» » Уақыт пәрмені һәм «Цифрлық Қазақстан»

Уақыт пәрмені һәм «Цифрлық Қазақстан»

Бұрын көкжәшікте үш арнаны олай да бұлай ауыстыра қарайтынбыз. Сол кездің кірпіш «нокиа­сын» қолға ұстау арман еді. Емхана, банк, барлық төлем орталығы ұзын-сонар кезек. Адамға лық толы. Әлем бірінші естіген жаңалықты араға күн салып әлгі үш арнаның бірінен әрең көреміз. Онда да жарық болса. Болмаса білте шаммен күнелтуге тура келді. Қазір ше?  Қазақстан сандық технологияға қол жеткізгелі батырманы басу арқылы жұмысын жеңілдетті. Мәселен үйде отырып-ақ несие төлеуге, ол несиені онлайн арқылы алуға мүмкіндік бар. Ғажап па? Ауа-райының қолайсыздығы да әсер етпейді, кезекке де тұрмайсыз. Тек қалтафоныңыз болса болғаны. Ең бастысы бұл қызметкерді том-том болған қағазбастылықтан арылтты.
Цифрландыру – заман талабы. Бет­бұрыстың жаңа кезеңі. Әсілінде «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы негізгі төрт бағыттан тұрады. Бі­ріншісі – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, елдің транзиттік мүмкіндігін арттыру болса, екіншіден – экономиканың, яки көлік және логистика, ден­саулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда салаларына цифрлы технологияны енгізу. Ал үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Төртіншісі – IT мамандарды даярлау. Қош. Сандық технологияға бет бұрғалы нендей өзгерістер байқалады? Цифрландыру мақсаттан шығып отыр ма?
ДАМУДЫҢ ТЫҢ ӨЗГЕРІСІ
Осыған дейін халыққа қызмет көрсету орталығы мен банкте адамдар мекеменің «аузы-мұрнынан» шығып тұратын. Азанда кіргеннен кешке бір-ақ шығатын күндер де болды. Ал қазір арнайы сілтеме арқылы ғаламтормен жұмыс істеуді үйренсеңіз жеткілікті. «Бір терезенің» маңын торуылдамай-ақ анықтама алу, баланы балабақшаға кезекке қою, ЖСН дайындау және тағы басқа қызмет түрін үйде отырып-ақ пайдалана аласыз. Дәрігерге қаралғыңыз келсе DamuMed қосымшасына кіріп, дәрігерге көрінуге кезекке тұруға болады. Уақыт та тиімді жұмсалады. Бүгінде елдегі біршама мемлекеттік орган іс жүргізудің озық технологиясын, электронды құжат айналымын пайдаланады. Бұл игі үрдістен сот та тыс қалмай, іс жүргізуде заман ағымына сай жаңа жүйені меңгеруде. Соттармен арадағы құжат айналымы мәселесі бірте-бірте қағаздан элек­трондық форматқа ауысты. Яки сотқа «Төрелік» құжат айналым ақпараттық жүйесі енгізілді. Мұнда іс жүргізу ақпаратын, шығарылған шешімдермен танысу, қаулылармен, сот ұйғарымдарымен және басқа да қажетті ақпараттарды сот ісін жүргізуге қатысушыларымен шұғыл алуға мүмкіндік жасалған. Әрі «TrueConf» мобильді қосымшасы арқылы сот процесіне онлайн қатыса алады. Оған «QR code» арқылы сот қызметіне бағытталған арнайы ба­залық топтаманы және Digital Agent қосымшаларына сот орган­дарының жұмысын бағалау енгізілген.
Сондай-ақ, электрондық үкіметті дамыту шеңберінде «Ашық үкімет» модулі іске қосылды. «Ашық деректер» порталы мемлекеттік органдардың жалпыға бірдей қолжетімді дерек­терін автоматтандырылған түрде сақтауға болатын сайт іске қосылып, жұмысын бастап кетті.
САЛЫМШЫЛАРДЫҢ
УАҚЫТЫ ҮНЕМДЕЛДІ
Біз қазір бейнеттің зейнетін көру үшін жұмыс істеудеміз. Оны қалай бақылай аламыз? Ай сайын зейнетақы қорына қанша түсіп тұр? Бұл сауал көпті қызықтырары анық. Ол үшін смартфонға арнайы қосымша қажет.Play Market немесе AppStore арқылы «ЕНПФ» бағдарламасынан қанша сома тұрғанын анықтауға болады. Ұялы қосымшаны Android және iOS базасында жұмыс істейтін кез келген смартфон немесе планшетке тегін жүктелінеді. БЖЗҚ – жоғары технологиялық байланыс құралдарының көмегімен алыстан байланыс орнату арнасын дамытуда. Әлемтор – белсенді қолжетімді құрал болса, ұялы қосымша – ақпарат алудың заманауи тәсілі. Бүгінде ол салымшылар үшін сұранысқа ие қызметтің біріне айналды.
Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпиясөз немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кез келген уақытта www.enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетке кіріп, зейнетақы жинақтарының жай-күйін, табыстылығын көруге болады.  Telegram-bot қызметі де салымшылар арасында сұранысқа ие. Қашықтан байланысу арнасы уақытты үнемдеумен қатар жастарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартуға септігін тигізеді. Ал олар – әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары. Сәйкесінше Қордың «Одноклассники», «Facebook», «ВКонтакте», «Twitter» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары жұмыс істейді. Биылғы жылдың мәліметі бойынша жазылушылардың жалпы саны 40 мыңға жуықтаған.
АУА РАЙЫ БОЛЖАМЫНАН
ХАБАРДАР ЕТЕДІ
Қазір ауа-райын білу үшін бұрынғыдай көкжәшікке телмірмейсіз. Әлгінде айтқан смартфонда ұялы қосымшаның түр-түрі бар. Жүктеген соң сіздің қай жерде орналасқаныңызды анықтап, сол мекеннің ауа-райы көрсеткішін болжайды. Мұнда 10 күнге дейінгі, тіпті 1-2 ай алдағы күн райынан хабар алуға болады.
Биылдан бастап «Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша ауа райы болжамын ұсынудың жаңа форматын әзірледі. Алдағы үш тәулікке арналған ауа райы болжамы күнделікті видео, аудио түріндегі жаңа форматта беріледі.Онда ғарыштан сурет және ауа райын болжаудың цифрлық әдістері пайдаланылады. Болжам мемлекеттік және орыс тілінде «Қазгидрометтің» ресми сайтында немесе «Instagram», «ВКонтакте», «Facebook» әлеуметтік желісіне салынып отырады.
 «Қазгидромет» синоптиктері Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін видео, аудио арқылы қауіпті табиғи құбылыстар: нөсер жауын, күшті жел, найзағай, дауыл, бұрқасын, шаңды дауыл, үсік, тұман, бұршақ, температураның күрт төмендеуі, көтерілуі секілді ақпарат тарататын болады.  Жаңа форматтың мақсаты да – осы.
P.s
Уақыт зымыраған сайын заман өзгереді. Ал заманмен бірге көштен қалмай ілесіп отыру қажет. Біз жазған бірнеше мүмкіндік халық үшін қолайлы. Мұнымен қоса жаңалықтарды уақытында қабылдау маңызды. Қазір ақпарат жылдам тарайтын заман. Әлем бойынша бір секундта 10 сайт ашылса, бір дегенде үш миллионнан аса хат жіберіледі. Әні, енді көшпен ілеспей көріңіз...
Айнұр ӘЛИ
11 қыркүйек 2019 ж. 1 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 150

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930