Комиссия отырысы өтті
Бүгін партияның аудандық филиалының мәжіліс залында «Ауыл аманаты» бағдарламасының комиссия отырысы өтті. Комисия отырысына фракция мүшелері Н.Бақтияров пен М.Бекбаев және партияның аудандық филиалының консультанты А.Тулебеков қатысты. Ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің әдіскері Ә.Скендіровтың хабарламасы тыңдалды.
Партияның «Ауыл аманаты» жобасы қатысушыларға 2,5% ғана құрайтын төмендетілген сыйақы ставкасы бойынша шағын несие беруді көздейді. Сала мамандарының хабарламасы негізінде Қармақшы ауданы бойынша жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға Қармақшы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп , «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы,аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып жоба ұсынушыларға бизнес жоспар жасау, кепіл мүлкін саралау, несие тарихын зерделеу,кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктің несие тарихын зерттеу жұмыстары жасалыну керектігі т.б өзге де мәселелер түсіндіріліп, нақты бағыт-бағдар беріліп отырғаны, осы орайда ауыл әкімдіктерімен және арнайы жауапты мамандарымен тығыз жұмыстар жасалынып отырғаны айтылды.
Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша хабарламашыға комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынып, ұсыныстар айтылды.
Айта кететін жәйт, облыс бойынша «Ауыл аманаты» жобасының екінші кезеңі 12 тамыздан бастау алған болатын.
Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген жобаға қатысу үшін құжаттар amanatnesie.kz порталы арқылы тапсырылады.
Естеріңізге сала кетейік, жобаның Қызылорда облысы бойынша жүзеге асырылуына биыл 4,6 млрд. теңге қаржы қаралып отыр.
Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2,5 пайыздан аспайды.
Айта кетейік, несие алушыларға бірқатар талаптар қойылады. Несие алушы жеке кәсіпкер болып тіркелуі тиіс. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы, құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіруі керек.
Биыл кепілге қойылатын мүліктерді қабылдау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді кепіл мүлікке қойылатын талаптар толығымен алынып тасталынды. Яғни, бағдарламаға қатысу үшін кепіл мүлікке тәуелсіз бағалау жасалынып қатысуға мүмкіндік беріледі.
"ҚТ" ақпарат