» ҰСТАНЫМЫ БЕРІК ҰЛАҒАТ ИЕСІ

ҰСТАНЫМЫ БЕРІК ҰЛАҒАТ ИЕСІ

Ұстаздық – білім берумен ғана шектелмей, шәкірттің бойына еңбекке деген құрмет пен жауапкершілікті сіңіретін мамандық. Ал осындай жауапты жолда ұзақ жыл еңбек етіп, жас ұрпақтың кәсіби қалыптасуына үлес қосу – үлкен абырой. Бүгінде сексеннің белесіне аяқ басқан Қуанышбек Сүлеевтің өмір жолы – білім беру саласына арналған саналы ғұмырдың, жарасымды отбасы мен ұрпақ сабақтастығының көрінісі.
Қуанышбек Сүлеев 1942 жылы қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келген ол білімге құштар болып өседі. 1950 жылы №107 Комсомол атындағы мектептің табалдырығын аттап, алғашқы білімін осы мектептен алады. Кейін оқуын №26 қазақ орта мектебінде 8-сыныптан бастап жалғастырып, аталған білім ордасын тәмамдайды.
1961 жылы әскер қатарына шақырылған жас жігіт Архангельск облысында үш жыл бойы әскери борышын өтейді. 1964 жылдың желтоқсан айында елге оралған соң, өмірінің жаңа кезеңіне қадам басады. 1965 жылдың қаңтар айынан бастап №149 ауыл шаруашылығы училищесіне жұмысқа орналасып, кәсіптік білім беру саласындағы еңбек жолын бастайды. Осы жылдан бастап атамыздың өмірі білім беру ісімен тығыз байланысады. Ол өндірістік оқыту пәнінің мұғалімі, директордың кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, шәкірттердің кәсіби білім алуына және еңбекке бейімделуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Ұстаздық жолды жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қасиетті міндет деп түсінген ол өз тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, жас мамандардың қалыптасуына да үлес қосады.
Жылдар жылжып, уақыт озғанымен, оның білім саласына деген ықыласы мен еңбекке деген адалдығы өзгерген жоқ. Ұзақ жыл үздіксіз қызмет етіп, 2005 жылы зейнет демалысына шықты. Алайда зейнетке шыққанымен, оның еселі еңбегі мен шәкірт тәрбиелеуге арнаған жылдары кәсіптік білім беру саласының тарихында өзіндік із қалдырды.
Ардагердің көп жылғы еңбегі түрлі марапаттармен бағаланды. Мектеп әкімшілігінің мақтау қағазына, аудан әкімінің алғыс хатына ие болып, «Кәсіптік білім беру ісінің озаты» белгісімен мадақталды. Сондай-ақ адал қызметі мен еңбек жолындағы жетістіктері үшін «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Бұл марапаттар – оның кәсібіне деген жауапкершілігі мен табанды еңбегінің айғағы. Бұл жөнінде атамыз өз сөзінде былай деді:

– Адамның өмірінде таңдаған мамандығының орны ерекше. Менің маңдайыма кәсіптік білім беру саласында еңбек етіп, жастарға мамандық үйрету бұйырды. Осы жолда талай шәкірттің қанаттанып, өз алдына азамат болғанын көрдім. Ұстаз үшін бұдан асқан қуаныш жоқ. Жылдар өте келе қызметтен гөрі, сол шәкірттермен бірге өткізген күндер еске түседі. Бүгінде ең үлкен байлығым – бала-шағам, немере-шөберелерім. Ұрпағымның амандығын көріп, елдің тыныштығына шүкіршілік етіп отырған жайым бар. Жастарға айтарым – қандай мамандық таңдаса да, өз ісіне адал болып, еңбектен қашпау керек. Адамды абыройға жеткізетін де – осы, – дейді ардагер-ұстаз.

Еңбек жолындағы жетістіктерімен қатар, ардагерұстаз үшін отбасының орны әрдайым ерекше болды. 1969 жылы Райхан Сүлеевамен шаңырақ көтеріп, жарасымды отбасының негізін қалайды. Алты бала тәрбиелеп өсіріп, олардың өмірден өз орындарын табуына жол көрсетті. Бүгінде ұл-қыздарынан тараған 14 немере мен 6 шөберенің қызығын көріп, ұрпағының ортасында мерейлі ғұмыр кешіп отыр.
Сексен жылдан астам ғұмырында талай белесті артқа тастаған ардагер-ұстаздың өмір жолы – отбасы мен ұрпақ сабақтастығын қадірлеудің, маңдай термен келген абыройды бағалаудың жарқын үлгісі.
Бауыржан ЖҮНІС
---
29 қыркүйек 2026 ж. 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

№75 (10543)

02 қазан 2026 ж.

№74 (10542)

29 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 982
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 210

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031