» » Жаһандағы жағдай қалай?

Жаһандағы жағдай қалай?


Бірнеше айдан бері коронавирус індеті жаһанды құрсаулап, күрделі ахуалымен әлемді әбігерге салды. Бірқатар мемлекетте парадокс. Яки індеттің таралуы қайта қарқын алып, карантинге қайта жабылуда. Қыспақта тұрған біздің ел де күреске қарсы қарекет етіп, ахуалды жеңу үшін барын салуда. Өз кезегінде жаһанды жайлаған жағдаятты жіті бақылап отыр. Ал біз індеттен іргесі ажырамаған бірқатар елдегі тұрақсыз ахуалға әлемдік ақпарат агенттіктерінің дерегіне сүйеніп, шолу жасадық.
Статистика күн санап өсуде
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, әлемде коронавирус жұқтырған адамдардың саны 14 миллионнан асқан. Өткен тәулік ішінде инфекцияның 166 735 жаңа жағдайы анықталыпты. Жалпы пандемия басталғалы бірнеше уақыт ішінде 597 583 адам індеттің құрбаны болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус індеттің алдын алу үшін шектеу шараларына баса мән беру керегін жеткізді. Егер алдын алу шаралары жеткіліксіз болса жақын күндері бір қалыпқа оралмайтынымызды мәлімдеді.
Қазір вирус Латын Америкасында да қарқынды таралуда. Әрі АҚШ-тағы жағдай əлі мәз емес. Ауру жұқтырғандар саны бойынша Америка көш бастап тұр. Бүгінге дейін 7 миллионнан аса адам өмір мен өлім арасында жанталасуда. Бұған дейін АҚШ әскери-теңіз күштері коронавирустың таралуына қарсы тұру үшін Техасқа медициналық және көмекші персоналдардан тұратын бес бөлімше жіберген болатын. Ал соңғы күндері бұл штат орта есеппен 10 мың жаңа инфекцияны тіркеді. Ал Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, 3,74 миллионнан аса адам коронавирус жұқтырған, оның 140 мыңы осы аурудан қайтыс болыпты.
Калифорния штатында көңіл көтеру орындары, мұражайлар мен мейрамхана, хайуанаттар бағы жабылды. Бұдан бөлек, жаттығу залдары, құлшылық үйлері, шаштараз, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтатылды. Әрине, алдымен мұндай қадамға баруға мұндағы науқастар санының көбеюі әсер етті. The New York Times басылымының мәліметінше, індет жайлағалы бері 5,4 миллион америкалық медициналық сақтандыруынан айырылған.
Ал Ұлыбританияда індетке шалдыққандардың жалпы саны 296 мыңнан асты. 45 мыңнан аса адам көз жұмды. Аустралиядағы статистика 11 мыңнан асқанды бажайлап тұр. Осындай ахуалға байланысты Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында шектеу шаралары күшейтілді. Мұнда да мейрамханалар мен дəмханалар жұмысын тоқтатты. Көп адам шоғырлануға, қоғамдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Алайда өзге жермен салыстырғанда мұндағы жағдай қалыпты деуге болады. Қазір бұл елде тіркелген науқастар саны айтарлықтай көп емес. Олқылықтың алдын алу үшін босаңсымаған ел билігі ерте қамдануда.
Көршілес Ресей де бұл індеттің құрсауында тұр. Роспотребнадзордың мәліметінше, қазірге дейін 771 546 адам вирус жұқтырған. Ал 12 342 науқас инфекциядан қайтыс болып, 550 344 адам жазылып шыққан. Дертіне дауа таппағандар саны Мəскеу мен Санкт-Петербургте күн сайын өсуде. Осыған орай, қоғамдық орында əлеуметтік қашықтық сақтау, бетперде тағу секілді талаптар міндеттелген.
Ұлыбританияда да жағдай мəз емес. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы суық мезгілде коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталмақ. Сол уақытта қайтыс болғандар қатары күрт өсуі мүмкін. Ал британиялық медицина ғылымдары академиясының баяндамасында «пандемия мен алдағы тұмау індетіне байланысты елдің денсаулық сақтау жүйесінде туындаған қиындықтармен қатар коронавирустың екінші толқыны «Тұманды Альбион» азаматтары үшін айтарлықтай қауіп төндіреді дейді». Мұның алдын алу үшін қыста демікпе, инфаркт, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы мен инсульт сияқты басқа да инфекциялардың таралу қаупін болдырмауда дайындықты қазірден бастамақ. Баяндамада Ұлыбританиядағы коронавирустың екінші толқыны қалай дамитынына қатысты белгісіздіктің жоғары дəрежесі бар екені көрсетілген. Онда ауру жұқтырған адамдардың орташа санын көр сететін R репродукция индексі 2020 жылдың қыркүйегінен бастап 1,7-ге дейін өседі. 2021 жылдың қаңтар-ақпанында Ұлыбританияда ауруханаға түсу мен өлім оқиғалары өте көп болады деп болжанды.
Сонымен қатар, қыркүйектен бастап келер жылдың маусымына дейін коронавирустан туындаған атопиялық пневмониямен байланысты COVID-19 вирусынан қайтыс болу жағдайларының саны 119 900 адамға жетуі мүмкін.
Қамданған қапы қалмайды
Баршаға белгілі Еуропада бертін келе жағдай тұрақталып қалған еді. Алайда құрлық пандемияның екінші толқынына əзірленуде. Жағдай қалыпқа келгенімен, жекелеген елдерде аурудың өршуі байқалады. Оған дәлел – Сербия. Мұнда індет жұқтырғандар саны күрт артты. Аурухана лық толы. Вирусты одан əрі таратпау мақсатында Белградта 10-13 шілде аралығында коменданттық сағат режимі енгізілді. Сербияның 19 қаласы мен ауданында төтенше жағдай жарияланды. Испанияның Галиция өңірінде қайтадан локдаун енгізілді. Бұл жақта індет жұқтырғандар саны өспесе кемімеген. Біздікіндей шектеу барлық жерде бар. Мәселен, қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттелген. Көпшіліктің жиналуына тыйым салынған. Ал коронавирусқа байланысты Италияда енгізілген төтенше жағдай режімі биылғы 31 қазанға дейін ұзартылуы мүмкін. Індетке қатысты ахуал ға орай Италия үкіметі төтенше жағдайды созу мəселесін қарастыруда.
Бразилияда да жағдай ауыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінде, күн сайын вирус жұқтырғандар саны 40 мыңнан түсер емес дейді. Күн сайын көз жұматындары қаншама. Президенті Жаир Болсонару да індет жұқтырды. Жалпы ел коронавирус жұқтыру жəне өлім саны бойынша əлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Гонконг аурудың төмендеуіне қарамастан, үшінші толқынға жол бермеу мақсатында əлеуметтік қашықтық шараларын күшейтуді көздеп отыр. Соған байланысты арақашықтық сақталу міндеттеді. Биліктің айтуынша, вирус күрт өрши түсуі мүмкін. Сол үшін қоғамдық көлік пен қоғамдық орында бетперде тағылуы тиіс. Талап орындалмаса 645 доллар көлемінде айыппұл салынады.
Барлық жердегідей мейрамхана мен дəмханалардың жұмысы тоқтатады. Тек тамақ жеткізу қызметі қалды.
Сауд Арабиясында індет жұқтырғандар саны – 250 920. Мəліметтеріне сүйенсек, 2 486 науқас көз жұмған. Індеттен басын арашалауға талпынған бай ел Парсы шығанағы елдері арасында көш бастап тұр. Бұған дейін Сауд Арабиясы шетелден қажылыққа келетіндерге тыйым салған болатын.
Иранда да жағдай қиын. Соңғы аптада көз жұмғандардың тəуліктік көрсеткіші рекорд орнатты. Бүгінде құрбандар саны 14 188-ге жетті. Мұндағы ахуал бірқатар діни шара өткізуден соң нашарлаған. Астанасы Тегерандада карантин жеті күнге ұзартылды. Соңғы мəлімет бойынша, Иранда 273 788 адамның вирус жұқтырғаны анықталды.
Ал Армения үкіметі кезектен тыс отырыс өткізіп, төтенше жағдай режімін 12 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Мұндай қадам елдегі коронавирус инфекциясының таралу ұзақтығына, оған қарсы тұрудың тиімді тетіктерін қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделген. Статистикаға сүйенсек, мұнда 34 877 адам індет жұқтырған. Оның 23 294-і сауығып шықса, індеттен 641 адам көз жұмған.
Үндістанның Бангалор қаласында бір апталық карантин енгізілсе, Марокконың Танжер қаласында да мұндай шектеулер қабылданды. Ал Оңтүстік Африка Республикасында коменданттық сағат орнаса, Колумбия астанасы Боготаның кейбір аудандарында екі апталық карантин енгізілген. Израильде алдын алу шаралары əлі тоқтаған жоқ.
Түйін
Қазақстандағы ахуал да әлі тұрақтанған жоқ. Статистикадағы мәліметтерге сүйенсек, індет жұқтырғандар саны 70 339 адамға жетті. Оның 43 029-ы ауруынан айықса, 375 науқас қауіпті вирустан көз жұмды.
Мақаладағы статистиканың барлығы 20 шілде, сағат 06.00 уақытындағы жағдайлар.

Айнұр ӘЛИ
21 шілде 2020 ж. 614 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031