ШЫҒАРМАШЫЛ ШӘКІРТ – ТАБЫСТЫ БОЛАШАҚ НЕГІЗІ
Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – тек білім берумен шектелмей, жан-жақты дамыған, шығармашыл, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Осы бағытта №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты жүйелі жұмыстар атқарып келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегінде өз жұмысын бастаған білім ордасы бүгінгі таңда оқушылардың қабілетін шыңдауға бағытталған заманауи білім мекемесіне айналуда.
Қазіргі таңда мектебімізде 67 оқушы білім алуда. Әрбір оқушы – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан олардың сапалы білім алуымен қатар, тұлғалық дамуына, шығармашылық әлеуетінің ашылуына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта сабақтан тыс жұмыстардың, соның ішінде үйірмелер мен түрлі танымдық айдарлардың маңызы зор.
Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған үйірмелер оқушылардың қызығушылықтарын ескере отырып, бірнеше бағытта жүргізіледі. Атап айтсақ, ғылыми, шығармашылық, спорттық, экологиялық және техникалық бағыттар қамтылған. Бұл үйірмелердің әрқайсысы оқушылардың белгілі бір қабілетін дамытуға, олардың ішкі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған.
Ғылыми бағыттағы үйірмелер оқушылардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға, жаңа технологияларды меңгеруге және пәнге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Мәселен, «Физика әлемінде» үйірмесі арқылы оқушылар физикалық құбылыстардың сырын терең түсініп, тәжірибелік жұмыстар арқылы білімдерін нығайтады. Ал «Жас химик» үйірмесінде түрлі химиялық тәжірибелер жасалып, оқушылар ғылымға деген қызығушылығын арттыра түсуде. «Жасыл клуб» үйірмесі экологиялық тәрбие берудің тиімді алаңына айналып, оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Шығармашылық бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған емес. Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыру, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар, көркемөнер бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне, сахна мәдениетін меңгеруіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.
Спорттық үйірмелер оқушылардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуге бағытталған. Спорт – тек денешынықтыру ғана емес, ол – тәртіп, табандылық, жеңіске деген жігер. Осы құндылықтарды бойына сіңірген оқушылар болашақта кез келген қиындықты еңсере алатын тұлға болып қалыптасатыны сөзсіз.
Мектептегі үйірмелердің барлығы бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізіледі. Әрбір үйірме жетекшісі оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, олардың қызығушылығы мен бейімділігін ескере отырып бағыт береді. Бұл – білім сапасын арттырудың, оқушыны тұлға ретінде дамытудың тиімді жолы.
Сонымен қатар, мектебімізде оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында түрлі танымдық айдарлар ұйымдастырылған. Бұл айдарлар оқушылардың білімін кеңейтіп қана қоймай, олардың шығармашылық, зерттеушілік, коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Солардың бірі – «Тіл дамыту» жобасы аясындағы «Поэзия күні» айдары. Бұл айдар мектеп кітапханашысы Ақмарал Қалжанованың жетекшілігімен әр апта сайын дүйсенбі күні тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталған жоба оқушылардың көркем сөзге деген қызығушылығын арттырып, олардың тіл байлығын дамытуға ықпал етеді. Қыркүйек айында бастау алған бұл айдар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерін талдап, әндерін орындау арқылы оның шығармашылығымен тереңірек танысты. Кейінгі айларда қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері – Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев, Тұманбай Молдағалиев шығармашылығына арналған әдеби кештер ұйымдастырылып, бұл игі бастама өз жалғасын табуда.
Ғылыми-танымдық бағыттағы «Элементтер сыры» айдары да оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Химия пәнінің мұғалімі Нұрай Таңатарованың жетекшілігімен өткізілетін бұл айдар арқылы оқушылар химиялық элементтердің қасиеттерін, олардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын тереңірек түсінеді. Әр апта сайын 8-сынып оқушысы Айкерім Мұратбекқызы бір элемент таңдап, сол туралы жан-жақты мәлімет береді. Мұндай жұмыстар оқушылардың ғылыми ойлау қабілетін дамытып, пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Биология пәні бойынша ұйымдастырылған Bio TERM айдары да өз нәтижесін беруде. Бұл айдардың негізгі мақсаты – күрделі ғылыми терминдерді қарапайым тілмен түсіндіру арқылы оқушылардың биологиялық сауаттылығын арттыру. Оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны өмірмен байланыстырып үйренеді. Бұл – білімді терең меңгерудің тиімді жолдарының бірі. Бұл айдарға биология пәнінің мұғалімі Ақерке Жетібаева жетекшілік етсе, оны 9-сынып оқушысы Жансая Ұбайділла жүргізеді. Ұстаз бен оқушының бірлескен жұмысы оқушылар үшін қызықты әрі ерекше болуда.
Ал ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Жеті қазына» айдары аясында оқушылар халқымыздың мәдени және рухани мұраларын зерттеп, түрлі шығармашылық жұмыстар дайындауда. Бейнепрезентациялар, сурет көрмелері, жобалық жұмыстар арқылы оқушылар өздерінің таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда. Бұл – жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен рухты тәрбиелеудің маңызды қадамы.
Сондай-ақ «Тұлға Lab» айдары оқушылардың жеке тұлғалық дамуына бағытталған ерекше алаң болып табылады. Бұл айдар аясында түрлі тренингтер, топтық жұмыстар, шығармашылық жобалар ұйымдастырылып, оқушылардың өзін-өзі басқару, көшбасшылық, коммуникация дағдылары дамытылады. Қазіргі қоғамда табысты болу үшін тек білім ғана емес, осындай дағдылардың да маңызы зор екені белгілі.
Жалпы алғанда, мектебімізде жүргізіліп жатқан барлық жұмыстардың түпкі мақсаты – оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Біз әрбір оқушының қабілетін ашуға, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына барынша қолдау көрсетеміз. Білім беру – тек сабақпен шектелмейтін, тәрбие мен дамудың біртұтас үдерісі.
Бүгінде білім беру саласына қойылып отырған талаптар жоғары. Осы талаптарға сай болу үшін біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану, инновациялық жобаларды жүзеге асыру, оқушылардың қызығушылығын арттыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Алдағы уақытта да мектебімізде үйірмелер мен айдарлардың жұмысын жетілдіру, жаңа жобаларды енгізу, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Біз білімді, тәрбиелі, шығармашыл ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеміз. Өйткені ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелеу – біздің қасиетті парызымыз.
Сымбат ЕРМАНОВА,
№284 мамандандырылған
мектеп-лицей-интернатының директоры
















