» » Білікті дәрігер

Білікті дәрігер

ЖОСАЛЫ, 17 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Адам өмірін құтқару – ол үшін күнделікті әдетке айналған. Медицина саласында ең экстремальды болып саналатын мамандық – хирург. Терең білім мен теориядан өзге бұл сала қызметкерінде жәрдем беру қасиеті болуы маңызды. Қолына скальпель ұстаған бүгінгі бейбіт күннің батыры – Сәкен Жақсыбаев.


Практикалық тәжірибе ең маңызды болып есептелетін салада қызмет ететін кейіпкердің қармақшылықтар үшін есімі елеулі. Талай жанға қайта өмір сыйлаған, ажалдан арашалап қалған азаматтың жұмысын жеңіл деуге әсте келмейді. Құдды "жеті рет өлшеп, бір рет кес" деген мақал дәл осы мамандық иесіне арналғандай. Бұл соқпақ жолды қызметте еңбек ету әр медицина өкілінің қолынан келмейтіні анық. Тіпті "қызыл диплом" да жұмыс барысында көмектеспейді. Ең бастысы тәжірибе мен ержүректілік.
Сәкен Асхатұлы 1998 жылы Семей қаласындағы Мемлекеттік медицина академиясына оқуға түскен. 7 жыл бойы емдеу ісі факультетінде білім алған азамат туған жері Дүр Оңғарға оралып, алғаш еңбек жолын бастаған. Қазіргі таңда аудандық емханада хирург, эндоскопист және бейінді мамандар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
– Ең алғашқы отаны Павлодар қаласында бір жылдық практикада өткенде жасадым. Аппендицит диагнозы қойылған жан алдымда жатқанда ешқандай қорқыныш болмады. Университет қабырғасында алған білімімді толықтай есіме түсіріп, тек аман-есен отаны аяқтауды мақсат еттім. Тіпті жанымда тексеріп тұрған дәрігерге де назар аудармадым. Бар ойым тек пациентте болды. Ота сәтті аяқталып, өз еңбек жолым басталды, – дейді ол.
Тілдесу барысында көңілге жылу сыйлаған азаматтың бір қасиеті – туған жеріне деген махаббаты. Білкті маманға өзге облыстардан да шақырту келген. Алайда ол бас тартып, ауылда еңбек етуді мақсат тұтқан. Тіпті үлкен өмірге қадам басатын жастардың да туған жеріне қызмет етуін қалайтынын жасырмады.
– Қазіргі таңда оқудың қиындығынан қашып, мектепті ерте аяқтауға асығатын жасөспірімдер көбейді. Дегенмен, өмір күресті қажет етеді. Әрқашан қиындықтар кездеседі және әрбір адам оған дайын болуы қажет. Медицина саласы қиын болса да, қажет мамандықтың бірі. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге болмайды. Өз замандастарыңа, жақынындай болып кеткен жерлестеріңе жәрдем беруден артық бақыт жоқ шығар, сірә! – дейді Жаңажол ауылында дүниеге келген білікті хирург.
Кейіпкеріміз өз сөзінде аудандағы медицина саласы қарқынды дамып келе жатқанына қуанышын жеткізді.
– Қазіргі таңда ем-домға қажетті барлық құрылғылар да, дәрігерлер де жеткілікті. Ақ халаттылардың жұмыс киімі секілді пейілдері де аппақ. Барлығындағы мақсат – халық игілігі үшін қызмет ету, – дейді С.Асхатұлы.
– Бала күінмнен біреуге көмектесуге бүйрегім бұрып тұратын. Ер жетсем де осы ұстанымымнан таймадым. Хирург мамандығын таңдауымның себебі де сол болар. Білім алуға, білікті атану жолында аянбауға психологиялық тұрғыдан дайын болдым. Қиындыққа қарамастан еңбек етіп келемін және әрі қарай да қызметімді жалғастырамын. Тіпті балаларыма да осы қызметті насихаттаймын, – дейді екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған cүйікті әке.
Айта кетерлігі, өткен жылғы "Жыл қорытындысы" салтанатты шарасында Сәкен Асхатұлы "Жылдың үздік медицина саласы қызметкері" марапатын иемденді. Қызмет барысында талай жетістікке жеткен азаматқа марапаттан бөлек ерекше шабыт сыйлайтын, мерейін үстемдететін – алғыс. Ол – емделушінің алғысы. "Көшеде кездескен пациентің жылы жүзбен сәлем беріп, алғысын айтса арқаланып кетесің" дейді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ ол өзінен кейін еріп келе жатқан жас мамандарға білгенін үйретуден аянып қалмайды. Әрдайым жол сілтеп, кеңес беруге даяр.

P.S.
Жауапкершілігі мол қызметте еңбек ететін бүгінгі кейіпкер – қызметіне адал, антына берік азамат. Күн мен түнді елемейтін Сәкен Ахметұлы секілді мамандар ауданның медицина саласын айтарлықтай дамытуға күш жұмсары анық.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
17 наурыз 2020 ж. 1 208 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930