Трамптың жаңа сауда шешімі: АҚШ 16 елдің тауарына баж салығын көтермек
АҚШ әкімшілігі Қытай, Еуропалық одақ және тағы 14 елдің өнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау саясатын тексеріп жатыр. Осыған байланысты Дональд Трамп әкімшілігі аталған мемлекеттерден импортталатын тауарларға қосымша кедендік баж салығын енгізуді қарастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир осы аптаның өзінде бір айға созылған тергеудің қорытындысын жариялауы мүмкін. Тексеру Қытай, Еуропалық одақ және тағы 14 елдің отандық өнеркәсіп өндірісін мемлекеттік субсидиялар арқылы қолдау шараларына қатысты жүргізілген.
Жаңа шектеулер Қытайдан, Еуропалық одаққа мүше 27 мемлекеттен, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан, Вьетнамнан, Үндістаннан және бірқатар басқа елдерден келетін тауарларға қатысты болуы мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, Еуропалық одақ, Жапония және Оңтүстік Корея тауарларына салынатын баж мөлшерлемесі 15 пайыз немесе одан төмен деңгейде белгіленуі ықтимал. Вьетнам мен Үндістан үшін бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Ал мемлекеттік субсидия көлеміне байланысты Қытайға қатысты ең қатаң тарифтік шаралар қарастырылып отыр.
Сонымен қатар болат, алюминий және автокөліктер жаңа шектеулерден тыс қалуы мүмкін. Өйткені бұл өнімдерге АҚШ-та қазірдің өзінде жеке кедендік баж салығы қолданылады.










