» » БАЗАР БАҒАМЫ: ӨЗГЕРІС ҚАНДАЙ?

БАЗАР БАҒАМЫ: ӨЗГЕРІС ҚАНДАЙ?

Африка құрлығындағы ең үлкен базар – Хан-Эль-Халили, 300 жылдық тарихы бар Лондондағы Портобелло базары, Париждегі Сент-Уан, Мадридтегі Эль-Растро базары. Иә, тізбектей берсек көп-ақ. Бұлар әлемдегі ең танымал базарлардың бірі. Ерекшелігі – аты шулы брендтік өнімдерді, азық-түлікті, ұсақ-түйектерді арзан бағаға сатады. Керек десеңіз түнгі уақытты да шоппингпен өткізуге болады. Бастысы қалтаңыздың жұқалық жырына қарамайды. Әріге кетіп қайтеміз, қалтаға қонымды өнімді өзімізден іздеп көрелік.
Пенде болып жаратылған соң тіршілік ету заңдылық. Ол үшін еңбек керек. Еңбектенсе кәсіп, кәсіптен нәсіп табуға болады. Бірі – мемлекеттік орында қызмет етсе, бірі – қойшы, ал енді біреуі – сауданы қол көреді. Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде өз еңбегінен артық қайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт пайғамбар да еңбектеніп, өз қолымен тапқанын жеген» (Бұхари, Бую-15).
«Біздің базардан» алыс-жақын ауылдан келіп, керегін алып кетушілердің қарасы көп. Аудан орталығы болған соң сауда қыза түскен. Иә, бізге базар алаңы қып-қызыл ақша көрінеді. Алайда оның біз білмейтін қыры да, сыры да көп. Тұтынушымен байланыс орнату, оған тауарын жарнамалай білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Қош. Базар десе бағамы қатар жүретін сауданың қазіргі тынысы қандай? Жақында ғана зейнетақы мен жалақы өсті. Мұны естігін кейбірінің төбе шашы тік тұрып бағаның өсуін алға тартты. Яки азық-түлік қымбаттайды деді. Көбі долларға кінә артады. Содан соң саудагерге. Ал олар «біздің кінәміз жоқ» деп ат тонын ала қашады. Бұған не себеп? Жауап іздемекке елдегі азық-түлік бағасының статистикасын іздедік. Нәтижесі мынадай:
Былтырғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы 2017 жылмен салыстырғанда 5,7 процентке  өскен. Баға сүт өніміне – 9,3 процент, балық және теңіз өніміне – 6,8 процент, кондитерлік өнімге, тоқаш және ұн өнімдеріне – 5,8 процент, қантқа – 3,4 процент, макарон өнімдеріне – 2,3 процент, кофе, шай және какаоға, нанға – 1,8 процент, жемістер мен көкөністерге – 1,3 процент, ұнға 0,9 процент жоғарылаған. Ал жармалар 11,8 процентке төмендепті. Аталған кезеңде ет және ет өніміне баға өсімі 6,9 процентті құрады. Жылқы етіне баға деңгейі – 9,5 процент, шұжық өніміне – 7,5 процент, сиыр етіне – 7,3 процент, шошқа етіне – 7,1 процент, қой етіне 5,9 процентке жоғары болған.
Базар бағасы ырыққа көнбейді. Олай дейтініміз құбылмалы «атмосферада», әсілінде  түрлі жайттарға байланысты баға өзгеріп отырады.
Теңге девальвациясына байланысты тауар бағасы міндетті түрде өседі. Өйткені біз шығынға батқымыз келмейді. Мәселен көтерме дүкеннен немесе базардан бір келі картопты 80-85 теңгеге алдық делік. Ал бұл затты мен өз дүкенімде нақ бұл бағаға сата алмаймын. Себебі пайда көруім керек. Үстіне 15-20 теңге қосып сөреге қоямын. Сонда біз оны қалай 85 теңгеге сатпақпыз? Ол мүмкін емес, дейді аудан орталығындағы дүкендердің бірінің иесі.
Сол секілді «біздің саудадағы» ет бағасы – 1400-1500 теңге, 5 литрлік күнбағыс майы шығарылған фирмасына қарай – 1250-1450 теңге аралығында, сәбіз – 120-130 теңге шамасында болса, жуа – 80-100 теңге аралығында бағаланады. Алма сортына байланысты – 300-400 теңге, алмұрттың бағасы алмаға қарағанда қымбатырақ. Сондай-ақ делдалдардың бағаны қоюына байланысты баға тұрақтылығы өзгеріп отырады. Мәселен қазір алған 80 теңгелік пиязыңыз келесі аптада 130 теңгеге көтерілуі мүмкін. Себебі, сатушы алған бағасына қоса сатып, үстінен пайда көруі тиіс.
Тақырыпқа қатысты мына әңгіме ойға оралады, ертеректе Юнус ибн Убәйд есімді саудагер болған екен. Ол мата сататын. Оның дүкенінде құны 200 дирхам мен 400 дирхам аралығында түрлі бағадағы маталар бар еді. Бірде Юнус намазға бару үшін орнына, яғни дүкенге бауырының ұлын қалдырып кетеді. Намаздан қайтып келе жатқанда бір кісінің қолынан өзінің арзан бағалық матасын таниды. Әлгі адамнан:
Матаны қаншаға алдыңыз? деп сұрайды. Ол:
400 дирхамға алдым, дегенде, Юнус саудагер:
Алдаған екен ғой, матаның құны 200 дирхам. Кері қайтыңыз, артық ақшаны алыңыз, дейді. Сонда әлгі кісі:
Бұл мата біз жақта 500 дирхам тұрады, мен алданған жоқпын, дейді. Юнус саудагер: Жоқ, болмайды. Кері қайтайық, матаны қайтып өткіз. Насихат айту дүниелік пайдадан артық, деп, адамды кері дүкенге алып келеді де, 200 дирхамын қайтарып береді. Ол кісі кетісімен немере інісіне:
Алладан қорықпайсың ба? Екі жүз дирхамдық матаны 400 дирхамға қалай саттың? Мұсылмандарға насихат айтуды ұмыттың. Алушының білместігін пайдаланып, 200 дирхамдық матаны 400 дирхамға сатып жіберуге қалайша дәтің барды? деп ұрсады. Сонда інісі:
Ант етейін, ол матаны өз ризашылығымен алды, дегенде, Юнус ибн Убайд:
Жарайды, ол ризашылығымен алды делік, сенің бұған арың қалай шыдады? дейді.
Ал сіз қаншалықты адалсыз?

Түйін.
Айта кеткен жөн болар, нан бағасы да 10 теңгеге қымбаттады. Бұлқан болып, әуре-сарсаңға түскен жанға кеңес, дұрысы қолдан нан пісіру. Қараңызшы, дүкеннен күніне екі бөлкеден алсаңыз, бір айға шаққанда 4200 теңге болады екен. Оның орнына 3100 теңгеге 25 келілік бір қап ұн алыңыз. Есесіне бір айдан аса уақытқа пайдаланарыңыз сөзсіз. Ал егер базарлатсаңыз, онда міндетті түрде саудагермен жақсы тіл табыса біліңіз.

Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
27 наурыз 2019 ж. 1 626 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031