» » ҰЛЫҚТАЛЫП ЖҮРМІСІЗДЕР, ҰСТАЗДАР?

ҰЛЫҚТАЛЫП ЖҮРМІСІЗДЕР, ҰСТАЗДАР?

Н.Жұмаділдаеваның айтуынша, мардымсыз жалақы мен құрмет, моральдік қолдаудың аздығы мұғалім атаулының беделін түсіріп тұр. Ал, қарағандылық ұстаз Азат Игенов қажет десеңіз электронды күнделік толтыру үшін ауыл-аймақтарда сапалы интернеттің болмауы кедергі болатынын айтты. Нәтижесінде мұғалімдер электронды түрде баға қою үшін ұзынсонар кезекке де тұратын көрінеді. Бұл – ұстаздардың басындағы бір ғана мәселе.
Реформа һәм ауыс-түйіс
Тәуелсіздік тізгінін өз қолымызға алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде білім саласында 18-19 министр орын ауыстырды. Бұл дегеніңіз елдегі білім беру жүйесіндегі жаңалық. Өйткені, әр министр өз реформасын әкеледі, біздегі дәстүр солай. Шенеунік орын ауыстырса, тұтас команда көшеді. Бірден көшпесе де араға уақыт салып, өзінің үйренген маманын алдырады. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» деген тәрізді. Алдыңғы реформаны меңгере алмай жатқан ауылдағы маман жаңа реформаны түсіну үшін біршама уақытын тәрк етеді. Ал оның шәкіртке білім беруге уақыты қаншалықты жетеді?!
– Мен осы кезге дейінгі министрлердің ішінде Балахметовты ерекше айтар едім... 70-80 жылдарда білім саласын басқарған ол мектептерді аралайтын. Бүгінгі министрлер соңғы рет қай уақытта ата-аналар жиналысына барғанын да білмейді. Мұнан соң не оңсын?! Меніңше, министрлерден бастап басшыларды жоқ дегенде екі аптаға қарапайым мектеп мұғалімі етіп жіберіп көру керек. Сонда бәлкім, олар түсінер?! – дейді ардагер ұстаз Марк Подольских.
Айтатындайы бар. Жоғарыда былғары орындықта отырып, төменгі жаққа көз тастаса, білім ошағын тек сыртынан ғана қарап, баға беретіндер көп. Алайда, оның ішкі бөлігінде не болып жатқанына ешкім мән де бере бермейді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы тамыз мәслихаты тұсында біршама мәселелерді тілге тиек қылған еді.
– Мен Президенттің үш тұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Болашағы бар. Техниканың һәм ғылымның тілі деп ағылшын тілін меңгеруіміз қажет. Алайда, оны меңгерудің жолдары ше?! Шәкірттер үйрену үшін алдымен ұстаздарды тіл білуге баулығанымыз жөн. Бұл бірнеше жылдың емес, ондаған жылдың жемісі болар, – деген болатын сенатор.
Елдегі науқаншылдық белең алған уақытта мұндай мәселелер жетіп артылады. Ал түптеп келгенде біз миы әлі қата қоймаған баланың басын қатырып отырған тәріздіміз. Барлығы, сонау биіктен, нақтырақ айтқанда реформадан бастау алып отыр.
Қарны ашса қағаз кеміріп, шөлдесе сия ішетін сала өкілдерінің тұрақты мекен-жайы мектеп емес, үйі екенін естен шығардық. Өйткені, мектеп ауласынан аса салысымен олар өз отбасына асығады. Бірақ шәкіртінің түнгі тәртібіне де ата-ана емес, ұстазы жауап беретін кезең туды. Түрлі деңгейдегі толассыз рейдтер салдарынан 24 сағат жұмыс істейтін кей мұғалімдердің отбасы да бұзылуы ғажап емес.
– Біз енді ғана тәуелсіздік алған тұста қиындықты бастан өткердік. Бірнеше айлап жалақы сұрамай жұмыс істедік. Үйге нан алуға тиын таппай титықтап жүрген сәттер де бар еді. Біз күні-түні жұмыс істедік. Аллаға шүкір, менің жолдасым түсінді. Ал басқа біреу болса үйден қуып шығар еді, мектепке бар деп, – дейді ардагер ұстаз Раушан Қарсақбаева.
Ал, «баламның жетістігі өзімнің арқам, кемшілігіне мектеп пен мұғалім кінәлі» дейтін ата-аналар бала тәрбиесін назардан тыс қалдырған тәрізді. Психолог Назира Аймаханова тәрбиеге қоғам болып алаңдауымыз қажеттігін еске салды.
– Жерлестерім ренжімесін, бірақ бүгінгі қоғам бала тәрбиесіне марғау қалыпта. Ата-ана балабақшаға, балабақша мектепке, мектеп университетке, университет қоғамға сілтейтін тәрізді. Сондықтан тәрбие тасада қалып барады, – дейді ол.
Түні бойы көз ілместен рейдте жүрген мұғалімдер күндіз болатын түрлі мәдени шараларға көрермен ретінде барады. Ол рас, баланы білім нәрімен сусындатуды екінші орынға ысырып тастаған тәріздіміз.
Елбасы жолдауы үміт сыйлады
– Мұғалім мәртебесін көтеруіміз қажет. Жаңар­тылған мазмұндағы білім беру бойынша біліктілігін арттырған мұғалімдердің жалақысы 30-50 пайызға жоғарылайтын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде.
Жалақының көтерілгені ұстаздар қауымын ғана емес, барша тілекші қауымды, тынымсыз еңбекті көзбен көріп жүрген талай тұлғаны қуантты. Әйтпесе жұмысы қиын, жалақысы аз сала болып келді осыған дейін. Марк Подольских Сыр өңірінде білім саласына елеулі үлес қосқан тұлға. Ұстаз мәртебесін көтеруде барынша атсалысып келе жатқан ардагер ұстаз бұл тақырыпта жалақыдан бөлек, құрметтің де, моральдік қолдаудың да маңызы зор екенін алға тартады.
– Жас кезімізде жалақы дегеннің деңгейі мүлдем төмен болды. Ол уақыттардағы мұғалім мәртебесі жоғары болатын. Шәкірттер қанша суық болса да, жолда ұстазы кетіп бара жатса, малақайын шешіп, қашан өтіп кеткенше тосып тұратын. Алайда, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Ешкім абыройды «Міне, ал» деп қолыңа әкеліп бермейді. Мұғалім мәртебені өзі жинау керек, – деп әңгімесін жалғады ол. – Қазір жалақыны көтеріп жатыр. Бірақ талап та күшейеді. Бәлкім, жүктемені осылай қалдырып, жай ғана жалақыны арттырса, осы жағдай жақсы болар еді.
Бұл күнде республика бойынша ер мұғалімдердің аздығын педагогтар қауымы жалақының төмендігінен көреді. Алайда, жалақы артқан сайын ер азаматтардың көбейетініне кәміл сеніп отыр.
– Қазір ер балалардың нәзіктеніп бара жатқаны мектептердегі ер мұғалімдердің аздығынан тәрізді. 80 пайызы әйелдер. Осыдан-ақ байқай беріңіз. Бүгінгі жастар арасындағы бірсөзділіктің жоқтығы осынан, – дейді профессор Қазыбай Құдайбергенұлы.
Рас, ер азамат отбасын асыраушы болғандықтан салаға келе бермейтіні заңдылық. Онан бөлек, бүгінгі ажырасулардың көбеюі салдарынан ер азаматтың тәрбиесін не мектепте, не үйде ала алмай отырған жеткіншектер бар. Елдегі білім саласына жасалған қаржылай қолдау жалақыны арттыруға ықпал етсе, ер азаматтар да «ағай» болуға асығып қалатын болар, бәлкім?!
Салаға «қателесіп келу» көбейген
«Адам баласы мамандық таңдаудан жаңылыспау қажет» дейді. Бірақ бұл күндері мамандықтың шәкірттерді таңдауы ауадай қажет болып тұр. Өйткені, педагогикалық жолға түскісі келетіндер бұрын қатарынан оза шапқандар болса, бұл күнде сынақтан сүрініп, қажетті баллды жинай алмай қалғандар, ақылына емес, ақысына жүгініп, қалтасындағы қаражатқа сеніп оқу орнына енетіндер болып тұр.
– Тестілеуден ойындағы ұпайды ала алмай, таң­да­ған мамандығына бара алмай қалғандар «Мұғалім бола салайын» деп тапсыра салатын мамандыққа айналды. Қынжылатыны сол: қадірі қашқан сала болып тұр, – дейді профессор Қазыбай Құдайбергенұлы.
Ал, Марк Подольских өз ойындағы ұсынысын да жеткізді.
– Егер де мемлекет ынталы жастарды салаға тартуды ойға алса, осы салаға арнайы көңіл бөліп, шәкіртақысын арттырып, жұмыссыз қалдырмаудың жолында арнайы бағдарлама қабылдау қажет. Міне, сонда ғана «жалақысымен отбасын асырай алмаймын» дейтін ер азаматтар мен білімді жастар ғана мұғалімдікті таңдар еді... – деді ол.
Бір білетініміз, осыдан біраз жылдар бұрын ақылы оқу жүйесі болмайтын. Тек оқитындар ғана оқу орнына ат басын бұрып, өз деңгейін білетіндер ақырын ығыса беретін. Қазіргі жүйеде әр адамда бір-бір диплом болу керек деп атқа жайдақ мініп алып шаба береміз. Бәлкім, ақылы оқуды мүлдем алып тастап, мемлекеттік грантты ғана қолдау керек шығар?! Әйтпесе, сапасыз кадрлар да саланың абыройына дақ түсіріп, көзге шыққан сүйелдей көрініп тұра беруі де ғажап емес. Ал, жұмыссыздықты жоюымыз керек деп, «маманның дипломы болса болды, қалғанын тәжірибе үйретеді» дейтін біздікілердің әрекеті «соқыр тауыққа бәрі бидайдың» кері секілді.
«Еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп молдаға баласын оқытуға тапсыратын заманның келмеске кеткені қашан?! Қыстың қытымыр аязында ұстазы келе жатса, жол шетіне шығып, бас киімін қолына ұстап, иіле құрмет көрсеткен кездер қайда кетті?! Ұстаз мәртебесін көтереміз деп ұрандаған қоғамнан аспандағы айды сұрап отырғанымыз жоқ, тек ұлағаттыларға лайықты құрмет көрсетілсе дейміз.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
27 ақпан 2018 ж. 1 486 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031