Логопедке сұраныс артты: Себеп неде?
«БАЛА ТІЛІ – БАЛ» ДЕЙМІЗ. АЛ СОЛ БАЛАСЫНЫҢ ТІЛІ УАҚЫТЫНДА ШЫҚПАЙ, ҚАТАРЛАСТАРЫНАН ҚАЛЫП БАРА ЖАТСА АТА-АНА АЛАҢ ҚЫЛАДЫ. РАСЫНДА ДА, ҚАЗІР АЙНАЛАМЫЗДАН «БАЛАМ ДҰРЫС СӨЙЛЕМЕЙДІ», «ТІЛІ АНЫҚ ЕМЕС», «ОЙЫН ДҰРЫС ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙДЫ», «МЫҚТЫ ЛОГОПЕД ІЗДЕП ЖҮРМІЗ» НЕМЕСЕ «ЛОГОПЕДКЕ БАРЫП ЖҮРМІЗ» ДЕГЕН ПІКІРЛЕРДІ ЖИІ ЕСТИМІЗ. ЛОГОПЕД МАМАНҒА ДЕГЕН СҰРАНЫСТЫҢ АРТУЫНА НЕ СЕБЕП, АТА-АНА НЕНІ ЕСКЕРУІ КЕРЕК ДЕГЕН СҰРАҚТАРДЫ САРАЛАП КӨРСЕК.
ЛОГОПЕД ПЕ, ӘЛДЕ ДЕФЕКТОЛОГ ПА?
Соңғы жылдары логопед шам алып іздейтін маманға айналуда. Өйткені, сөзі түсініксіз, былдырлаған бала көп. Ол туа бітті ме, әлде жүре пайда болды ма белгісіз. Алайда бауыр еті баласының болашағына алаңдап тіл мүкістігін жоюға ниеттеніп жүрген ата-ананың да қарасы қалың. Үлкен қалаларда логопед маманның кеңесін алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрасыз. Немесе әр сағаты мен минуты есептеулі логопедтің бос уақытын күтесіз. Осыған қарап-ақ елімізде тіл мүкістігінің кең етек алғанын аңғаруға болады. Түптеп келгенде, бұл медициналық әрі әлеуметтік мәселе. Маман таңдауға келгенде көпшілігі логопед пен дефектологты шатастырып жатады. Немесе екеуін бір маманға балайды. Ата-аналарға түсінікті болуы үшін логопед пен дефектологтың айырмашылығына тоқтала кетейік. Логопед – тіл тазалығының маманы, баланың анық сөйлеуімен, дыбыстардың дұрыс шығуымен айналысады. Айта алмайтын, тілі келмей жүрген дыбыстарды қояды. Ол үшін түрлі жаттығу жасалады. Ал дефектолог – психофизикалық даму ерекшеліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдей отырып, оқытып-үйрететін, сөйлеу машығын қалыптастыратын қызметі неғұрлым ауқымды маман. Яғни дефектолог маман денсаулығында қандай да болмасын кінәрат анықталған балалармен жұмыс істейді. Бірақ екі мамандық тығыз байланыста, қабысып жатыр. Сондықтан егер балаңыздың бойынан, әрекетінен, мінез-құлқынан қандай да бір сезікті дүниелерді байқасаңыз тезірек дәрігердің кеңесін алу керек. Баланы дәрігер тексергеннен кейін қай маманға бару керектігі белгілі болады.
ӘЛЕМ ЗЕРТТЕУІ НЕ ДЕЙДІ?
Әлбетте, әр бала әртүрлі. Қайталанбайтын жеке адам болғандықтан оның дамуы да ерекшелікке толы. Десе де көптеген ғалым бала тілін күрмейтін себептің негізгісі – қазіргі таңда «жөн-жосықсыз қолданылған гаджет» деседі. Ғалымдар бұған кейінгі жылдары ден қоюда. Ашық ресурстағы деректер тек соңғы жылдары ғана осынау ақылды технологияның пайдасы мен залалын таразыға тарта бастады. Мәселен, жария деректер 2018 жылы АҚШ Үкіметінің жасөспірімдерді интеллектуалдық қабілетін зерттеуін аяқтаған. Оған 9-11 жас аралығындағы 11 мың бала қатысқан. Сол арқылы Денсаулықтың ұлттық институты балалардың миына, көңіл күйіне, психикалық дамуына смартфонның қалай әсер ететінін талдаған. Бұл зерттеу 10 жылға созылыпты. Ал нәтижесі көңіл көншітпейді. Күніне 7 сағаттан астам уақыт гаджетте отырған балалардың ми қыртысының мезгілінен бұрын тозғаны анықталыпты. Адамның бес сезім мүшесінен келіп түсетін ақпаратты қорытатын ми бөлігі де өзгеріске түскені томография арқылы мәлім болыпты. Мұндай өзгеріс әдетте адам қартайғанда болады екен. Балалар бойындағы мұндай ақауды Канаданың психологтары да растаған. Көрші Ресей елінде де бұл мәселеге алаңдаушылар көп. Бұл елдің ғалымдары бүгінде 6-7 жастағы баланың 60 процентінде сөйлеу тілі қалыптаспағанын айтып дабыл қаққан. Олар балалардың сөздік қорының жоқтығын, қарапайым әңгіме құрап айта алмайтындығын алға тартады. Мұның себебін ата-ананың баламен сөйлеспеуі, иә дер кезінде сөйлеуіне мән бермеуімен байланыстырады. Осы ретте атақтылар өміріне үңілсек, Билл Гейтс балаларына жасөспірім болғанша ұялы телефон ұстауға тыйым салса, Стив Джобс мектепке барғанша балаларына «айпад» бермеген. Бұл жоқтықтан емес, бала болашағына алаңдағаннан туындаған тыйым болып отыр.
БАЛА ТІЛІНІҢ КЕШ ШЫҒУЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН
ФАКТОРЛАР
Баланы дүниеге әкелуді жоспарлау керек. Ананың денсаулығы, психоэмоционалдық жағдайы баланың дамуына, оның ішінде тілінің шығуына да әсер етпей қоймайды. Егер әйел жүктілікке жауапкершілікпен қарап, тиісті дәрігерлердің тексеруінен өтсе, ағзасында дәрумендер мен макро-микро элементтер жеткілікті болса оның бәрі өмірге дені сау ұрпақ келуіне ықпал етеді. Сонымен қатар «кесір тілігі» арқылы туылған балаларда да көп жағдайда тілі кешірек шығатыны байқалады.
Біз дәл қазір гаджеттердің дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Оның бәрі баланы қызықтырады, көзін арбайды. Дегенмен шектеу мен бақылау міндетті түрде қойылуы керек. Теледидардағы қас-қағым сәтте алмасып жатқан кадрлар, экрандағы кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөздері баланың миына, оны түсініп, қабылдауына қиындық туғызады. Өзі сезбегенімен, шаршайды. Сол үшін теледидарды жарты сағаттан көп қарамағаны жөн. Дегенмен бұл теледидарды сөндіріп, баланы өз жайына қалдыру деген сөз емес. Бір нәрсеге тыйым салсаң, шектеу қойсаң, оны алмастыратын әрекет ұсыну керек. Мысалы, далаға серуендеуге шығарыңыз немесе қолына қағаз бен қарындаш беріп сурет салғызыңыз. Тағы бір ескерер нәрсе бар. Ол ана сүтін емген баланың сөйлеуінде көп жағдайда жоғарыда аталғандай қиындық тумайды. Себебі тамақтану барысындағы тіл қозғалысының өзі гимнастика екен. Ал құтымен тамақтанғанда баланың тілі, бетіндегі бұлшық еті қозғалысқа түспейді, өйткені емізіктен еш қиындықсыз сүт тамшылап тұрады.
Әжелеріміз «бұрын балалардың тілі ерте шығушы еді» деп айтып отырады. Бұл сөздің жаны бар секілді. Ол кезде балалар құрт жеп, сүйек мүжіген. Қазір өзіміз де балаларымызға бар жылы-жұмсақты ұсынамыз. Мұнымыз қамқорлық болғанымен, оның денсаулығының дамуына қиындық келтіріп жатқанын аңғармаймыз да. Қатты тамақты тістеп, мүжіп жемеген соң тістің түбі мен қызылеті бекімейді екен. Оның үстіне кей ата-ананың тамақты шайнап беретіні тағы бар. Бала өзі тамақты шайнап жегенде ауыз қуысы, бетінің бұлшық еті қозғалып, артикуляция пайда болады.
Логопед мамандар ауылдық жердегі балалардың тілі ерте шығатынын, әрі олардың логопедке көп жүгіне бермейтінін айтады. Өйткені әрбір үйде жан-жануар, мысық, ит бар. Оның өзі бала үшін терапия екен. Қаладағыдай әр бала толықтай үлкендердің бақылауында емес, еркіндікте болады. Балалармен қосылып ойнап, соларға еліктеп, ересек балалардың жасағанын, айтқан сөзін қайталап үйренеді. Әже-аталары да бала тәрбиесіне араласып, оның тілін қызық көріп сөйлетіп, өздері ертегі оқып беріп, әңгімеге тартады.
Сонымен қатар үйінде қос тілді қатар қолданатын жанұяның балалары көп жағдайда логопедтің көмегіне жүгінеді екен. Бұл ретте отбасындағы психологиялық жағдай да ескерілуі керек, үлкендердің балаға және өзара қарым-қатынастары аса маңызды. Үстемдік көрсетілетін, түрлі қорқынышы бар балаларда тұтығу, кекештену пайда болады. Қарап отырсақ, мәселе тек гаджетте ғана емес.
АТА-АНАЛАР НЕНІ БІЛУІ ТИІС?
Баланың тілі тез шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Қазіргі балаларға үлкендердің әңгімелесуі, тілдесуі жетіспейді. Бала керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстата салады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін де баладан «не керек?», «су ма, шәй ма?», «шырын ба?», «жейсің бе, жемейсің бе?» деген сұрақтар қою арқылы сөйлетуге тырысу керек. Бұл баланың сөздік қорын молайтудың бір ғана жолы.
Егер бала 5 жасқа келгенде дыбыстарды толық айтпаса, онда дереу маманға жүгіну қажет. Ал ғалымдар дені сау, жақсы дамып келе жатқан бала бір жасында 6-10 сөз айта алса, екі жасында 250-300, үш жаста – 1500, төрт жаста – 4000, 5-6 жаста 4-5 мыңдай сөз қоры жиналатынын айтады. Ғаламтордағы тағы бір қызықты дерекке тоқталсақ. Баланың топырақта ойнауы да сөйлеуге әсер етеді деседі. Ғалымдар тілдің дамуына бала қолының ұсақ моторикалары, яғни қол бұлшық еттері мен саусақтарындағы нүктелер әсер етеді деп дәлелдеген. Баланың қолына сүйек ұстатып, мұжытып қою да тілдің дұрыс дамуына оң әсерін тигізсе керек. Ол алақанның бұлшық еттерін ширатса, бала артикуляциялық жаттығулар жасайтын көрінеді. Осылайша ұсақ моториканы дамыту да бала тілінің қалыпты шығуына жәрдемдеседі. Саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді.
Ата-аналар ескерер тағы бір нәрсе бар. Ол баланың мектепке дұрыс, анық және түсінікті сөйлеп баруы. Себебі құрдастары тілінің кемістігін бетіне басып, мазақтауы мүмкін. Мұғалімдер «дұрыстап айтшы, мен сені түсінбеймін» деген сияқты сөздер айтып қалады. Оның бәрі балаға ауыр тиеді. Комплекс содан басталады. Кейін бала өзі қалай сөйлейді, солай жазуы мүмкін. Мысалы с-ны «ш» қып, р-ны «л» қып, қалай айтады солай жазуы ықтимал. Ғылымда мұны дисграфия дейді. Бұл әрине сабақ үлгеріміне әсер етпей қоймайды. Баланы кішкентай, түсінбейді деуге әсте болмайды. Ол үлкендердің өзі жайлы айтып жатқанын ұғады. «Бұл бала дұрыс сөйлемейді» деген сөздерді естіген сайын ол тұйықтала береді. Кейін ер жеткенде де осы комплекстен арыла алмай, адамдармен қарым-қатынасқа түсерде, көпшілік ортада сөйлеуге қиналып, елеусіз қалуға тырысып жатады.
МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Қазір кеңінен талқыланып жатқан бұл мәселе – жақында ғана пайда болған дүние емес. Он жылдан бері өзекті болып келе жатқан мәселенің бірі. Содан бері шешімін тапқанның орнына шиеленісіп бара жатқандай. Дыбыстарды дұрыс айта алмайтын балалардың саны артпаса, кеміген жоқ. Осыған орай біршама білім беру ұйымдарында логопед мамандарға жаңа жұмыс орны ашылуда. Білімнің алғашқы баспалдағы болып саналатын балабақшада да бір-бірден логопед мамандар жұмыс істеуде.
Осы ретте №20 Толғанай бөбекжай-бақшасының логопедін сөзге тарттық.
– Қазіргі уақытта балалардың дыбыстарды дұрыс айта алмауы жиі кездеседі. Оны жасыруға болмайды. Қайта дер кезінде тиісті мамандарға көрсетіп, жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға тырысу керек. Дұрыс сөйлей алмаған соң бала ұялшақ, жасқаншақ, тұйық болып кетеді. Түрлі дәрежедегі тіл кемістігі балалардың психикалық, физикалық, ақыл-ойының дамуына кері әсерін тигізеді. Балабақшадағы бүлдіршіндер арасында осының алдын алу үшін түрлі жаттығулар жасатып, артикуляциясының дұрыс дамуына үлес қосамыз, – дейді Жазира Нұрмұратқызы.
Ал мектептердегі логопедке қояр талап өзгеше. Олар жекелеген оқушылармен арнайы кесте бойынша жұмыс істейді. Балабақшадағы баланың жасы кіші болғандықтан нақты диагнозы болмайды. Ол 5 жастан асқан соң ғана нақтыланады. Сондықтан мұндағы логопед мамандар алдына келген әрбір баланың жанын, қалауын түсінуге тырысады. Бір бала санаулы сабақтан кейін-ақ сөйлеп кетуі мүмкін. Енді біріне – бір әріпті қоюға айлап сабақ алуға тура келеді. Жыл бойы логопедтің көмегіне жүгіну жағдайлары кездеседі, оны да қалыпты жағдай деп қабылдау керек. Ата-аналардың басым көпшілігі баласын мектепте дайындаған уақытта осы кемшілікті аңғарып жатады дейді мамандар. Оған дәлел де бар.
– Баланың дыбыстарды шатастырып, айта алмауы – біздің де басымыздан өткен. Мектепке барар тұста невропотолог баланың «Р» дыбысына тілі келмейтінін ескертіп, логопедке жіберді. Жұрттан сұрастыра жүріп, бағымызға қарай, білікті маман жолықты. Маман бала тілінің бұлшық еттерінің дұрыс қозғалмайтындығын атады. Сол бұлшық еттердің белсенділігі үшін тілге түрлі жаттығулар жасатты. Сонымен қатар, «с», «ш», «ж», «з» және осындай үнді, қатаң дауыстардың орны ауысып кететінін де аңғарды. Екі айға жуық жаттығу барысында баланың тілі икемге келді. Әр дыбыс орнын тапты. Баланың саусақ және тіл бұлшық еттерінің жетілмеуі салдарынан осындай қиындықтар туындайды. Уақытылы маманға жүгінсе, ол қалпына келеді екен. Ертерек қамданып, дер кезінде маманға көрсеткеніме қуанамын, – дейді ата-ана Айнара Жүсіпова.
Түйін
«Баланы – жастан» деген қазақ даналығын бүгінде естен шығарып алдық. Тіршілік қамымен, күйбең тірлікпен баламыздың қалай өсіп кеткенін де байқамай қаламыз. Алайда бала кездегі көңіл бөлмеудің ақыры кейін сан соқтырар өкінішке алып келмесіне кім кепіл. Сондықтан да кеш қалмай тұрғанда ойланған абзал. Баламыздың болашағына алаңдасақ, бүгінін бағдарлайық, бағамдайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ