқушының тақырыпты түсінуіне, әр баланың ой деңгейіне орай пікірін, жауабын айтуына мән беруде. Мақтайтын жерінде мақтап, ескертетін жерінде ескертіп, баланың сабаққа белсенді қатысуы үшін барынша күш салуда. Барлығы да баланың игілігі, басымыздың амандығы үшін емес пе? Әрқайсымыз теңізге тамған тамшыдай өз үлесімізді қоссақ, алынбайтын қамал жоқ. «Баланың басты ұстазы – ата-ана» деп бекер айтылмаса керек. Елге келген сынаққа сабырмен қарап, қолдан келгенше ұстаздарға көмектесу – біз үшін парыз, – дейді көп балалы ана Гүлжамал Жанәділова.
Ал ел болашағы, қазіргі ұрпақ бұл сынақты қалай өткеруде? Оңай емес, әрине. Теледидар мен телефон мектеп партасы мен тақтасын алмастыра алмайтыны сөзсіз. Ғаламторда оқушылардың ұстаздарын, сыныптастарын сағынып, ұстаздарға бас иіп, игі тілектерін арнаған бейнероликтер көбеюде. Бұл – ұстаз бен оқушы арасында берік байланыс орнағанының айқын дәлелі. Қашықтан оқыту ата-ана мен ұстаздың арасын жақындатса, қоғам үшін ұстаздың орны айқындалуда. Уақыттың дегені мен қойылған тәртіпке бағынсақ, бұл кезеңнен де өтерміз.

P.S.
Үй жағдайында балаға білім беру үшін мұғалімге ерекше сенім артылуда. Ал, онсызда баласына сұрағанын алып беріп отырған ата-ана осы жауапты сәтте мұғалімге демеу болса, өзара түсініссе, бір тоқсанды еңсеріп шығуға болады. Әзірге бір ретке түскенше үйде отырып ең әуелі балаңызға, оны оқытқан ұстазға жәрдем беру – қоғам үшін жасалған пайдалы іс болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 сәуір 2020 ж. 1 578 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 092

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031