» » Итке «гарантия» бар ма?

Итке «гарантия» бар ма?

Жүні үрпиген алабай әжемнің белінен арс етіп тістегенде төбе шашым тік тұрды. Қайта қомаш-қомаш болып, бөкебайды беліне он ораған кіттәй кемпірдің Құдайы сақтады. Тілі салақтап, аузынан сілекейі аққан әлгі итті таяғымен бір-екі рет салып қалды. Аш төбет бұған бірден көнсін бе, абалап-абалап, болмағасын тайып тұрды. Біздіңше «ерлік» көрсеткен әжеміз еш саспастан миығынан мырс етті. Артынша көрші-көлем жиналып әлгіні аттырып тастады. Құлақ тұсымыздан тарс еткенде жүрек шіркін шыдас бермей зырқ ете түсті. Бітті, жануарың жан тапсырды. Алайда айтпағымыз бұл емес...
Талайының құтын қашырған ит біткеннің тобыры көше кезіп өріп жүр. Үлкендерің жанын шүберекке түйгенде мектепке бара жатқан балалар қорықпайды деймісіз. «Апа-а» деген іштей күбір үрейлі көзінен-ақ байқалады.
Қазекем ертеден-ақ иесіне адал құмай тазыны жеті қазынаның бірі санаған. Малшы мен аңшыға сенімді серік болғаны үшін ардақтайды. «Бөрінің тәңірі болса, иттің иесі бар» деген тәмсіл содан қалған. Алайда төртаяқтының бәрі бірдей қадірлі емес. Оған дәлел олардың бейқам жүрген жанның үрейін ұшырып, жалт бергенше тап беруі. Нәтижесінде 205 жарақат салған жағдай тіркелсе, иесі белгілі 104 ит, 3 мысық ветеринариялық бақылауға алынған. Төтесін айтсақ, биыл 2103 ит, 31 мысықтың көзі жойылды дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Асылбек Қалжанов.
– Қаңғыбас иттердің көзін жойып, кейбіреуін құжаттап жатырмыз. Ит тістеп, жарақат алушылардың 50 процентінің иесі бар. Яки бұл ит-мысығының ережесін дұрыс сақтамаудың салдарынан. Итін бос сенделтіп қойған иелеріне де облыстық мәслихат бекіткен арнайы ереже бар. Егер ескертуге құлақ түрмесе 2018 жылғы 29 наурыздағы №195 «Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы №262 шешіміне өзгеріс енгізу туралы шешімімен ит, мысықтарды ұстау ережесі белгіленген. Соған сәйкес жауапкершілікке тартылады, – дейді бөлім басшысы.
Қош, айтылып жатыр, ауланып жатыр. Бірақ қаңғыбас иттердің қайдан шығатынын бажайлай алмай отырмыз. Ал ондай ит қаншалықты қауіпті? Мамандардың айтуынша, көше кезген иттен гөрі иесі бар иттің зияны басым.
– Қаңғыбас ит – ауру таратушы «көз». Себебі кез келген жерден табылған тамақ қалдығымен қоректенеді. Етқоректіге тән ауру тістеу арқылы адамға қауіп әкеледі. Бұл әсіресе тұрғындарға зиянын тигізеді. Әрине, ит – адамның досы. Оны асырауға да бап керек. Төбетін бетімен жібермей, тіркеп, ветеринарлық емханада егу шарасын жүргізуі қажет. Ауру иттің белгілерін де оңай аңғаруға болады. Сілекейі шұбырып, жүні үрпиіп, көзі қызарған итіңіз болса дереу екпе салдыртыңыз, – дейді аудандық ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі Мәди Сарыбаев.
Бала күнімізде үлкендер «Ит – иттігін жасайды» дегенде сенбеуші ек. Алайда жануардың аты жануар. Кез келген уақытта «арс» етпеуіне ешкім кепілдік бермейді.
Сонау ежелгі ойшылдар Аристотель мен Демокрит иттің құтыруын ауыр дертке балаған. Ал тарихта Әмір-Темірдің бұйрығымен Алтын Орданың болашақ ханы Тоқтамыстың ит қапқан әйелі мен қызының өмірін қиған. Демек бұл құтырудың жұғу жолы өте жеңіл дегенге саяды.

P.s
Көше кезген қаңғыбас иттердің ішінде сіздікі де болуы мүмкін. Бүгін ол өзгені қапса, ертең өзіңізге шаппасына «гарантия» бере алмайсыз. Ереже бәріне ортақ. Сол үшін итіңізді байлап қойғаныңыз абзал...

Айнұр ӘЛИ
10 желтоқсан 2019 ж. 1 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031