» БАБА МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА

БАБА МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА

Қазақта «Көрші ақысы, жол қақысы» деген бар. Сапарлап келе жатқан жолаушыға жөн сілтеуден бастап, жүрер жолын ыңғайлап, қонар жердің қамын жасап қойған. Мұнысы данышпан елдің Құран, хадиске сүйенгенінен болар. Адамзаттың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с «жолды кесірлі нәрседен тазалаңдар» деп өсиет етті. Міне, сол хадиске сүйеніп, сауабы көп істі қалтқысыз орындаған халқымыз жолды ұлы санады. Бірде сол ұлы жолдың бойында, қазіргі Қармақшы ауданы «Кемесалған» стансасының тұсында кезінде үш жүзге пір болған қасиетті Марал Ишан бабамыздың қадірменді қалпесі атанған Қарақозының баласы Бадырақ деген кісі келе жатыпты.


Керуен тартып келе жатқан оның алдынан ша­шы ұйпа-тұйпа, көзі көкпенбек біреулер шығып, шүлдірей жөнеледі. Керуендегілер сас­қалақтап, абыр-дабыр болысып қалады. Сонда қасындағыларды тыйып тастаған Бадырақ тілін түсінбесе де парасаттың биігімен қарап, түйсіктің тереңінен талғам жасап олардың Ақтөбе жақтан темір жол құрылысын тартып келе жатқан орыстар екенін біледі.
– Е, бұлар жол салып жүргендер ғой, – деп көшті шөгеріп, әлгілермен алқақотан отырып, түсінісуге тырысады. Сөйтсе әлгі орыстар теміржол желісін тарту үшін бір жерге құм үю керегін, оған көліктерінің болмай жатқанын, сол үшін түйелер керек екенін әзер түсіндіреді.  Он шақты түйемен керуендетіп келе жатқан Бадырақ бабамызға әлгі орыстар жата кеп жабысады. Ол кезде қайбір техника болсын олардың шүлдір-шүлдірінен Сырдария жағасындағы промыслдарда кездесетін сары сақалдылардың сөз тәжірибесімен мына теміржол құрылысына түйелерімен топырақ тасысып көмектес деп тұрғанын түсінеді. «Олай болса мен осы жерде қалып, түйелеріммен топырақ тасуға көмектесемін деп» шешім қабылдайды. Оның мұнысын түсінбеген сапарластары «Мұныңыз не, қайдағы біреулерге қолғабыс етпексіз бе? Олар мұсылман да емес қой» деп үгіттейді.
Жаны жұмсақ, мінезі жайлы жан бол­ғанымен болар істе, сауап пен мұқтаждықта осылай табандап қалатын мінезімен тұрып алады. Сапарластары бұл ісін ұнатпай жүріп кетеді де, мұны елге айтып барады. 
 Осылайша алты ай бойы осы өңірдің теміржолына топырақ тасып, қасына Әуезі мен Әбілтайын да ертіп, тегін еңбек етеді. Кейбір ағайындары «Мұныңыз не, бос әурешілікке салынып. Оның үстіне мыналар біздің дінімізден емес дегендей» де кеңес берген болады. Сонда оларға «Жол қақысы деген бар. Мен соны өтеуім керек. Бұл алып құрылыс елге ырыс-құт әкелді. Бала-шағамыз осының әлі-ақ рахатын көреді, өмірдің өзегі болады» деп жауап береді екен.
 Ұзына бойы құм төгіліп жатқан кезде осылай күдікпен қараған ел кейін стансалар салынып, темірден жол тартыла бастағанда түсініп, ең алғаш отарба жүрген кезде бөріктерін аспанға ата қуанды. Одан соң заман қиындап, ел басына күн туғанда сол теміржолға ағылып, жан сақтап жатты. Осылайша Бадырақ ақсақал қара топырағынан бастап көмектескен теміржол шынында өмірдің өзегіне айнала бастады. Мұны құрылысы енді басталып жатқанда Бадырақ ақсақалдың көрегенділігі мен көріпкелдігі ме деп сұрайды екен кейінгілер. Сонда оны  теміржолшы мамандығын меңгеріп, кешегі күнге дейін бригадир, мастер, станция бастығы қызметтерін адал атқарып келген қос ұлы ешқандай көріпкелдікке де, көрегенділікке де жатқызбай, әкесінің заман ағымына ілескенін ғана айтады екен. Дегенмен ол да көрегенділік емес пе?
Бадырақ ақсақал айтқандай сол теміржол, міне, шыныменен өмірдің өзіне айналып, ғасырдан аса тарих жинап, мәңгілік ғұмыры бар екенін көрсетіп отыр. Қаншама ұрпақ осы жерде қызмет етіп, биік белестерден көрінді. Сол ұрпақтардың ішінде өзінің балалары, немерелері мен шөберелері де бар.
Бүгінде жалпы жиынтығы 600 жылдан еңбек өтілін асырған әулеттің бір шаңырағын ұстап отырған  немересі Мырзақан Бадырақов.
Мырзаханның әкесі Әуез Абыла бекетінде теміржолшылар мастері боп жүріп, тосыннан сырқаттанып қайтыс болған. Он сегізге толар толмастан асқар таудай әкеден айрылып, салы суға кетіп ауылда жүрген мұны бір күні сол әкесінің бұрынғы әріптесі, қазір соның орнында қызметте жүрген Ысыланбек Оразбаев шақырып алып: «Сен немене осылай жүре бересің бе? «Әке көрген оқ жонар» деген қайда? Арызыңды жаз, темір жолшы боласың»,  – депті. Байырғы теміржолшының баласы бұл теміржолдың өзіне тән темір тәртібіне ыстығы мен суығына тез көндігіп жүре берді. Әп дегенде жұмысты ауыр шпал арқалап, болат балға соғудан бастаған, Мырзахан енді өзінің күш жігерін ғана емес, аса зеректігін де көрсетеді. Өзі осындай еңбек майданында таныта білген жігітке көп ұзамай сенім көрсетіліп Ташкенттегі темір жол мамандарын даярлайтын техникалық мектепке арнайы жолдамамен жіберіледі. Оны үздік  бітіріп оралған ол  араға бірнеше жыл салып Жамбылдағы шеберлер даярлайтын техникалық оқу орнын да ойдағыдай аяқтады. Сөйтіп көп ұзамай бригадир, содан соң мастер дәрежесіне тез көтеріліп кетті.
Табаны күректей 38 жыл үзбей бір жерде теміржолшы қызметін атқарып, зейнет демалысына шыққан Мырзақан Бадырақов он бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өркенін жайған өнегелі отағасы болып өтті.   Артында қалған жары Рахима он баладан 34 немерені тәрбиелеп отыр. "Ата көрген оқ жонар" демекші балаларының ішінде Әділбек, Әбдібек, Майра, Мадина, Марат, Саматтар осы теміржол саласын таңдап, майталман маман атануда. Тіпті, немерелері де теміржолшы боламын деп армандап, алдарына үлкен мақсат қойған. Мұның барлығы сонау Бадырақ ақсақалдың арманы мен мүддесінің жемісі емес пе?
Атылған жебедей жүйткіген пойызда кетіп бара жатып қасиетті Қармақшы өлкесіне вагонның терезесінен телміре қарап тұрсаң сол бір замандар елес болып көз алдыңа келетіндей. Иә, құдды бір бұйра шашты, көк көзді орыстармен бірге түйелердің қомына құм толтырып сонадай­дан қазақтың абыз ақсақалы Бадырақ қарт келе жатқан секілді. Ал, біз оның үзілмес керуен сапарын жалғап, өнегелі ісі мен сөзінен қуат алып бақытты болашаққа қарай қанат қағып бара жатырмыз. 
             
Сәкен АЛДАШБАЕВ.
---
21 қаңтар 2019 ж. 866 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031