» » Ұрыс болған ортадан ырыс қашады

Ұрыс болған ортадан ырыс қашады

    ЖОСАЛЫ, 25 желтоқсан – qarmaqshy-tany.kz Жолдау – әрбір саланың жолбасшысы. Осы стратегиялық құжатқа сүйене отырып құрылымдар өз жұмысын жүйелейді, алдағы бағыт-бағдарын айқындайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кейінгі Жолдауларында дауды сотқа дейін шешу мәселесіне, сот жұмысын оңтайландыруға тапсырма берілсе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауынан да сот төрелігін жандандыратын межелі міндеттер ұмыт қалмаған. Мұның барлығы жинақталып, Жоғарғы Сот тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Сот төрелегінің жеті түйіні» жобасының іргетасын қалағаны мәлім.

    Жеті түйіннің нәтижесінде тәжірибеге енгізілген пилоттық жобалардың өзі бүгінде жағымды нәтижелер көрсетуде. Әсіресе «Татуластыру: Сотқа дейін, сотта» жобасы бойынша республика соттарында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Тараптарды татуластыру арқылы істі бітімгершілікпен шешуді көздейтін бұл игі бастама азаматтардың әуресін азайтып, қаржысын үнемдеуге, уақыттан ұтылмауына септігін тигізіп отырған жайы бар. Араздасқандардың ара жігін ашпай, өзара сыйластықты, жылы қарым-қатынасты сақтауға көмектесетіні де жобаның жағымды тұстарының бірі. Бұрын татуластырудың артықшылықтарын тек соттар түсіндіріп, насихаттайтын болса, қазір даулардың бітіммен бітуіне медиаторлар, Қазақстан Халықтарының ассамблеясы, әкімдіктер, адвокаттар көмектесіп жүр. Жер-жерде медиация кабинеттерінің ашылып, жұмысын жаңа бастап жатқан Билер кеңесі де дауласқан тараптарды ақылға шақыруда пәрменділік танытуда. Мысалы биылғы жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық сотында 2 іс осы Билер кеңесінің араласуымен оң шешіліп, тараптар ортақ келісімге келді. Осының өзі жобаны әрі қарай сәтті жүзеге асыру үшін кез келген мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігін айғақтайды.
    Шыны керек, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ортада даулардың көбейіп, келіспеушіліктердің сот арқылы шешілуі жақсылықтың нышаны емес. Өйткені дау болған ортада даму болмайды. Ұрыс болған ортадан ырыс қашады. Ал шағын ауданда бір-бірімен жақын таныс болмаса да, көз таныс, жүз таныс болып жүрген жандардың ашумен сотқа арыздануы айналасындағы жандарға да аз әсер етпейді. Осы тұста біреудің үстінен шағым айтуды намыс көрген қазақы түсініктің кемелдігіне қайран қаласың. Ауыл арасындағы түсінбеушілікті өршітпей шешкен сол тұстың ақылман ағаларының, ақсақалдарының беделі неткен биік болған. Үлкендерді сыйлайтын, аталы сөзге тоқтайтын ұрпақтың азайып бара жатқанын осы тұста еріксіз мойындайсың. Билер кеңесі жылдар бойы үзіліп қалған сол олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз.
    Сондай-ақ, кейінгі жылдары кәсіби, кәсіби емес медиаторлардың да белсенділігі жоғарылап, халық арасындағы танымалдығы артып барады. Олардың қызметін пайдаланып, көмегіне жүгінетіндер қатары да сәйкесінше көбейген. Сотқа дейін, сот отырысы кезінде татуласуға болатынын түсінген азаматтардың ашуын ақылға жеңдіріп, істі бітімгершілікпен шешуге ынта танытуы жиіледі. Мысалы биылғы жылы Қармақшы аудандық сотында 15 қылмыстық іс, 50 азаматтық іс, 36 әкімшілік іс татуластыру жолымен, бейбіт шешілген. Сот жүктемесін азайтып, судьялардың күрделі істерге көбірек ден қоюына көмектесіп отырған бұл жобаны алдағы уақытта әлі де жандандыра түсу маңызды. Дегенмен, мұндай тиімді бастаманы тек соттың күшімен жоғары деңгейде жүзеге асыру мүмкін емес. Халық қолдаған, көпшілік көңілінен шыққан жаңалықтар ғана өміршең болатынын ескерсек, татуластырудың пайдалы жақтарын насихаттаумен судьялардан бөлек, адвокаттар, медиаторлар, әкімдіктер, кәсіптік одақтар, сондай-ақ, ауылдың ақсақалдары да тұрақты айналысуы керек. Сонда ғана дауларды сотқа дейін, болмаса сотта ортақ мәмілемен шешіп қоймай, азаматтар арасындағы дауласушылық деңгейін төмендетуге, арыздардың алдын алуға жол ашылатын еді.

Д.Кентбаев,
Қызылорда облысы
Қармақшы аудандық сотының төрағасы
25 желтоқсан 2019 ж. 655 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031