Талапқа бағынбаған жауапқа тартылады
Ербол Сейтжанов, аудан прокуроры:
Төтенше жағдай жарияланғалы бері ауданда жұмысшы топ құрылды. Осы кезеңге дейін топ мүшелері тынымсыз жұмыс істеп, тұрғындарды қауіптің алдын алуға бағыттауда. Әлеуметтік желінің әлеуеті артып тұр қазір. Елімізде WhatsApp, Facebook желісі арқылы жалған ақпарат таратушылар да табылып жатыр. Оларға нендей шара көріледі? Коронавирустың алдын алу ережесі бекітілді. Ереже талабына бағынбағандарға қандай жауаптылық көзделген? Осы және басқа да сұрақтарға аудан прокуроры Ербол Сейтжановтан жауап алдық.
Ербол Смағұлұлының айтуынша, төтенше жағдай кезінде ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынса, көңіл көтеру орыны мен адам көп жиналатын басқа да нысандардың қызметіне шектеу қойылған болатын. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнделікті айтылып жатқан ескертпелерге қарамастан ауданда құқық бұзушылыққа жол берілуде.
Мәселен, осы жылы 27 наурызда өзінің үйінде қыз ұзату тойын жасаған Жосалы кентінің тұрғыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабымен 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Сондай-ақ, 23 наурызда Жосалы кентінде орналасқан «Данара» кафесінің иесі мемлекеттiк органмен белгiленген режимдi бұзып, аталған кафенің сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеуіне жол бергені үшін Кодекстің 476-бабына сәйкес кінәлі деп танылып, 10 айлық есептік көрсеткіш (26 510 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұл шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Сондықтан енгізілген шектеулерге әрбір азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Айта кететін жағдай, осы індетке байланысты халықты дүрліктіріп, араңдататын әрекеттер жасап жүрген тұлғалар да бар.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабының 4-бөлігінде төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бүгінде облыс көлемінде осындай 6 дерек тіркелген.
Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін түсіндіремін (ҚК-нің 379-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыруға дейін).
Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауаптылық белгіленген.
Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдарды жаппай жұқтыруға немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауаптылық туындайтынын прокурор атап өтті. (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін).
Сондықтан, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Е.Сейтжанов өңір тұрғындарын мұндай әрекеттерге бармауға және төтенше жағдай режимі кезінде белгіленген шектеулерді қатаң сақтауға шақырды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА