Аудан әкімі нысандарды аралады
ЖОСАЛЫ, 17 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Өңірде жекеменшік балабақшалар саны артуда. Әрине, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жеке кәсіпкерлердің де еңбегі ерен. Олар өз қаражаттарына білім ошағын салып, келешек ұрпақтың өсіп жетілуіне жағдай жасап, аудан дамуына өз үлесін қосуда. Дегенмен, жағымды істің де кейде кемшін тұсы болатыны белгілі. Кенттегі жекеменшік балабақшалардың кейбірі жеке тұрғын үйді жасақтап, жұмыс істеуде. Осыны көріп, білмек үшін аудан әкімі Мұса Қалдарбеков жекеменшік балабақшаларды аралады.
Әуелі өткен жылы ашылған «Bal-Aiym» балабақшасына табан тіреді. Жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат 69 балаға арналған. Аудан басшысы балабақшаның ішкі және сыртқы келбетіне оң баға берді. Бірақ «сырт көз сыншы» демекші, сыртқы тазалығына ескерту жасады. Бұдан кейін «Сәтті бала», «Раяна-KZ», «Айым-Ерке», «Кенженұр KZ», «Ханшайым-2», «Сардарбек» балабақшаларын көрді. Барлығына ортақ талап – ғимараттың сыртқы келбетін жөндеу, балалар ойнайтын алаңқайларды ретке келтіріп, таза ұстау, көгалдандыру, әктеу сырлау сынды жұмыстарды балабақша меңгерушілеріне қатаң тапсырды.
Мұнан соң өңір басшысы М.Қалдарбеков орынбасары Ж.Сүйеубаев, кент әкімі Ш.Сыдықовпен бірге Абай көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысан мен мемлекеттік мекемелерді жаяу аралап, қазіргі жағдайын бақылап шықты. Көшенің сәнін қашырған дүкен иесіне сыртқы келбетін жаңартуды тапсырып, кейбірінің маңдайшасындағы жазуды ауыстыруды ұсынды. Мекеме басшыларынан өзі отырған ғи мараттың айналасына санитарлық-тазалық жұмысын жүргізуді және нысанның сәулеттілік келбеті мен құрылыс нормаларын сақтауды талап етті.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ