» » Мәртебең көтерілді, мұғалім!

Мәртебең көтерілді, мұғалім!

Ұстаз – ұлы есім. Шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өнегелі тәрбие беріп, асыл қасиеттерді бойына дарыту – ұстаздың міндеті. Осындай зор міндет арқалаған ұлағатты жандар үшін ерекше тарихи шешім қабылданып, олардың мәртебесі биіктеуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 30 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Осылайша ел арасында ұзақ уақыт талқыға түскен ұстаз беделін арттыратын заңға да қол жеткіздік. Педагогтар асыға күткен бұл заңның тиімді тұстары қандай? Білім саласына тиесілі бұл заңның нендей өзгешелігі бар? Халық тарапынан жасалған ұсыныстар бұл заңда қамтылған ба?
Жаңа заңның жақсылығына тоқталмас бұрын әлем тәжірибесіне үңілсек. Ұстаз мәртебесі шетелдерде құқықтық жағынан әлдеқашан реттеліп, халықаралық ұйымдар мұндай бастаманы өткен ғасырдың екінші жартысында-ақ қолға алыпты. Мұның айқын дәлелі – ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымы өкілдерінің «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсынымдар» атты құжатқа қол қоюы. Аталған құжат 1966 жылы 5 қазанда өткен Париждегі арнайы үкіметаралық конференцияда қабылданған. Онда «Бұл мұғалімнің құқығы мен жауапкершілігін, оларды даярлау мен одан әрі білім берудің, жалдау мен жұмыстың халықаралық стандарттарымен, оқу мен оқытудың жағдайларымен бірге белгілейді. Ұсыным қабылданғаннан кейін өткен уақыт ішінде оны білім саласын қамтамасыз ету мүддесінде мұғалімдердің жағдайын жақсартуға бағытталған жетекші қағидаттар кешені ретінде қарастыра бастады» делінген. Сонымен қатар ол құжатта «Мұғалімдер жұмыс істейтін ұйымдардың білім беруді дамытуға елеулі үлес қосатынын мойындаған жөн, сондықтан оларды білім беру саласындағы саясатты әзірлеуге тарту керек» деген ерекше ұсыныстар да болған. Бұған қарап шетелдерде ұстаз мәртебесін арттырудың озық үлгісін қалыптастырғанын анық байқаймыз.
Ал біздегі заңның жарқын тұстары қандай? «Педагог мәртебесі туралы» заң 21 баптан тұрады. Жаңа заңда қарастырылған мәселенің барлығы ұстаздар үшін өте тиімді. Себебі педагогтің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге кеңінен мүмкіндік берілді. Нақтырақ айтсақ, педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, ақпараттық ресурсты тегін пайдалану, біліктілікті арттыру, оқу құралдарын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді.

Педагогикалық әдеп

Аталған заңның бұл бөлігінде педагог мәртебесі бар тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу туралы айтылады. Яғни педагогқа әрдайым өзінің ар-намысын қорғауға кепілдік беріледі. Ал оқушы немесе ата-ана, өзге де тараптан қандай да бір ұстазды қорлайтын іс-әрекеттер қолданылса ҚР заңдарында белгіленген жауапкершілікке тартылатыны анық көрсетілген. Мысалы педагогке этикаға сай емес, бейәдеп қылық көрсеткен тұлғаға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленген. Егер осы азамат бір жыл ішінде мұндай әрекетін қайталайтын болса, оған 40 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынады. Осындай құқық бұзушылықты он екі мен он алты жас аралығындағы бала жасаса, оның ата-анасы немесе қамқоршысына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төленеді. Ал екінші рет қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке өседі. Бұл мұғалім мерейін асырған жақсы бастама дер едік. Оған себеп, соңғы жылдарда ұстаз беделінің төмен түсіп, оқушы, ата-ана тарапынан түрлі жәбір көруі.

Кәсіптік қызметі мен міндеті

Педагогтің кәсіптік қызметін атқаруға толық жағдай жасалады. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оқыту мен тәрбиелеу құралдарымен жарақтандыру тек білім беру ұйымына жүктеледі. Яғни ұстазға білім беру процесінде қандай да бір тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алуды жүктеуге құқықтық жағынан шектеу қойылды. Сонымен қатар педагогке тән емес қызмет түріне тартуға, шамадан тыс есеп беруге, заңсыз тексерулер жүргізуге тыйым салынды.
Мұнан бөлек, педагогтің жеке құқықтары да нақтыланды. Кәсіби қызметі аясында өз пікірін білдіруге, шығармашылық ғылыми қызметпен айналысу үшін шығармашылық демалыс алуға, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға, түрлі тағылымдамадан өту үшін таңдау құқығына басымдық берілді.
Жаңа заңның игі бастамасының бірі¬ – ақылы тәлімгер қызметінің қарастырылуы. Қызмет жолына алғаш қадам басқан жас маманға тәжірибелі педагогтың тәлімгер болуы ұтымды шешім.

Еселі еңбектің жемісі

Педагог еңбегін көтермелеу ¬– бұл заңның басым бағытының бірі. Апталық сағатына байланысты алатын жалақыдан бөлек, жергілікті ерекшелік белгілерімен, құрмет атағымен марапаттау, тиісті дипломы бойынша ғылыми атағына қосымша қаржы төлеу, «Үздік педагог» педагог атағын иеленгендерге бір реттік сыйақы беру секілді өзге де қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Онымен қоса сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, барлық педагогтар үшін демалыс уақытын 56 күнге ұлғайту, педагогтің баласын балабақшаға орналастыру да бұл заңда толықтай қамтылған. Ұстаз мәртебесін көтеруге арналған бұл заңның жаңалығы мұнымен шектелмек емес. 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдарында апталық оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендейді. Яғни, ұстаздың апталық жүктемесі норма бойынша 16 сағат болып есептелінеді.
Тағы бір ерекше тоқталатын жайт, еселі еңбегімен көзге түскен озат мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» марапатының берілуі. Бұл құрметке ие болған ұстаз 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақыға ие болады.
Ұстаз мерейін асырған заңның бекітілуі педагогтар үшін қуанышты жаңалық болды. Осыған орай, аудандық білім бөлімінде, аудан мектептерінде аталған заңды талқылауға арналған жиындар өткізілді. Көптеген жеңілдіктер мен құрметке ие болған ұстаздар қауымы бұл заңның қабылданғанына дән риза. Сондай жанның бірі – Иіркөл ауылындағы №106 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Орынбаева.
– Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ¬– мұғалімдікі» дегеніндей, ұстаз – ұрпақ тәрбиелеуші ұлы күш. Сондықтан олар әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң барша ұстазды қуантты. Жаңа заңды мектеп директорымен бірге ұжым болып талқыладық. Бұл заңда ата-ана жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстазға әдепсіз мінез-құлық көрсету, орынсыз есептілік, қағазбастылық, заңсыз тексеріс үшін нақты шаралар қабылданған. Сонымен қатар педагогтарға берілетін айрықша мүмкіндіктер де көп. Білімді шыңдау мақсатында қосымша білім алу, ауылдық жерде тұратын ұстаздарға жоғары жалақы төлеу, тәлімгерге ақы төлеу секілді материалдық ынталандыруға басымдық берілген.
Ендігі кезекте, заң талаптарының орындалуы барысында қоғам болып үлес қосуымыз қажет. Мұғалімнің беделі мен абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін жаңа заң барша ұстаздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттыра түсетініне сенімдімін, – дейді Гүлжазира Тұрсынқызы.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 қаңтар 2020 ж. 1 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031