Шәкіртім – мен үшін әлі де шәкірт
qarmaqshy-tany.kz 40 ЖЫЛДАН АСА ҚАСИЕТТІ ҚАРА ШАҢЫРАҚТА ШӘКІРТТЕРДІ БІЛІМ НӘРІМЕН СУСЫНДАТЫП, ТӘРБИЕ БЕРІП, ОЛАРДЫҢ ҚАНАТЫНЫҢ ҚАТАЙЫП, ӨЗ ЖҮРЕК ҚАЛАУЫМЕН ЖАН-ЖАҚҚА ҰШУЫНА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРІП, СОҢЫНАН ҚИМАСТЫҚ СЕЗІММЕН ШЫҒАРЫП САЛУ - ӘРБІР ҰСТАЗДЫҢ ЖЫЛДАҒЫ ӘДЕТІ.
Өз балаларынан да жүрегіңе жақын шәкірттеріңнің Абай ақын айтқандай, кірпіш болып қалануын да іштей тілеп жүресің. Әсіресе сынып жетекші болған (ол кезде класс жетекші деп айтатын) сыныбың ше? Олармен ақылдаса отырып өткізетін түрлі іс-шара, атаулы күндерге байланысты ұйымдастыратын (даталы күндер де көп болатын) соның бәрінде улап-шулап бірге жүретінбіз.
Олардың алған жетістігі – біз үшін үлкен жетістік. Өзің алғандай қуанасың, жұртшылық та естіп қуанса дейсің. Осындай білімді, еңбекшіл, көпшіл, талапшыл, әділ, шыншыл бірақ жүрегі жұмсақ шәкіртім Сағат Шәкизадаұлы күні кеше ғана Президентіміз Қ.Тоқаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Шәкизада» шаруа қожалығының төрағасы Сағаттың осы кезге дейін ерінбей еткен еңбегі, маңдай терінің нақты бағасы. Ауылдағы іс-шараларға, ардагерлерге мереке сайын демеушілік жасап, халықтың алғысына бөленуде.
Жаңашыл, іскер басшымыз бола білген Жарылқасын Байсаловтың 80 жылдығына орай өткізілген еске алу іс-шараларының да күні-түні басы-қасында жүріп, комиссия төрағасы ретінде жоспарланған жұмыстың «өте жоғары» деңгейде өтуіне белсене атсалысты.
Осындай шәкірттерімді көріп, көңілім көтеріліп марқайып қаламын. Сағат, алар асуың көп болсын. Мен саған сенемін. Мен сені мақтан етемін. Бірақ сен мен үшін, ұстаз үшін әлі де – шәкіртсің!
Рая ЖӨНЕЙТОВА