» » Кент көркейіп, өріс кеңейді

Кент көркейіп, өріс кеңейді

ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ АДАМЗАТ БАЛАСЫНЫҢ ТҮСІНІГІНДЕ ӨЗІ ТУЫП-ӨСКЕН АТА МЕКЕНІ – РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ, ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ. АУЫЛДЫҢ ТАЗА АУАСЫН ЖҰТЫП, КӨРКЕМ ТАБИҒАТЫНАН ҚУАТ АЛЫП ӨСКЕН ӘРБІР АЗАМАТ ТУЫП-ӨСКЕН ТОПЫРАҒЫН БАРЫНША ҚАДІРЛЕУІ АЙТПАСАҚ ТА ТҮСІНІКТІ.
«Ауыл – қазақтың төл бесігі» дегендей, туған жердің түтіні де, топырағы да, бәрі-бәрі қымбат. Мен туып-өскен Жосалының табиғаты өзге өңірден ерекше, адамдары еңбекқор, қонақжай.
Қазақ халқы ұғымында «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» деп текке айтылмаған. Осы ретте, қасиетті Қармақшы өңірінің орталығы Жосалы кенті соңғы жылдарда заман талабына сай өзгеріп, көркеюде. Кәсіпкерлік нысандар саны көбейіп, олар кентіміздің дәулетіне сәулет қосуда. Көшелер жөнделіп, түнгі жарықтар кент ажарын ашып тұр. Дәмханалар, ойын-сауық орталықтары, мекемелер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.
Мәселен, кентіміздің соңғы бес жылдағы өзгерісіне тұрғындар куә. Алдымен оқырмандарға кенттегі көшелер бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырсақ.
Кентте 138 көше бар болса, осыдан бес жыл бұрын сол көшелердің сапасы мәз емес болатын. Ал қазір ше? Осы сұраққа келсек, 2018 жылы кенттегі Меңей батыр, Сақи Кішенов, Әбен Тоғызбаев, Сәдібек Айекенов, Қасымов көшелеріне және Калинин елді мекенінде орналасқан қоқыс полигонына баратын жолға қиыршық тас төселсе, Жолдыбаев көшесі мен Теміржол аймағына түгелімен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, бұл жұмыстар 2019 жылы да жалғасын тапты. Үкімет тарапынан қолдау тапқан мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылған жобадан кентіміз де өз үлесін алып, жалпы ұзындығы 13,65 шақырым болатын 13 көшеге жөндеу жүргізіліп, асфальттанды. Сондай-ақ, Мәденбай Құдабаев, Дәмегүл Мырзағалиева, Ақмаржан, Әбдуәли Жаназаров, Теміржол көшелеріне қиыршық тас төселіп, ол көшелер орташа жөндеуге дайындалса, 2020 жылы Мәншүк Мәметова, Балқы Базар, Тәйімбет Көмекбаев тұйықтарына да қиыршық тас төселді. Сонымен бірге сол жылы мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша кентте 15 көше орташа жөндеуден өтіп, жол мәселесі барынша шешімін тапты. 2021 жылы да бұл жұмыстар қарқын алды. Атап айтқанда, ауылдарды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аясында кенттің басты көшелерінің бірі – Абай, Қорқыт ата, Марал ишан, сонымен бірге Құдабаев, Теміржол, Қазантаев, Рүстембеков, Жаназаров, Медешов көшелеріне асфальт төселіп, мұндай игі іске мұрындық болғандар тұрғындар ризашылығына бөленді. Ал, өткен жылы көптен кент тұрғындары тарапынан шешімін таппай келген түйінді мәселелердің бірі – Кеңес Үкіметі жылдарында кент тұрғындарына әсемдігімен, көрікті көрінісімен танылған «Алейка», яғни қазіргі Тайшық би көшесін көркейту көгалдандыру болатын. Міне, тұрғындардың бұл өтініші де орындалып, көшенің бір бөлігі асфальтталып, бір бөлігіне қиыршық тас төселді, алдағы жылы ол да өз шешімін табады деп сенеді тұрғындар. Сонымен қатар, арықтарға бетон лотоктар орнатылса, көше ортасынан жаяу жүргіншілер жолы жасалды. Оған заман талабына сай орындықтар мен түнгі шамдар орнатылды. Сонымен бірге, көше басына балалар үшін ойын және спорт алаңы салынып, ол да пайдалануға берілді. Бүгінде ойын алаңы кент балаларының ғана емес, сол аумақта тұратын тұрғындардың да демалатын орнына айналды. Бұл өткен жылдың ерекше бір жаңалығы болса, кент орталығындағы ең көне көшенің бірі – Аманкелді көшесіне де күрделі жөндеу жүргізілді. Оның айналасындағы шағын көшелерді аяқ сумен қамтамасыз етуде лотоктар жаңасымен ауыстырылса, көп жылдан бері жөндеу көрмеген көше жаңа кейіпке енді. Жаңа жарық шамдар орнатылды. Көше бойына заманауи үлгідегі жаяу жүргіншілер жолы салынып, ерекше үлгідегі орындықтар қойылды. Жақын арада бұл жұмыстар аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, кенттегі қара жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстары да жалғасын табуда. Нақтысын айтқанда өткен жылы облыс, аудан бюджетінен бөлінген қаржыға 17 көшеге қиыршық тас төселді. Мұның өзі кентте автокөлік қауіпсіздігін болдырмауда, жауынды күндері тұрғындарға жасалған жайлы жұмыстар десек артық айтқандық емес. Енді бір айта кетерлік жайт, Аманкелді көшесінен шыққан көне асфальт төсендісі Наурыз, Қаракөзов көшелеріне төселіп, ол көшелер де алдағы уақытта асфальттауға дайын тұр.
Жыл басында тұрғындар алдында жылдағыдай дәстүрлі есеп беру жиналысын өткізген кент әкімі Шыңғыс Сыдықов өткен жылғы жұмыстарды саралап, биылғы жыл нендей жұмыстармен айшықталатынын баяндады. Оның ішінде, кент бойынша 15 көше асфальтталатынын, жылдағы дәстүрмен бірнеше көшеге қиыршық тас төселетінін жеткізді.
Ал, енді кезекті осы уақыт аралығында жүргізілген жарық тандыру бойынша сөз етсек. Расында да, кентіміздегі 138 көшенің соңғы бес жыл ішінде 34-і жаңадан жарықтанса, биылғы жылы 19 көшені жарық шамдарын ілу кезегі келіп тұр.
Ел экономикасы мен тұрғындардың әлеуетін көтеруде кәсіпкерлердің еңбегі өлшеусіз. Осы ретте, түрлі кәсіпкерлік бағытта еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген азаматтардың еңбегін атап өткен де жөн. Соңғы бес жылды алар болсақ, кентте жеке кәсіпкерлер Шолпан Махмутова, Жомарт Жаппасбаев, Жанар Бұқпанова, Рабиға Балғабаева, Әсем Сержанова, ағайынды Бақтияр мен Нұрбол Жұмабекұлы, Балахан Балмаханов, Бақытжан Өмірзақова, Нағима Тоқсанбаева, Рүстем Досымов, Дәулет Қанатбай, тағы басқа кәсіпкерлердің тұрғындарға көрсетіп жатқан түрлі бағыттағы сапалы қызметтерін айтуға болады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан ел игілігіне пайдалануға берілген әлеуметтік қызмет мекемелері де кент келбетін өз сәнімен әрлеп тұр десек шынайылық болар.
Иә, өткен жыл кент тұрғындары үшін несімен ерекшеленді деген сұраққа жауап іздер болсақ, Кейде көлікпен кенттегі кейбір сауда орталықтары мен әлеуметтік нысандар алдына барғанда мәшинеңді қояр жер таппай қалатының рас. Осыны ескерген кент әкімідігі өткен жылы «Аққайың» балабақшасы, «Рүстем» сауда орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Халық банкі», аудандық кәсіпкерлік бөлімі алдына арнайы көлік тұрақтайтын орын салып, көптің ризашылығына бөленсе, Тәуелсіздік, Сегізов, Қазақ хандығы аллеясына, Мөлтек ықшам ауданы мен Қорқыт стансасына ойын алаңдарын орналастырды. Тайшық би көшесі мен No183 орта мектеп алдынан түнгі жарығы бар спорт және балалар алаңын пайдалануға беріп, сол аймақтың балаларына үлкен қуаныш сыйлады. Сонымен қатар, заман талабына сай салынған спорт кешені, автовокзал, мейрамханалар мен автокөлік жөндеу шеберханалары, мемлекет тарапынан ел мүддесіне арналған заманауи үлгідегі мектеп, балабақшалар, әлеуметтік нысандар да керемет көрінісімен кентке әсемдік сыйлап тұр.
«Ауылын көріп азаматын таны» дегендей, осындай үлкен істің басы-қасында жүрген Жосалы кенті әкімдігінің де атқарған жұмысын айтып кету міндет. Оның ішінде, кент әкімі Шыңғыс Сыдықов, Бақытбек Жылтыров, Алмасхан Досмұратов, Нұржан Тоқшылықов, Нұргүл Сарыбаева, Нұрымжан Махамбетов, Нұртас Жаңаберген, Нұрсұлтан Шәкенов, Ерлан Аралбаев, Сәбит Сәденов, Рауан Әбдіқасов сынды туған елінің өсіп-өркендеуіне бей-жай қарамай, еңбегінің арқасында көптің құрметіне бөленген мамандарға, сонымен бірге қоғамдық ақылы жұмыста ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүрген Жұлдызай Аймұратова, Жанар Байқадамова, Гүлнар Жәлиева және басқа да жұмысшылардың еселі еңбегіне кент тұрғындары дән риза.
Осы ретте, айта кететін ерекше жайт, көгілдір отын келгелі бері кент әкімдігінің қолдауымен тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға демеушілік ұйымдастырып, газ пешін сатып алып берсе, тіпті кейбірінің үйіне газ желісін кіргізіп те берді.
Сонымен қатар, ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылғандарды Жаңа жыл, Аналар мерекесі, Наурыз мейрамы сияқты даталы күндері құрметтеп, зейнет жасына толғандарды да сый-құрметпен демалысқа шығарып салу үрдісін ұйымдастыруда. Тіпті, осындай мерекелерде ұжым қызметкерлерінің, кенттегі тұрмысы төмен отбасы, мүгедектігі бар және көпбалалы отбасы балаларын да құр қалдырмай құрметтеуді дәстүрге айналдырған. Әрбір азамат үшін туып-өскен ауылы – тағылымы мол тәлім-тәрбиенің ордасы. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дейтін Бейімбет Майлиннің сөзі әлі де мән-мағынасын жойған жоқ. Ал кент тұрғыны атану – мен үшін бақыт.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ

11 шілде 2023 ж. 2 210 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031