Бақытты балалар ордасы - "Балбөбек"
Бала – өмірдің гүлі, кімнің де болса жүрегінің бір парасы. Баласына бақыт сыйлау үшін әрбір ата-ана өз халінше еңбек етуде. Артынан ерген ұрпағына саналы тәрбие мен білім беру – ата-ананың парызы. Осы ретте күйбең тіршіліктің қамытып арқалап жүрген ата-ана қажеттілік үшін балапанын балабақшаға апарады. Бүгінгі балабақшаның әлеуеті қандай?
Бар білімнің бастауы, келешек өмірдің иесі, жасампаз болашақты даярлайтын киелі мекен – балабақша. Ол бүлдіршіннің білімді, өмірді, өнерді игеруге деген алғашқы қадамы. Осы тұста балабақша ұжымына артылар жауапкершілік көп. Себебі олар елдің ертеңін, болашақтың тұтқасын ұстар ұрпақ тәрбиелеуде. Бүгінде мемлекеттің қолдауымен балабақша саны артуда. Бұл қуанарлық жайт. Дегенмен сан көбейгеннен кейін, сапа міндетті түрде сұралады. Қазіргі балабақшаға қойылар талап та, талғам да өзгеше.

Құтты мекенге кіре бергеннен-ақ бөбекжай меңгерушісі Дәмекүл Бекмақанова қарсы алып, балалардың бал мекеніне бастады. Сыртқы сұлулыққа тамсанып жүрген біздер мекеме ішіне кіргенде өзгеше бір әлемге енгендей болдық. Қабырғалары ерекше дизайнмен әрленген. Құдды бір ертегілер елінде жүргендейміз. Бөлім меңгерушісі бөбекжай бөлмелерін аралата жүріп, тарихтан сыр шертті.
Тәрбие иірімдері мен әсемдікті бөбек бойына ұялата білген «Балбөбек» балабақшасының іргесі сонау 1965 жылы қаланған. Сол жылдан 1992 жылға дейін Елизавета Феодовна, Рыскүл Нұрғалиевалар меңгерушілік еткен. Оңтайландыру кезінде балабақша жабылып, ғимарат №113 «Қаракөл» орта мектебінің балансына берілген. 12 жылдан соң, яғни 2004 жылы №13 «Балбөбек» балабақшасы қайта ашылып, оған Пақтыгүл Жұмадиярқызы меңгерушілік етіп, елеулі еңбек еткен. Ал 2015 жылдың қыркүйегінен бері Дәмекүл Сейтқанқызы бөбекжай тізгінін ұстап, басшылық жасауда. Бұрындары «балабақша» аталған бұл мекеме, ауылда 3-6 жасар бала санының азаюына байланысты 2016 жылдан бері «бөбекжай» болып өзгертілген. Бүгінгі таңда бөбекжайда 3 топта 60 бүлдіршін тәрбие алуда.






– Біздің міндетіміз – тәрбиеленушілерге бақыт сыйлау. Жүсіп Баласағұнның «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» дегеніндей балабақшаның балаға берері – махаббат, сүйіспеншілік, мейірім, қамқорлық. Педагогтар әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Себебі біз балаға қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуге көмектесуіміз қажет. Бала жанының бағбандары ғана оның қаншалықты сезімтал екенін бағалай алады. Бала – өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. Бойымыздағы бар білімімізді, асыл қасиеттерімізді періште бөбектерге арнай білсек, олардың жүрегіне жол тауып, өзіндік «мені» бар дәрежеге жеткізсек, Отанды, адамзатты сүюге тәрбиелесек – міне, біздің бөбекжайдың нағыз мейірім алаңына айналғаны, – дейді меңгеруші Дәмекүл Бекмақанова.
«Балбөбек» бөбекжайының ұйытқысы, іскер басшы Дәмекүл Сейтқанқызы бүлдіршіндердің жан-жақты қорғалған, үйлесімді тұлға болып қалыптасуы үшін ізденімпаз ұжымымен еселі еңбек етуде. Басшының біліктілігі оның өз мекемесі туралы мәліметтің барлығын егжей-тегжейлі біліп, бақылауында ұстауында. Қандай сұрақ қойсақ та жылы жымиып тоқтаусыз жауап береді. Өз жұмысын сүйіп істейтін басшы осындай болса керек. Тәуелсіз елдің бақытты балдырғандарына тәрбие мен білім беріп отырған бөбекжай ұжымының жетістіктері көп. 2016 және 2018 жылдардың қорытындысы бойынша «Ұйымшыл ұжым» атанса, жыл сайын ауыл әкімінің алғыс хатымен марапатталады. Күннен-күнге жаңарып, ауылға көрік беріп отырған құтты мекеннің қызметкерлері де жүздерінен шуақ шашқан мейірімді жандар. Ал ата-ананың пікірінше, «Балбөбек» бөбекжайы – балалардың саялы мекені, бақытты бөбектердің ордасы. Ынтымағы жарасқан, көңілдері балаша тасыған, өз мамандығын сүйетін ұжымда тәрбие алған бүлдіршіннен ұлтын сүйіп, ел ертеңін ойлайтын нар тұлғалар шығары анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ