» » Әке шаңырағы кімге аманат?

Әке шаңырағы кімге аманат?

17 жасында тарихи миссиясын орындаған Абылай ханның қарашаңырағы Уәліге, одан Шыңғысқа қалған. Атақты Шақшақ Жәнібектің қарашаңырағы кенже ұлы Тоқтамысқа, одан кейін батырдың оныншы ұрпағына аманатталған. Иә, атадан балаға мұра болған үй – киелі үй. Оны ел, ағайын-туыс «қарашаңырақ» деп құрмет тұтады. Бүгінде бұл дәстүр  жалғасын тапты ма? Кенже бала өз ұясының түтінін түзу ұшырып, іргесін берік ұстап жүр ме?
«Қайсымызды қаттырақ жақсы көресіз?» деген сауалды өзіміз де ата-анамызға жиі қоюшы едік. Сонда олар «Әрқайсыңның орның бір төбе» дейтін. Алайда қашанда кенже ұл ерекше мейіріммен өседі. Себебі оған бала күнінен «шаңырақтың иесісің» деген ұғымды құлағына құйып өсіреді. Сондықтан да атадан қалған ұяның жылылығын, отбасының ынтымағын сақтауға мүдделі екенін бірте-бірте сезініп ержетеді.
Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайға үлкендер «тіккен отауың биік, шаңырағың берік болсын» деп бата береді. Бұл – құрған отбасының мәртебесі жоғары болсын деген сөз. Қазақ шаңырағында бірінші әке, содан соң ана осы отбасының – ұстазы. Әке – ол әрбір істі ойлап барып бастайтын қамқоршы жан. Анадан гөрі қатал. Әсіресе ер баланың тәрбиесінде оның рөлі айрықша. Әкенің мінезі, өнері мен білімі – ұл баланың өнеге алатын нысанасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысшыл ер тәрбиелеу аталар арманы болған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз соны меңзейді. Ал қыз бала – ертеңгі келін. Барған жерінде қандай тәрбие алғаны анасынан айшықталады. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, отбасынан бастау алған тәрбие оның келешегі болмақ. Қаталдықтың артында өжеттілік, қайраттың артында жігер жатады.
Әрбір ата-ана  баласын саналы болса екен дейді. Оның ішінде кенже балаға ерекше ықыласпен қарайтыны жасырын емес. Олай болса отбасы іргесінің берік болуы тікелей кенже ұлға байланысты. Қарашаңырақ – ата-ананың үйі. Әдетте оған отбасының балалары, туыстары жиналады. Кенже баланың үлкен бауырлары қамқорлықпен қарайды. Кенже келіннің де атқарар міндеті зор. Естеріңізде болса, батыр Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова жаңа түскен келініне (қаланың қызы): «Мен бір Момышұлының келіні болсам, сен екі Момышұлының келінісің. Саған артылар жүк екі есе» дегені. Шаңырақ пен ондағы әрбір құндылық кенже баланың арқасында сақталып, ата-анаға деген құрмет сезімін жылдар бойы жалғастыра береді. Ал әке-шеше отырған үй қашанда ардақты, әрі ыстық. Ұрпақ соған бас иеді. Оны құтты орынға теңейді. «Ордаға керек – отауға да керек» деген аталар өсиеті негізінде әр ұрпақ өзінің шаңырағын ата-салты бойынша жоғары көтеруі керек. Өзінің ұрпағын өсіріп, өркенін жайдыруды мұрат тұтуы тиіс.
Шариғатта «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат» делінген. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшелігі арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеген. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Сондықтан да шаңыраққа ие болудың өзі – шексіз абырой.
Алайда бұл қасиетті атау мен аманатқа сызат та түсіп үлгерген сыңайлы. Бірі – ауылдан қалаға көшсе, енді бірі –  жұмысбастылықпен қаланы асырауда. Бірде анам бала күнінде тай-құлындай тебісіп өскен ауылына барды. Сол жерде бұрынғы көршілер бас қосып, ас беріпті. Қызығы сол кезінде жол бойында 30 шақты үй ғана тұрған. Бүгінде ол жерде түкқалмаған. «Тоқал тамдары» шөккен. «Мынау біздің үйдің орны, мынау сарай еді» деп шуласқан ескі көршілерді көргенде көзге еріксіз жас келді. Туған жерін, ыстық ұясын аңсап барғанда бұйырғаны қабырғасы құлап, орны қалған жұрт болды. Қазір өзге мекенде жүрсем де, бала күнгі оралмас естеліктер кадр іспетті көз алдымнан кетпейді. Ауылға барғанда сағынышымды әрең басатын да осы – қарашаңырақ.
Түйін
«Өз үйім – өлең төсегім». Мұны сыртқа шығып, қонақтан келген әр қазақ айтады.  Рас қой? Қазақ ешқашан  қарашаңырағын тастап, шетке кеткен емес. Бас қамының амандығын, тұрмысының жақсы болуын ойлаған бала, ата-анасынан қалған мұраға қандай құрметпен қарайды? Әрине, әке шаңырағы –  кенже ұлына аманат. Ал сіз қиянат жасап жүрген жоқсыз ба?
Айнұр ӘЛИ
11 қыркүйек 2019 ж. 1 254 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031