» » Демалыс та денсаулыққа инвестиция

Демалыс та денсаулыққа инвестиция

ЖАЗ – ЖАРҚЫН МЕЗГІЛ. БАЛАЛАРДЫҢ ДЕМАЛЫП, ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТАТЫН, АТА-АНАСЫНА КӨМЕКТЕСЕТІН КЕЗЕҢ. АУЫЛ БАЛАСЫ – ҚАЛАҒА, ҚАЛА БАЛАСЫ – АУЫЛҒА АҒЫЛАДЫ, ОҚУДАН БОСАҒАН ОҚУШЫЛАРДЫҢ КЕЙБІРІ ДЕМАЛЫС ЛАГЕРЬЛЕРІНЕ БАРУҒА ТАҢДАУ ЖАСАЙДЫ. «ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП, БІЗ ЛАГЕРЬГЕ БАРАМЫЗ» ДЕП ОҚУ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛЫСЫМЕН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЖАЗҒЫ ТЫНЫҒУ ЛАГЕРЬЛЕРІНЕ БАРУҒА АСЫҒАДЫ. ЖАЙРАҢДАҒАН ЖАЗДЫҢ ҚУАНЫШ ПЕН ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ҰМЫТЫЛМАС ЕСТЕЛІКТЕРІ ОСЫНДАЙ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІНЕН БАСТАУ АЛАДЫ.
Жаз келді дегеннен әрбір ата-ана «Баламның жазғы демалысын қалай ұйымдастырсақ екен?», «Уақытын тиімді өткізу үшін қосымша курстар мен үйірмелерге берейік пе, әлде оқу-білімнен жерітіп аламыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздейтіні белгілі.
Расында да жазғы каникул балалардың жылдағы бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Сондықтан да баланың демалысын дұрыс ұйымдастыра білу маңызды мəселе. Мектеп психологтары үш ай уақытты тиімді, қызықты әрі үнемді пайдалану үшін бәрін алдын ала ретімен жазып, жоспарлап алуға кеңес береді. Жоспарда баланың еркіндігіне, қалауына мүмкіндік берген жөн.
– Балалардың жаз мезгілін асыға күтетіні белгілі. Мен маусым айындағы демалысты қызықты, көңілді етіп ұйымдастыруға кеңес беремін. Алғашқы айда баланың ойы да, бойы да жақсы демалу керек. Тіпті бұл айда смартфонын сөндіріп тастаған жөн. Егер мүмкіндік болса, балаларға арналған демалыс орындарына, лагерьге жіберген дұрыс. Ол жерде баланың тамақтануы, ұйқысы, демалуы, ойнайтын және шомылатын уақыты қадағаланады. Өз қатарластарымен баланың демалысы қызықты өтеді. Егер баланы лагерьге жіберудің реті келмесе, жазғы демалыстың бірінші айында табиғат аясында жиі отбасылық демалыс ұйымдастырып, шомылуға ертіп баруға болады. Баламен бірге футбол ойнау, қыдыру, серуендеу, бірге кәуап пісіру – оның қалауын, хоббиін, армандарын, байқамай жүрген қабілетін білуге мүмкіндік береді. Жалпы тек жазғы демалыста ғана емес, басқа айларда сенбі-жексенбі күндері отбасылық демалыс ұйымдастыруға тырысу керек. Бұл отбасындағы балалар мен ересектер арасында түсіністік орнауына септігін тигізеді, әрі көп мәселенің алдын алады, – дейді мектеп психологі.
Ал аудандық білім бөлімі тарапынан аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен түрде мектептерде қауіпсіздікке, су, өрт жағдайларының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіледі.
– Қазіргі жасөспірімдердің күн тәртібіндегі бірінші мәселесі – олардың қауіпсіз, бақытты өмір сүруі. Осы орайда білім беру мекемелеріндегі ата-аналар жиналысында біздің мамандар қатысып, жазғы демалыстағы баланың қауіпсіздігі түсіндіріліп, ақпараттар берілді. Жазғы тынығу кезінде, демалыс лагерьлерінде оқушының қауіпсіздігі басты назарда болуы керек екені ескертілуде. Сонымен қатар, табиғатқа шығу демалыстары, су, өрт, көлік, төтенше жағдайларға байланысты қауіпсіздік шаралары жөнінде жиналыстар ұйымдастырылып, ережелер жадынама ретінде таратылды. Мұның барлығы – бала қауіпсіздігі үшін атқарылған шаралар. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғасын таба бермек. Демеушілердің көмегімен Жаңақорғандағы «Облыстық олимпиадаларға дайындау және қосымша білім беру» лагеріне 50 бала, Шымкенттегі «Балдәурен» лагеріне 20 бала, Алматыдағы «Спутник» лагеріне 50 бала жіберіледі. Қазіргі таңда, бұл оқушылардың басым бөлігі лагерьде тынығып жүрсе, жартысы жолға шығуға дайындық үстінде. Ал аудан оқушыларының 4100-і мектептегі лагерьге барады, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова.
Демалыстағы бала қауіпсіздігі аудандық білім бөлімі үшін басты орында. Мектеп ұжымы демалыс кезінде де өз оқушыларын назардан тыс қалдырған емес. Олардың қайда өткізетіні сұралып, зерттеледі. Сондықтан ата-ана неғұрлым баласын қауіпсіз орында ұстағаны абзал.
Кейде біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мәнберіп қарасақ, жазғы лагерьлер – тек демалыс орны ғанаемес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.
Осы орайда айта кеткен жөн, жаз маусымы басталысымен балаларын түрлі лагерьлерге жібергісі келетін ата-аналардың уайымы көбейеді. Бірі – балаларының лагерьге барғанын дұрыс, бірі – бұрыс көреді. Шын мәнінде жазғылагерь қаншалықты қызықты әрі қауіпсіз? Ата-аналардың бұл уайымы орынды. Алайда, психологтар баланы үнеміүйде ұстағанша лагерьге жібергенді жөн санайды. Себебі,жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әртүрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүргенталантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек, онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді.
Түрлі ойындар, хормен ән айту, кешке би кеші – әрине,мұның бәрі жақсы. Бірақ, лагерь баланың тәуелсіз болып жүретін жері. Себебі, лагерьде бала ата-анасының қадағалауынсыз қалып, кішігірім шешімдерді өзі қабылдап, жеке жүріп дағдыланады. Лагерьдің тағы бір пайдасы – таза ауасы. Әдетте жазғы лагерьлер тауда, табиғат аясында орналасқан. Сабақтардың, іс-шаралардың табиғат аясында өтуі – мектепте ең жетіспейтін нәрсе еді. Таза ауасымен тыныстап, ағын судың жанында ойнау бала денсаулығына, иммунитетіне, шымыр болуына көмектеседі.
Сондай-ақ, лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгереді. Көңілді демалыс балдырғандардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізіледі. Қарап отырсақ, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықтыәрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді. Жазғы тынығулагері баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып,өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарыме нсағынысып қауышатыны да бар. Ал, баланы лагерьге жіберу, жібермеу – ата-ананың өз еркі.
Жалпы баланың жазғы демалысында денініңсаулығын, білімін, тәрбиесін және шығармашылық талантын дамытумен үйлестіре білуді – демалысты дұрыс ұйымдастыру дейді. Бұл әр ата-ананың өз қолында. Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық – елдіңертеңіне салынған инвестиция іспеттес.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

11 маусым 2023 ж. 234 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 323

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930