» » Қажетіңнің барлығы «Адинадан» табылар (фото)

Қажетіңнің барлығы «Адинадан» табылар (фото)

Әне-міне дегенше бір жылды тарих қойнауына тапсырып, тышқан  жылын «табысты болсын» деген тілекпен қарсы алдық. Бірнеше күн тынығып, жаңа жылдағы жұмысқа тың серпінмен кірістік.
Келешек туралы айту үшін өткенге ой жүгірту ләзім. 2019 жылы мемлекет тарапынан қолдау тауып, жарқын жобалардың игілігін көрген кәсіпкерлерді насихаттадық. Мақсат – кәсіпкерлікте тәуекелшіл жандарды үлгі ету. Халыққа қажет кәсіпті қолға алып, аудан экономикасын көтеруге күш жұмсап жүргендерді қалай мақтамасқа?
Қазір елімізде қай сала болсын аяғынан нық тұрған, өндірісін және қызмет көрсетуді  өрге бастырып, жүздеген, тіпті, мыңдаған адамға жұмыс ұсынған  кәсіпкерлер көбеюде.
Ондай жандар біздің арамызда да бар. Ерлі-зайыпты Алмат Сүлейменов пен Нағима Тоқсанбаеваның жүрек қалаған мамандығынан қол үзіп, кәсіпке бел буа кіріскеніне биыл 10 жылдан асқан. Алғашында орталықтағы шағын дүкенде азғандай киім-кешек сататын. Бағасы қалтаға қонымды болған соң ба аядай дүкеннен адам үзілмеді. Кейін «Теміржол» вокзалының бір бөлігін жалға алып жұмыс істеді. ««Адинада» арзан ғой» деп сонда тартып тұратынбыз. Тиыннан теңге құрап, ақшаны ақылмен жұмсап, тірнектеп жиғанын тиімді үйлестірген олар 2016 жылы кент орталығынан 2 қабатты,  соңғы үлгімен жабдықталған сауда үйін ашқанда лентасын аудан әкімінің өзі барып қиған-ды. Соңғы 3-4 жылдың бедерінде тұрғындардың 70-80 проценті аталған кәсіп иесінің «Адина» сауда орталығынан киінеді. Неге дейсіз бе? Бастысы – бағаның қолжетімділігі. Кәсіпкердің айы оңынан тууының сыры – әкелген тауарға азғантай ғана үстеме қосатынында. Қажетіңнің бәрі табылар орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Қызығатының сол мамандары жұмысқа құдды сынақ тестін тапсырып, қабылданғандай. Сұрағаныңды лезде тауып,  күліп жүріп қызмет көрсетеді. Жылдың әр мезгілінде киетін бірдей арнайы киімдері бар. Біріне-бірі ұқсайтын қыз-келіншектерді  мұнан кейін ажыратып алыңыз.
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке барар баласын дайындаған ата-ана жұмысын осы дүкеннен-ақ бітіріп шығады. Себебі сауда орталығында тек ерлер мен әйелдер киімі емес балалар киімі, аяқ киім, оқу-құралдары мен сөмкенің сан түрі бар. Ойыншықтар, ұсақ-түйек пен ыдыс-аяқ,косметикалық тауарлар,  тұрмыстық техникаларды да талғамыңызға қарай табасыз.
Әйелдердің қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы мен таланты қашаннан жоғары бағаланады. Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін Нағиманың тындырымдылығы, тиянақтылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделуі мен ізденісі  қадірін еселей түсетіндей. Ал Алматтың «ақырын жүріп, анық басатын», «жеті рет өлшеп бір рет кесетін» қырағылығы қолға алған ісінен көрініс табады.
– Кәсіпкер ел керегін түгендеуі тиіс. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтпақшы, біз де бизнесте бағымызды сынап, халыққа қызмет көрсететін орталық аштық.Соңғы уақытта кәсіп бастап, ісін дөңгелету үшін дипломның қажеті жоқ дегенді желеу ететіндер бар. Адамға бірінші білім керек. Бірнеше адамның басын қосып, ұжымды басқару оңай шаруа емес. Кәсіп иесімін  деп шалқаюдан гөрі еңкейетін кезіміз көп. Басшы, алдымен, өзінің қызметкерлерінің еңбегін бағалауы қажет. Себебі, біздің бүгінгі жетістігіміз – ұжымның толассыз еңбегі.Мұндай жұмысты жауапкершілікпен атқарып, ауызбіршілікті ұжым құруымыз жоғары білім алып, қызмет еткеніміздің септігі, – дейді Нағима Тиышбекқызы.
Иә, Алмат Сүлейменов аудандық құрылыс бөлімінде бірнеше жыл жауапты маман болып еңбек етсе, Нағима күні кешеге дейін аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінде жоғары дәрежелі бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. Алғашында қос қызметті қатар алып жүрген олар кәсіпте береке барына көз жеткізген.
Жаңа оқу жылына орай 10 қызметкеріне көмек ретінде сыйақы берсе, жаңа жыл қарсаңында 30 балаға жаңа жылдық сыйлық үлестірген. Одан бөлек жылды қорытындылау кешін ұйымдастырып, ұтыс ойнатыпты. Ұтысқа бағалы сыйлықтар тігілген. Қатысқанның ешбірі құралақан қалған емес. Мақтаулы маманы Әділет Тоқсанбаевқа «Гран при» табыстаса, Айнұр Алмамбетованы «Жыл адамы», Жібек Жарасова, Жанар Жанұзақованы «Озат сатушы»  Жаңагүл Елеунұрова мен Алтынай Түркешованы мақтау қағазымен, Орынбек Ақбатыров, Мейірімжан Орынбаев, Жадыра Қойбағарованы алғыс хатпен марапаттаған.
Алмат Төлеуұлына кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқаны үшін аудан әкімінің бірнеше рет алғысы берілсе,  «Қайырымдылық керуені – 2018» байқауында облыс әкімінің марапаты бұйырыпты. Жыл сайын өтетін «Байқоңыр инвест» форумына делегат болып қатысады.
– Өткен жыл біздің отбасымыз үшін жемісті болды. Дүкенімізді кеңейттік. Қызымыз Адина жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласынан «Адина» киімдер дүкенін ашты. Оған жерлесіміз, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нұрмұрат Ерманов қатысып, батасын берсе,  облысқа белгілі кәсіпкер Байзақ Мұхамедиев лентасын қиды. Жас болса да бас болып, 4-5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ұлымыз Рахат та осы саланы таңдамақ. Бизнес бастау үшін ешқандай тренингке, бизнес үйрету семинарына қатыспаппын. Отбасылық бизнес болғандықтан, барлығымыз ақылдасып, ортақ шешім қабылдап, қадам жасаймыз. «Бірлік  бар жерде, тірлік бар» деген сөз тегін айтылмаса керек. Қазір әр қадамыңды өлшеп, саралап, салмақтап барып жасауды қажет ететін уақыт. «Батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» жоқ. Сондықтан қандай істі болмасын ойланып, өлшеп, пішіп барып жасаған абзал.Егер қандай да бір кәсіп таңдасаңыз, соған өзіңіздің сеніміңіз болу керек. Ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек етсеңіз, жемісін көресіз, – дейді А.Сүлейменов.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
06 қаңтар 2020 ж. 1 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031