«Өрлеу» – №106 мектепте
Қазіргі жаһандану заманында әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері бюджеттерінен білім мен ғылым саласына, жаңа технологияларды игеруге қомақты қаржы бөлуде. Өйткені, білім мен ғылым кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін басым бағыттардың бірі болып табылады.
Бұл бағыттарда елімізде тәуелсіздік алғаннан бері қыруар жұмыстар жасалынды. Атап айтатын болсақ, Тәуелсіздік жылдары елімізде 900-ден астам мектеп салынды, мұндай көлемді құрылыс посткеңестік елдердің бірде-біреуінде жүргізілген жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн... Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады» деп, қала және ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты жою мәселесіне тоқталған болатын.
Ел Президентінің осы жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз... Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. ...Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек» деп, Үкіметке тапсырған болатын.
Мемлекет басшысының ауыл мектептері оқушыларының білім сапасын арттыру бағытында алға қойған міндеттерін орындау мақсатына сәйкес «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығында іс-шаралар жоспары құрылған болатын. Осы жоспарға сәйкес осы жылдың 17 қыркүйегінде Иіркөл ауылындағы №106 орта мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауыл мектептерінің мұғалімдеріне әдістемелік көмек беру, инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату мақсатында «Ауыл мектебіне әдістемелік көмек – білім сапасын арттырудың кепілі» тақырыбында әдістемелік семинар өткізілді. Семинар жұмысына «Өрлеу» Қызылорда оқытушы-тренерлері мен қызметкерлері, №106 орта мектеп педагогтері қатысты. Семинар жұмысын «Өрлеу» Қызылорда директоры Б.Елеусінов пен №106 мектеп директоры М.Жұматаев кіріспе сөзбен ашты.
Семинар бағдарламасы аясында пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен ашық сабақтар өткізілді. Атап айтқанда, география пәні мұғалімі Қ.Тетеевтің «Өзекті географиялық зерттеу әдістері. Зерттеу тақырыбына сәйкес модельдеу әдістерін қолдану», қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Есмаханованың «Ұлттық киім», АӘжТД пәні мұғалімі Ж.Ахметовтың «Калашников автоматын жартылай бөлшектеу және жинақтау», математика пәні мұғалімі Г.Шалманованың «Бүтін көрсеткішті дәреже және оның қасиеттері», тарих пәні мұғалімі Ғ.Набиевтің «Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің тұрақтары», дене шынықтыру пәні мұғалімі Б.Абдуллаұлының ұйымдастыруымен «Жүгіріп келіп ұзындыққа секіру» тақырыбында ашық сабақтар өткізілді.
Ашық сабақтарға қатысқан институт тренерлері әр сабақтың өтілу барысын талдап, озық тұстары мен кемшіліктері, оларды шешу жолдары жайлы өзара ашық пікір алмасып, кері байланыс жүзеге асырылды. Әрбір пәннің ерекшелігіне байланысты мұғалімдерге күрделі тақырыптар бойынша әдістемелік көмектер көрсетілді.
Институт тренерлері С.Құсейінов мектеп мұғалімдеріне арнап «Элективті, таңдау курстарының бағдарламасын әзірлеудің ерекшеліктері», О.Орманов «Сандық білім беру ресурстарын сабақта пайдалану» тақырыптарында шеберлік сыныптарын өткізді.
Мектеп психологі Б.Қаниеваның жетекшілігімен «Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді.
Сонымен қатар, институт директоры Б.Елеусінов мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, кәсіби бағдар, мамандық таңдау және ҰБТ-ға дайындық барысы жайлы пікір алмасты.
Семинар жұмысының қорытындысында филиал директоры Б.Елеусінов Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы білім саласына қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жұмысындағы жаңа басым бағыттар жайлы айтып өтті. Мектеп мұғалімдерін «Өрлеу» ұйымдастырып жатқан «Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту» атты тегін онлайн курстан толық өтуге шақырды.
Мектеп кітапханасы қорына институт оқытушы-тренерлері шығарған әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтар сыйға тартылды. Мектепке институт тарапынан медициналық бетперделер мен антисептик тапсырылды.
Әдістемелік семинарда көрсеткен үздік жұмыстары мен жоғары кәсіби шеберліктері үшін мектеп мұғалімдері институттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады.
Елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсекеге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адам капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына, ұстаздың білімі мен білігіне байланысты. Халқымызда «Ауылым – алтын бесігім» деген қанатты сөз бар. Ендеше, ауыл мектептеріне барынша қолдау жасайық!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО»
Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры