» Шырағдан

Шырағдан


Жеңіс мерекесі жақындаған сайын кеудеміздің алыс түкпірінде бір дүмпу бой көтереді. Бәлки тасқындай аласұрған бұл мақтаныш болар. Иә, көренеу көзге көрінбес мақтаныш бұл. Әлемді қан қақсатқан фашизмнің бетін қайтарып, сайын далаға жеңістің орнауы үшін тек қару алып, оқ пен оттың арасында жүрмесе де, қызылаяқ қырманда егін жиып, "бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін" деген ұранмен тер төккен жандардың да еңбегі зор. Сол жеңістің жақындауы үшін жастық шағын тәрк еткен жандардың қатарында әкеміз Шайхыслам Жалғасбаев та бар.
Табиғатынан ұрпаққа үлгі-өнеге қалдыру, тәлім беруді мақсат еткен әкеміз ұстаздық жолды таңдап, қазақ даласындағы Ы.Алтынсариннің ізімен ілім-білім беруде аянбай еңбек еткен әке тағдыры әу бастан оңай болмапты. Соғыстан бұрын байды, оқыған-тоқығанды, дін жолындағыларды қудалауды ойлаған коммунистердің қызыл қырғыны ол кісіні елден безу­ге мәжбүр еткен. Қызыл қырғын кімді аяпты. Бала демеді, шаға демеді. Әкеден ажыраған жас бала ана етегіне жармасып, Қарақалпақстанның Шаббас жеріне бас сауғалайды. Сонда тұратын нағашысын паналайды. "Жігіттің жақсысы нағашыдан" деген тәмсіл бар ғой, әкей сол маңда адами болмысын шыңдап, өмірлік жолдың алғашқы баспалдағын сонда қаласа керек. Жиеннің алғырлығын, құштарлығын аңғарған нағашысы баланы жетектеп жеті жылдық мектепке береді.
Аждаһадай ақырған фашизмның алауы Еуропаны шарпып, КСРО-ның шекарасын бұзып-жарып, ауыз салғанда шаруа баласы мектепте білім алып жүрсе керек. Әке орнына әке, пана болған нағашысы сол уақытта дүние салып, тығыны ашылған қыспақтың одан әрі үдей түсуіне жағдай туындатады. Содан Ш.Жалғасбаев анасымен кіндік қаны тамған, талай азаматтың туған жері саналатын қазіргі Тұрмағамбет ауылына қайта қоныс аударады. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың тұрғындары адасып үйірге қосылған ағайынның отбасын бауырына басып, ел қатарына қосылуына септеседі. Қазақтың досы түгіл, дұшпанына мейіріммен қарайтын қасиеті өмірдің ағы мен қарасын енді ажырата бастаған жасөспірімнің қанат қомдауына септессе керек.
Адамның қалыптасуы үшін ұлы мақсат керек. Мақсат қай кезде қалыптасады? Оның дәні қай кезде бүр жарады. Ш.Жалғасбаевтың бойына мақсат дәнегі сонау қарақалпақ жерінде, нағашының тағылымды әңгімесінің бірінде себілді. Ал дәнек тұлпарлар тулап, қос ішектің күмбірі талай тарланның өмір жолын бастаған Тұрмағамбет ауылында бүр жарса керек. Ауылда еңбек майданына ерте араласқан бозбала сол мақсаттың үдей түскен шағында оқуын К.Ворошилов атындағы мектепте жалғастырып, 1944 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі.
Адамды оқу-білім, орта шыңдайды деген. Іске ширақ, ойға жүйрік азамат әу бастан өзінің ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түссе керек. Сол қасиеті азаматтың сатылай өсуіне де септеседі. Еңбекті К.Ворошилов атындағы мектепте аға тәлімгер болып бастайды. Араға жыл салып, ҚКЛЖО аудандық комитеті пленумына мүше болып, өзі қызмет еткен ұжымда бастауыш комсомол ұйымына хатшылық етеді.
"Азаматты қызметте сына". Қалай тауып айтылған сөз. Адами болмысынан, адамгершілігі мен елге пайдам тисін деген ниетімен жүрген азамат тағдыр жолының айдауымен Сталин атындағы мектепке мұғалім болып орналасып, аталмыш білім ордасында сатылай өсіп, мектеп директоры қызметіне тағайындалады. Білім ошағының заманға сай жаңашыл бас­тамасымен ілгерілетуге ұмтылған Ш.Жалғасбаев ә дегеннен-ақ қоғамға қажетті, қоғамды алға сүйрей алатын маман екенін дәлелдейді. Білім саласында тер төгіп жүрген ол 1952 жылы Күләнда Қанағатовамен бас қосып, шаңырақ көтереді. "Жақсы әйел ердің басын төрге сүйрейді" деген, шаңырақтың бар жүгін арқалап, ерінің ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге жәрдемдескен анамыздың еңбегі орасан екенін де айта кеткен жөн. Ерінің басын өзгелерден бір елі кем түсірмей, еңбекте де, үйде де бір саты жоғары ұстап жүріп, жарық дүниеге 10 бала әкелген ана қалайда құрметке лайық.
Білім саласындағы елеулі еңбегі Ш.Жалғасбаевты одан әрі шыңдады. Еңбекті бағалайтын сол кезде тізгін ұстаған азаматтар әкемізді басқа салада да шыңдап көруді көздесе керек. Әуелі ІІІ Интернационал ұжшарында Қашқансу ауылдық кеңестің тізгінін ұстатады. Ұжымды ұйыстыра білу қабілеті бар Ш.Жалғасбаев ә дегеннен жаңа саланың иінін қандыра еңбек етеді. Еңбекті бағалау бар, артынша Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бұл маңда да ізгілікті еңбегі елеусіз қалмады. Бастысы өзінің іскер, елағасы, мың қосшыға орайлы басшы екенін аңғартты. Алайда қанша білікті басшы болса да, адамның әу бастағы ұлы арманы болады. Ш.Жалғасбаевтың пенделік арманы - шәкірт тәрбиелеу еді ғой. Сол арманның лебімен өмір кемесін қайта білім саласына бұрды. 1986 жылдан бастап зейнетке шыққанша №29 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Ол кісі мамандығының нағыз шебері еді. Жас мұғалімдерді жауапкершілікке, ізденімпаздыққа үйретсе, оның бойындағы жақсы қасиеттерге әріптестері де аса құрметпен қарайтын. Шәкірттерін тек қана тәрбие мен білімге үйретіп қоймай, сонымен қатар, ата-тегін, туған өлкесінің тарихын білуге, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға да септігін тигізді. Мәуелі бәйтерегіміздің жанарында өткірліктің, сезімталдықтың, ақылдың оты шығып тұратын-ды. Өзін әркез кішіпейіл әрі өте қарапайым ұстайтын. Туған-туысқа қалай қамқор болса, ауылға да сондай жанашыр-тын. Ұстаздық еткенде де көптеген жас маманды мұғалімдікке баулып, адамгершілік қасиетімен елге танылды. 1990 жылы әкеміз облыстық дәрежеде зейнет демалысына шығып, ауданның қоғамдық жұмысына аралас­ты. Еңбек еткен жылдары аудандық кеңеске бірнеше мәрте депутат болып сайланса, еңбегі сараланып бірқатар мапараттарға ұсынылды. Аудандық, облыстық партия комитетінің құрмет гармотасымен, сол секілді «В.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» медалімен мадақталды.
Әкеміздің алаңсыз еңбек етіп, отбасында бақытты ұрпақ өрбітуде анамыздың орны ерекше. Ұрпағына аналық, әжелік батасын беріп, шаңырағымызды  шаттыққа бөлеген асылымыз әулетіміздің ұйытқысы әрі берекесі еді. Бастауыш сынып мұғалімі бола жүріп он баланы өмірге әкелді. Батыр ананың да жастық шағы Ұлы Отан соғысындағы ауыртпашылықпен қатар келді. Ересектермен иін тіресе жұмыс істеп, соғыс майданында Ұлы жеңісті жақындатуда тылда аянбай еңбек етті. Бала жастан жоқтықты көріп өскен ол әрдайым балаларына өсиет айтудан жалықпайтын. Оның тылдағы ерен еңбегі ескеріліп, «Сталин», «Жеңістің 50 жылдығы» медалімен марапатталды. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ата-анамыздың дастарқанынан кімдер дәм татпады? Кең пейіл ауыл жұртшылығы біздің үйді қонақжай отбасы деп бекерге атамаса керек. Бірі – 70-ке қараған, бірі – 86 жасында өмірден өтті. Сол есіл ерлерден бүгінде 20 немере, 20 шөбере тарады.
Қуанышбек ЖАЛҒАСБАЕВ.
---
04 мамыр 2019 ж. 622 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930