» ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

qarmaqshy-tany.kz Қай кезде барсаңыз да тазалығы тақадай, тірлігі тиянақты болып тұратын ауылдың бірі – Дүр Оңғар. Ауылда жағымды жаңалық пен ілкімді істер де мол. Жұмыс уақытында көшесінде артық адам жүрмейтін, шаруашылығы ширап тұрған мекен жуырда тынымды тірлігімен үздіктер қатарынан көрінді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің қолдауымен елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды бағалау мақсатында «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы өткен-ді. Тіршілігін түзетіп, айналасына үлгі болуға талпынған ауылдарды марапаттап, мерейін өсіру бұрын да бар дәстүр еді. Ал былтыр бастау алған мына конкурстың көздегені – ауылдар мен қаланы қатар дамыту.
Конкурс нәтижесінде Дүр Оңғар ауылы облыс көлемінде ІІ орынды иеленіп, үлгілілер қатарынан орын алды. Марапатты облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы мен ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқановқа табыстады.
– Жалпы тазалық қай жерге де қажет дүние. «Үлгілі елді мекен» конкурсының көздегені алыста. Айналасына бірлік арқылы туған топырақты түлетуге болатынын көрсеткен жеңімпаздарға күнделікті тұрмысқа ең қажетті, заманауи техникалар табысталады. Бізге де екі трактор сыйға берілді. Конкурс жарияланғаннан бастап талапқа сай құжат өткіздік. Біздің үздіктер қатарынан көрінуіміздің бірден-бір себебі – ауыл инвесторының елге жасаған жақсылығы. Елге қылған қызметтің еленіп жатқаны – біз үшін де үлкен абырой, – дейді ауыл әкімі Ә.Қоқанов.
Осы орайда айта кеткен жөн, ауыл инвесторы – «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов. Туған жерін өркендетуге, тұрғындарға жағдай жасауда алдына жан салмайтын басшыны білмейтіндер кемде-кем. Ауыл орталығындағы алаң, ерекше субұрқақ, балаларға арналған ойын алаңы, ересектерге арналған жаттығу алаңы, ауыл кіреберісіндегі алма бақ, ел анасы Бибігүл Әбішоваға салынған баспананың барлығы шаруашылықтың ел игілігіне арнаған сыйы. Мұнан өзге де ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар жетерлік.
Әлеуметтік жауапкершілікті сезінген аймақ кәсіпкерлері Орынбасар Төлепов секілді ел экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып отыр. Жергілікті іскерлер мен қазір еліміздің әр түкпірінде жүрген меценаттар «Туған жерді бірге түлетейік» бастамасын жоғары деңгейде қолдады. Конкурс аясында елді мекендер мен қаланы көркейтуге басымдық берілуде. Мұндай бастамалар елдің еңсесін тіктеп, ауыл келбетінің көркеюіне үлкен сеп болары сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
---
09 желтоқсан 2023 ж. 241 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031