Кәсіптің көзін тапқандар

«Алма піс, аузыма түс» деп босқа қарап жатпайтын отбасы балалары өз бетінше еңбек етуге қалыптасқан. Жеңісбекті де жетектеген ешкім жоқ. №250 мектепті бітірген жас Талғарға барып, сауда саласына қатысты мамандықты игерді. Одан кейін әскери борышын өтеді. Жұмыс талғамайтын жас тапқан тиын-тебенін жинап, жеміс-жидек сатты. Кейін Бельгиядан жақпа майлар әкеп, пойыз аралап нәпақа тапты. Стамбулдан кілем әкелді. Қазіргідей жүк көлігін жалдайтын кез емес. Затты пойызбен тасиды. 15 жыл жуық аудан орталығындағы базарда қыста суығына тоңып, жазда ыстығына күйіп халыққа қызмет етті. Оңай болған жоқ. Халықтың тұрмысы да мәз емес-тін. Әкелген тауарды қарызға алады. Қарызға беріп қойдым деп қарап отыруға тағы болмайды. Қай істің де көзін таба білетін жастың несібесіне жақсы жар бұйырды. Бағила өсіп-өнген әулеттің қызы. Ол ерінің тапқанын үлгертіп отырды. Жас отбасы қайта келмейтін керемет кезеңді ойын-күлкімен өтізген жоқ. Есесіне кәсібін көркейтіп, жолға қойды.
– Дүкенге қарсы мешіт орналасқан. Мешітке жиі барып, көмек сұрағанға аянып қалмаймын. Міндетіме алған бірнеше отбасы бар. Оларға тұрақты түрде азық-түлік пен қажетті заттарын жеткізіп тұрамын. Кәсібімді өркендетуде «мелекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не беремін» деп еңбектенген жанмын. Табысты болуым алдымен халық пен егемендіктің арқасы дейді, – кәсіпкер.
Ұлы Айбек Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті. Атасына ұқсап өнер жолын таңдаған. Қазір киноға түсіп жүр. Айбол, Айша ата-анасының көз қуанышы. Асылай аудандағы «Айқаракөз» би тобының мүшесі.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА