Жосалым – жер жәннатым
Медицинаны қиын сала деп жатамыз. Олай айтылуы бекер де емес шығар. Біріншіден, оқу процесі ұзақ, жеті жыл білім аласың. Тағы да жалғастырамын дегенге интернатура есігін ашады. Одан соң да білім жетілдіруге резидентура бар... Екіншіден, жүректілік керек. Салқынқандылық пен батылдық болмаса бәрі бекер. Үшіншіден, өмір мен өлім арпалысқан тұста адам жанына арашашы болу – қаншама төзім мен сабырды, білім мен білікті керек етеді. Әсіресе ота үстінде. Қателесуден құдай сақтасын! Қылкөпір. Енді мектепте оқыған он бір жылға білім тереңдетуге, ізденіске кететін жылдарыңызды қосқанда бір жастың ғұмыры шығады. Бір қарағанда жүрексінетін тәріздісің. Бірақ медицинаға қызыққан білімпазға бұл түк те емес. Неге десеңіз айтайық, оны біз кейіпкеріміз Гүлмира Крайбекқызының өміржолынан көргендейміз.
Халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақ халатты абзалымыз дәрігер болуды бала күнінен армандаған. Анасы Зина апай да екі ұлының ортасындағы қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан біртүйір қызының медицинаны таңдауына септігін тигізіпті. Жосалыдағы №105 мектепті жоғары балл көрсеткішімен аяқтаған бойжеткен 2008 жылы Алматыдағы екінің біріне бұйыра бермейтін С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің "Жалпы медицина" факультетіне мемлекеттік грантпен оқуға қабылданады. Мамандыққа қызығушылығы мол Гүлмира аталған жоғары оқу орнын "Үздік дипломмен" бітіреді. Ұстаздарының үмітін арқалаған талантты шәкірт әрі қарай екі жыл интернатураға түсіп, сабағын жалғастырады. Мұнда ол осыған дейін жұмбақ әлемдей болып көрінген "Терапия" мамандығының қыр-сырын игеріп, одан да жоғары биікті бағындырмаққа шешім қабылдайды. Үлгілі студент оқу орнының қоғамдық жұмыстарына атсалыса жүріп, жеті жыл бойы топқа жетекшілік етеді. Оған қосымша қалалық студенттер емханасында терапевт болып жұмыс істейді. Білімнің ұшы-қиырына жету мүмкін еместігін білсе де, жерлесіміз оқу үстіне оқи беруді алдына мұрат етеді. Осындай мақсатты ұстанып, 2017-2019 жылдары "Қазақстан – Ресей" Медицина университетінен "Психиатрия" мамандығы бойынша резидентураны тәмамдайды. Қолына үш бірдей дипломды қондырған қаршадай қыз былтырдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында "дәрігер-психиатр" болып жұмыс істеуде.
– Дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. Анам да кішкентайымнан медицинаның мүмкіндігін құлағыма құйып, айтып отырды. Дәрігер болуыма анамның да әсер еткені анық. Денсаулық сақтау саласы – өте жауапты. Соған қарамастан халқыма адал қызмет етіп, үздік дәрігер атансам деген мақсатым бар. Қазір дәрігер жетіспеушілігі ашық айтылуда. Сол себептен де медицинаның өркендеп дамуына қал-қадірім келгенше ізденіп, еңбек ететін боламын. Студент кезімде шаршау болды. Алайда жүрек қалауымен таңдаған соң бәріне шыдадым. Менің мамандығым – Қазақстанда өзекті әрі енді дамып жатыр. Әлі де зерттеуді керек етеді. Психолог пен психиатр егіз ұғым сияқты көрінгенімен атқаратын қызметі екібөлек. Адамда физикалық және психикалық денсаулық болады. Соның біз психикалық денсаулығымен айналысамыз. Ескере кететіні, бізде ем ұзақ уақыт жүреді, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлмира – ақжарқын, көпшіл. Екеуміз ескі таныстарша тез сөйлесіп кеттік. Адам жатырқамайтын ашық мінезі мені де баурап алды. "Оқу, оқу деп жүріп, ауылда көп болмаппын. Тек санаулы күнге, демалыста келеді екенмін" дейді елге деген ықыласын жасырмай.
– Қасиетті топырағым, құтты мекенім – Жосалы – жер бетіндегі жұмақ жәннатым. Осында туып, осында өстім. Бойжеттім. Қазақ атамыз: "Қыз бала – жатжұрттық" дейді ғой. Білім іздеп жүргенімде отыздың да айналасына келіп қалыппын. Жар сүйіп, келін атану да – парыз. Жақында ата-анамның рұқсатымен, ағайын-туыстың батасымен тұрмыс құрдым. Жолдасым – атыраулық. Туған жерімнің әрбір тасын, құмын жақсы көремін. Туған жерімнен шалғайда жүрсем де "Қармақшының қызы" деген атқа лайық болуға барымды саламын, – дейді дәрігер.
Гүлмира мақтау-марапаттан кенде емес. Мектептегі кезінен бастап қазіргі дәрігер қызметіне дейінгі аралықта түрлі мадаққа ие. Бағындырған белесі мен жеткен жетістігінде Мәдина Жүргенова, Ақтолқын Тоқшылықова, Гүлнар Әшірова, Үлмекен Ақшолақова сынды орта мектептегі ұстаздары мен мединституттағы кафедра меңгерушісі, профессор Саида Ешімбетованың да үлкен үлесі бар екенін ұмытқан емес.
Нағыз маман міне, Гүлмирадай болса керек!
Сәрсенкүл АҚКІСІ