» » Түбегейлі бетбұрыстың берері көп

Түбегейлі бетбұрыстың берері көп

«Басты байлық – денсаулық» деп халқымыз та­уып айтқан. Еліміздегі әлеуметтік саланың ішіндегі ең маңыздысы денсаулық сақтау – жиырма сегіз жыл ішінде қай жағынан болсын ілгеріледі. Мәселен бұрын күрделі отаны шет елде істеп келсе, қазір ірі қалаларда, тіпті облыс орталығында жүректің тамырына стент қою, басқа да күрделі операциялар жасалуда.  Ал осыған дейін ағзадағы өтке жиналған тасты хирургиялық жолмен алса, бүгінде лапароскопиялық жолмен  алу – науқастың тез сауығып кетуіне мүмкіндік туғызады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, медициналық қызмет пен дәрі-дәр­мектердің сапасын жақсарту және олардың халыққа қол жетімді болуын қамтамасыз ету, отандық медицина ғылымын дамыту, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласын цифрландыру жүйесіне көшіруді енгізетінін айтқан болатын.
– Инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды. 219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық жаңа заманауи емхана мен амбулаториялық мекеме салынды. Біз Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгіздік. Бүгінде республикалық клиникалар бұрын тек шетелде ғана жасалатын күрделі операцияларды жасайды. Алғашқы жәрдем адамдарға барынша жақындатылуы тиіс. Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қол жетімді болуы керек. Сонымен қатар алдағы уақытта қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық жәр­демге бөлінетін қаржыны, осы салаға жұмсалатын қаражаттың  жалпы көлемінің 60 пайызына дейін арттыру қажет. Нәтижесінде 2025 жылға дейін алдын алу шараларына ғана бөлінетін қаржы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019-2021 жылдары жеті өңірдегі 10 меди­циналық нысанның құрылысына 120 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Сонымен қатар, алдағы үш-бес жылда отандық медицинаны, соның ішінде ауылдық жердегі ауруханаларды материалдық-техникалық жабдықтармен және көлік­пен қамтамасыз ету мәселелерін толық шешу көзделіп отыр.
Соңғы жылдары қызмет көрсету саласының барлық деңгейінде делік, цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл процесс сөз жоқ денсаулық сақтау саласын да айналып өткен жоқ. Цифрлық медицинаны дамытуға басымдық бере отырып, медицина ғылымындағы жаңа жетістікке жетуге жол ашылуда.
Бірінші кезекте цифрландыру дәрігер мен науқастың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Электронды қызметтің нәтижесінде әрбір адам зертханалық талдауының қорытындысын алу үшін емханаға жиі бармайтын болады. Дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді электронды түрде жасай алады. Тіпті, ол үшін телефонмен қоңырау шалып, жауап бермесе жүйкені жұқартудың  қажеті шамалы. Аталған қызметтің бәрі сіздің қалтаңыздағы смартфонның бір ғана тетігін басу арқылы қолжетімді болмақ.
Бір ғана тетік деп отырғанымыз, телефондағы арнайы қосымша арқылы өзіңіз қалаған қызмет түрін оңай пайдалана аласыз. Атап айтар болсақ, «Дамумед» қосымшасы арқылы үйде отырып-ақ қалаған дәрігердің қабылдауына жазыла аласыз. Бұл  біле білген адамға тиімді қосымша. Дей тұра егде буын мұның пайдасын түсіне бермесі анық. Қала берді смартфоны жоқ жанға бұл тиімсіз көрінеді. Қазір екінің бірінде қалтафон бар. Сол телефонның көмегімен қызмет көрсету сапасы жақсаруда.
– Дәрігерге «Дамумед» қосымшасы арқылы тіркелудеміз. Уақытты өзіңізге ыңғайлы етіп таңдайсыз. Ал­дындағыдай  ұзын сонар кезек күтпейміз. Әркім өзінің жазылған уа­қытына сәйкес дәрігер қабыл­дауында болады. Тіпті науқастарға үйге шақыру қызметі де бар, – дейді кент тұрғыны Ақмарал Боранбайқызы.
– Біз мемлекет басшысының медицина саласын цифрландыруға қатысты тапсырмасын жергілікті жерде барынша тез әрі тиімді етіп орындауға күш-жігерімізді жұм­саудамыз. Медицина саласы әлемдік өркениет көшінен қалмауы керек. Бұл тұрғыда жыл сайын дәрігер, басқа да сала қызметкерлері біліктілігін арттырып отыр, – дейді амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.
Қазір дәрі-дәрмектің түрі көп. Оның сапасына бақылау жүргізу көңіл көншітпейді. Дәріханаға барып керек дәріңізді сұрасаңыз, оның жоқ екенін айтып, орнына құрамы бірдей дәріні ұсынады. Ондағылар «Айырмашылығы тек атында, құрамы мен беретін әсері бірдей» дейді. Әйтсе де бұл саладан хабар аз болғандықтан оған мән беріп те, тексеріп те жатпаймыз. Екі бөлек дәрі болған соң оның бағасы да әртүрлі. Мемлекет басшысы аталған мәселені назардан тыс қалдырмады. Дәрілік заттардың сапасына қатаң бақылау орнатып, бөлшектік саудада бағасын төмендетуді көздеп отыр. Со­нымен қатар дәрігер мәртебесін көтеріп, оларға түсетін жүктемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткішке сәйкес ен­гізу бастамасы көтерілуде. Мұнан өзге әрбір қазақстандық үшін сапалы медициналық қызметті қалада да, ауылда да қолжетімді болуы қолға алынады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
29 шілде 2019 ж. 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031