» » Дін. Сенім. Қараңғылық...

Дін. Сенім. Қараңғылық...

«ДІН ЖАЙЫНДА ЖАЗБАЙТЫН ЖУРНАЛИСТ АҚЫЛДЫ» ДЕП КӨБІ АЙТАДЫ. КЕЙДЕ КЕЛІСПЕСКЕ АМАЛЫҢ ҚАЛМАЙДЫ. НЕГЕ ДЕЙМІСІЗ? ҚАЗІР ДІН ӘБДЕН САЯСИЛАНҒАН. НЕШЕ ТҮРЛІ АҒЫМДАР МЕН ҚОЗҒАЛЫСТАР КӨП. ҚАЙСЫСЫ АҚ, ҚАЙСЫСЫ ҚАРА ЕКЕНІН АЖЫРАТА АЛМАЙСЫҢ. ӨЗІҢ АДАСЫП, ЖҰРТТЫ ДА ШАТАСТЫРАСЫҢ. ОСЫ ТАҚЫРЫПТЫ ТАРҚАТПАС БҰРЫН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ КІРДІК. ЖАЙ КІРЕ САЛМАЙ, ТӘҢІРШІЛДЕР МЕН АТЕИСТЕРДІҢ ТОБЫНА ҚОСЫЛДЫҚ. БАҚЫЛАДЫҚ. АЛАЙДА БІЗДЕГІ СЕНІМ ОЛАРҒА ҚАЙШЫ БОЛСА КЕРЕК, БІР КҮНГЕ ШЫДАМАСТАН ӘЛГІ ГРУППАДАН ТАБАНЫМЫЗДЫ ЖАЛТЫРАТТЫҚ. ҚАРАҢҒЫЛЫҚТАН ҚАНАТЫМЫЗ ҚАЙЫРЫЛДЫ. ЖҮРЕГІМІЗ СЫЗДАП, ОНДАҒЫ СӨЗДЕРДЕН ЖАНЫМЫЗ АУЫРДЫ. ТІПТІ САНАМЫЗДАҒЫ ОЙМЕН САНАСА ЖҮРІП ҰЙҚЫСЫЗ КҮНДЕР ӨТКІЗДІК...
Әлгі топтарда «Алла деген кім ол, әкелші соны алдыма», «фейк құдай», «топас...» деген сарындағы сөздер күн сайын емес, сағат сайын салынып отыр. Оң пікір айтқанға он адасқан келіп жабылып жатыр. Сондағы айтатыны «Дәлелде де дәлелде» не болмаса «арабқұл» деп айдар тағып отыр. Жарайды, әркімнің өзінің наным-сенімі бар, өз құқығы дейміз-ау. Дегенмен ол өзінде қалуы керек емес пе? Жоқ, керісінше, Фейсбуктың өзінде топырлатып топ ашқан. Онымен қоймай түрлі үгіт жасап, жұртты сендіруге атсалысуда. Ауыздары боқтық сөзге толы. Кекетіп-мұқатып әлек.
Жалпы қазір әлеуметтік желіге кіре қалсаң, дін тақырыбын қозғамайтын адам кемде-кем. Қасарысқан қауым. Бәрі шетінен білгіш. Тек өз жолын, өз ұстанымын дұрыс санайды. Біреуі қырық пышақ. Біреуі – уақапшы, біреуі – гүленші, енді біреуі – зікірші. Уақапшылар, яғни «салафиттерің» өз ішінде неше түрлі ағымға бөлінеді. Мадхалиттер, хабашиттер дегендей. Оның қайсысы радикалды, қайсысы «жұмсақ», ал айырып көр. Суфистер де солай: зікірші, тәкпірші, тарихатшы, Исматулла мен Құрбанәлінің мүридтері дегендей. Тәңіршілдер де дәуірлеп тұр. Гүленші, нұршы, сүлейменші дейсің бе, түрікшілдер де қақ жарылған. Бәрі осал емес. Тартынбаса да арпылдап тұр. Нәтижесінде дінді жеккөрінішті еттік. Ал дін дұшпандарына керегі де – осы.
Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл – ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған. Л.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне «Көктің ұлы», «Күннің ұлы», «Аспанның перзенті» боп аталғандығын «Древние тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғаны ғылыми ақиқат. Әрине «Тәңірі сенімі», «Көк тәңірі» немесе «Тәңірлік дүниетаным» бар. Ол қалыптасқан мәдени құндылық. Біз мұны жоққа шығара алмаймыз. Ал біздегі кейбір азаматтар тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, «дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед, қасиетті кітабым – Құран» деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек. Әлде, Құдайды да жекешелендірмек пе?
Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Тәңіршілдікті қайта жаңғыртумен қазақ даласында онсыз да жағымсыз кейіптегі бақсы-балгерлердің санын көбейткісі келе ме, әлде, отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма?
Ауданның бас имамы Өміржан Жұмаділда­­ұлымен байланыстық. Оның айтуынша, тәңіршілдік – дін емес. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Иүгінеки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, тағы басқа қазақ даласынан, ұлтынан шыққан ғұлама, ірі тұлғаларды қалайша ұмытамыз? Әркімнің ақиқатқа таласы бар. Әркім өзі ақиқатын жүйелеп, көпшілік сарабына ұсынуға құқылы. Ал мұсылман ретінде біздің ақиқатымыз бұл – ислам ақиқаты.
– Тәңіршілдік – дін емес. Өйткені дін болуы үшін сүйенетін негіздері, іргетасы болуы тиіс. Және сүйенетін адам болуы керек. Мәселен, ислам дінімізде сүйенетін кітабымыз – Құран. Бізге пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) келді. Алла Тағала сол арқылы, періште арқылы барлық адамзатқа осы ислам дінін насихаттады. Солай мұсылман болдық. Ал тәңіршілдер өздерін мұсылманбыз дейді. Бірақ неше түрлі кері пікірді ұстанады. Ата-бабаларымыздың өзі тәңіршілдік хақында ешқандай сөз айтпаған және ондай нәрсені ұстанбаған. Абай атамыз «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» дейді. Адам баласы бұл тәңіршілдікті не үшін ұстанып, не үшін насихаттап отыр десе, олардың түбінде саяси астар жатыр десек те болады. Жалпы адам шынайы дінді ұстанған уақытта бұл діннен алшақтататын және бездіретін жаулар пайда болады. Адамның ойын өзгертуге, сенімін өзгертуге тырысады. Негізгі мақсаты да сол – исламшылықты, мұсылмандықты жойғысы келуі, – дейді ол.
Тарихи деректер бойынша, VIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ даласына ислам дінінің келуімен түркі халықтарының арасында бұрын-соңды болмаған өрлеу мен даму басталды. Қалалар пайда болды, кітапханалар, ауруханалар, мешіттер, базарлар салынды. Өркениет пен мәдениет қарышты қарқынмен дамыды. Философия, логика, медицина, математика, астрономия, оптика, өнер, сәулет, музыка – мұның бәрі даму ренессансын бастан өткерді. Әлемдік масштабтағы ғылымдар мен өнерлердің негіздерін салған біздің аймақтан шыққан ғалым-мұсылмандар – Ибн Сина, Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Ұлықбек және тағы басқалар болды. Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан аумағында жиырма алты қала болған. Олардың арасында көптеген сауда, саяси және мәдени байланыстар болды. Оның үстіне, бүкіл аймақ «Жібек жолы» керуені арқылы әлемдік экономикалық және мәдени жүйеге енген. Өзара мәдени байыту мен алмасудың тұрақты жаһандану процесі болды, өркениет өркендеді. Мұның бәрі ұланғайыр кең дала халықтарын надандық зұлымдығы мен пұтқа табынушылық тираниясынан азат еткен Исламның арқасында мүмкін болған.
Әрине мұнан кейін де небір қилы кезеңдер болып ата-бабаларымыздың мұсылмандығы таразыға түссе де ислам діні қазақ сахарасында өз ықпалын жоғалтқан емес. Мәселен, тәңіршілдік наным-сенім­ді ұстанатын моңғолдардың шапқыншылығына ұшырап, Шыңғыс ханның ұрпақтарының қол астында бір ғасырдай уақыт тіршілік етсе де ата-бабаларымыз мұсылмандылықтан түпкілікті қол үзіп кете алмады. Соның нәтижесінде Алтын Орда ханы Өзбек ханның (1312-1313 жж.) тұсында қазақ даласында ислам діні мемлекеттік дәрежеге көтерілген болатын. Сол кезеңнен бастап ислам дініне дендеп енген, кейінірек православиелік Ресейдің қол астына өтсе де өзінің мұсылмандығына деген сеніміне шіркеу түсірмеген қазақтар Кеңестік дәуірге де мұсылман ұлт ретінде енген болатын.
Зерттеуші Бекен Қайратұлы: «...отар­лаушылар таңған тағы бір қисынсыз ұстаным – Тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділерге тән тұрмыстық салт қана. Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбарыну сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты: халықты тек исламнан тайдыру еді. Мысалы, ағартушы-миссионер Николай Ильминскийдің «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия хатында жазылған дәлелді келтіріп, қазіргі таңда қазақ зиялыларының көбі тәуелсіздіктен кейін қоғамда пайда болған мұсылманшылықты сіңіре алмауына себеп осы» дейді.
Көріп отырғанымыздай жоғарыдағы тарихи деректерден «Тәңір», «Көк тәңірі» сияқты сөздерді ескі жазбалардан кездестіргенімізбен, «Тәңіршілдік», терминін кездестіре алмаймыз. Тәңіршілдік түсінігі бізге XIX ғасырда келіп, қозғала бастағанда белгілі болды.
Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид діні. Ислам – Алла Тағала тарапынан жіберілген соңғы әрі иләһи дін. Ислам діні өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла Тағала мұнан басқа дінді қабыл етпейді. Бұл туралы өзінің кітабында былай деп ескертеді: «Шүбәсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам»[48, 3/19], «Кім исламнан басқа бір дін іздесе, одан ол әсте қабыл етілмейді. Ол ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады[48, 3/85].
Тәңіршілдіктің қауіптілігі сонда, бүгінгі таңда олардың насихаты нақты ислам дініне қарсы бағытталып, ислам дінін қаралаушылық сипатқа ие бола бастады. Олардың көзқарасы антисемитизм, исламофобия, антихристиандық идеяларға толы және ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған деп көреді зерттеушілер.
Ал анаубір жылдары әлемжеліде желдей ескен жаңалықты барлығы талқылап кетті ғой. Онда қайтыс болған адамның жаназасын тәңіршілдік жолмен шығарған. Марқұм тәңіршілдік ілімін ұстанған екен. Осы ілімді ұстанатындардың дәстүрі бойынша қайтқан кісіге Құран бағышталып, жаназа намазы оқылмаған. Тек марқұмның қарызы мен парызы сұралып, қара сөзбен жаназасы шығарылып, Құдайға табысталған. Тәңіршілдердің басқа да ұстанымдары бар. Олар ас қайырғанда да алақан жайып, «әумин» демейді. Қос қолын кеудесіне қойып, «өмін» дейді.
Кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша, қазақ даласында тәңіршілдік жолмен жүретіндердің саны 200 мыңдай екен. Әр апта сайын осы бағытты ұстанатын 20-30 адам жиналып, түрлі тақырыпта әңгімелесіп отырады. Олардың арасында ғалым, жазушы, әнші, суретші, басқа да өнер адамдары бар. Ол жерде уағыз айтылмайды, тек өмірдің заңдылықтары туралы әңгіме өрбиді. Зерттеп қарасақ, тәңіршілдікті жақтайтындар да, оны тарихтың қойнауына енген ескі салт деп қарайтындар да баршылық екен. Бұған түрколог, академик Қаржаубай Сартқожаның «Шын мәнінде, сахалар және басқа түркі халықтары тәңіршілдік туралы толық біле бермейді. Сонау түркі империяларының кезіндегі дүниетанымның сарқыншақтары ғана қалған. Кейбір Еуропа тарихшыларының жазбасымен «Шаманизм» немесе «Тәңіршілдік» аталып кетті. Діннің аты бүгу болатын. Тәңіршілдіктің ғибадатханасы ретінде Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерін атауға болады. Ол ғибадатханаларға адам жерленбеген, тек түрлі жоралғы өтіп отырған. Тәңіршілдік – бабаларымыздың тарихы. Біз сол тұрғыдан қарастырамыз әрі зерттейміз» деген пікірі дәлел.
Қазақстан дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Сайлау Батыршаұлы «Тәуелсіздік келгелі сәнге айналған тәңіршілдік идея­сын көтеріп, өршітіп отырған да қазақтар емес, бұл да шекараның ар жағынан әдейі ұйымдастырылған арандатушылық, ұлтты бұзушылық әрекет. Әлемде жүріп жатқан Батыстың идеологиялық үстемдікке жету күресінің бір тармағы осы: түркі халықтарын бұрынғы тәңіршілдік наным-сеніміне шақырып, исламды арабтың діні деп, іштей іріту» деген болатын.
Түрлі талқылаулар әлі болып жатыр. Бола береді де. Өйткені тәңірге сенетін қазақтар өз ғибадатханаларын салғысы келетін ойын білдіріп жүр емес пе? Сондықтан тәңіршілдер туралы түсінік алдағы уақытта да талай талқыланатын тәрізді.

Айнұр ӘЛИ

05 ақпан 2022 ж. 657 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031