Поэзия кеші – рухани байлық бастауы

Ауданға қарасты №121 орта мектепте «Жыр әлемінің жаршысы» атты ақынмен кездесу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларды жергілікті ақын Сәрсенкүл Райымбаеваның шығармашылығымен таныстыру және оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру.
Поэзия кешіне ұстаздар, оқушылар, кітапханашылар, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева қатысты. Іс-шараны жүргізуші ашып, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Ол поэзияның адам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, кеш қонақтарын таныстырды.
Кездесу барысында ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Жаудатбекқызының өмірбаяны мен еңбек жолы туралы қысқаша мәлімет берілді. Оның шығармаларына туған жер, ана тақырыбы және адамгершілік құндылықтар арқау болған. Ұзақ жылдар бойы ақпарат саласында еңбек етіп, түрлі қызмет сатыларынан өтіп, алты жылдан бері аудан айнасының бас редакторы болып қызмет атқаруда.
Кештің негізгі бөлігінде ақынға сөз беріліп, ол өзінің шығармашылық жолы туралы айтып өтті. Сонымен қатар оқушылар қойған сұрақтарға жауап беріп, ақындыққа келу жолы, алғашқы өлеңдері және шабыт туралы ойларымен бөлісті. Жас қаламгерлерге көп оқу, іздену және еңбек ету қажеттігін атап өтті.
Іс-шара барысында сынып оқушылары Балнұр Ержан, Жанерке Өмірбек, Кәусар Сұлтанбек, Әдемі Исабек, Әли Ырысбек, Іңкәр Сұлтан, Шәкәрім Серікұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл бөлім кештің мазмұнын толықтырып, оқушылардың сахна мәдениетін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар Мерей Бекжан мен Балнұр Ержан ән салып, кеш көркін аша түсті. Кешті ұйымдастырушы мектеп кітапханашылары Ақгүлім Айтбаева мен Гаухар Жүсіпова, сынып жетекшілер Айгерім Сермағанбетова мен Гүлмира Жүсіпова кеш соңында ақынға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Жалпы, бұл кездесу оқушылар үшін танымдық әрі тәрбиелік мәні бар іс-шара болды. Осындай әдеби кештер жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететіні анық.
«Қт» ақпарат















