» » Аманатқа адалдық

Аманатқа адалдық

1990 жылы әкем жырау Қуандық Бүрлібайұлы Жапон еліндегі Токио қаласында өткен Дүниежүзілік фольклорлық фестивальге қатысып, өз дауысын әлемдік өнердің алтын қорына жаздырды. Сол сапардан елге науқастанып келген еді. Тынымсыз адамның төсек тартып жатып қалуы бізді де ойландырмай қоймады. Шай-суын әкеп беріп жүріп ауруының осал емес екенін байқайтынмын.
Бір күні қасында әңгімесін тыңдап отыр едім «Ассалаумағалейкум, Қожа, шақырдыңдар ма?» деп үйге белгілі жырау, Алмас ағамыз кіріп келді. Ауырып жатқан әкемнің Алекеңді көріп балаша қуанғанын көрсеңіз. Екі езуі екі құлағына жетіп «Алмасжан келдің бе?» деп көңілденіп қалды. Нағашылы-жиенді ойнайтындары да бар еді. Бір-бірімен мәре-сәре болып жатыр. Анам болса «қайным келді ғой, қазанға ет салайын» деп қуанып кетті. Әкем де Жапония сапарындағы көрген құрметі мен ол елдің бізден әлдеқайда дамып кеткені жайлы айтып тауыса алмай жатыр.
Содан Қожекең:
– Ау, Қуеке бұл не жатыс тұр. Ленинградқа кетеміз. Үлкен халықаралық симпозиум өтейін деп жатыр. Сонда «Көрұғлыны» жырлауың керек, – деді.
– Әй Алмасжан, мен науқастанып жүрмін, шамалы ем алуым керек. Мына кенже ұлым Амандықты өзіңмен бірге ертіп кетсең дұрыс болар еді. Осы бала саған «аманат», – деді әкем.
Бұл кезде мен жастау едім. Осы сөзді естігеніммен мағынасына мән бермеппін. Бірақ Қожекең ондай сөзді күтпесе керек, түсі өзгеріп кетті.
– Қуеке, «кәрі қой ісегінде қартаяды» деген бұл не әңгімең? Аманшылық па? Аманаттың жүгі ауыр болады ғой, – деді.
Сонда әкем:
– Әй Алмасжан, менің науқасым ауырлау ғой, – деп көзі жасаурап кетті. Қожекең де бірдеңені сезді ме, шамалы үнсіз отырды да «Онда Амандықты алып кетейін» деп еді әкем қуанып сала берді. Әне-міне әңгімелесіп отырғанымызда анамның еті де дайын болды. Ас-ауқатты жеп болған соң Қожекең «Ал, Қуеке саған Алла қуат берсін. Амандық екеуміз жүре берейік» деп рұқсат сұрады. Менің қуанышымда шек жоқ. Анама қарап жымың-жымың етіп қоям. Сөйтіп әкеме «Көке, жақсы» деп қасына жақындап едім, әкем қолымнан ұзақ қысып бауырына басып бетімнен сүйді де, «Ал, балам, жолың болсын! Алмас ағаңмен барып ел көріп қайт» деп біртүрлі қимас көзқараспен шығарып салды. Ойымда ештеңе жоқ, менің қуанышым Ленинградқа бару. Сөйтіп Қожекеңе еріп қасымызда Шекер Орынбаева апай бар пойызбен Ленинградқа тартып кеттік. Қармақшыдан жырау Шамшат Төлепова апамыз, Аралдан жырау Рысбек Әшімов ағамыз мінді. Қожекең «Қуекеңнің баласы» деп мені таныстырып келе жатыр. Сөйтіп 3 күн пойызда жүріп Ленинградқа да жеттік. Ол жақта музыка зерттеуші ғалым Изали Земцовский мен Алма Құнанбаева күтіп алды. Алма апамыз да сөзден гөрі іске дайын адам екен. Амандық-саулық сұрасып болар болмастан:
- Алмас, бүгін дайындық. Ертең концерт, – деп келе жатыр.
Ұмытпаймын қазан айының 28-інші жұлдызы. Өйткені ертесіне 29-ы менің туған күнім. Туған күнімді Ленинградта тойлайтын болдым деп қуанып мен жүрмін. Алма апамыз бен Изекеңнің қаланың ортасында үйі бар екен, сонда барып тоқтадық. Алма апамыз барын қойып жатыр. Сол күні дайындық болды. Концерт өтетін зал 3000 адамдық екен. Ертеңіне концерт бастаймыз деп келіп тұрмыз. Зал көрерменге толы. Міне бастаймыз деп тұрғанымызда аяқ астынан Изекең келіп Алмас ағаға сыбырлап еді, Алекеңнің түрі өзгеріп мені сахнаның сырт жағына алып шықты да «Айналайын, Амандық, көкең қысылып жатыр екен. Сен тезірек елге қайтуың керек» деді. «Бүгін туған күнің ғой, жүр» деп Ленинградтың дүкендерін аралатып, кроссовка, шалбар, көйлек бәрін алып беріп жатыр. Қанша қуансам да, жүрегім біртүрлі аузыма тығылғандай болып жүрдім. Алекең мені кешке Изали аға мен Алма апамыздың үйіне алып келді. Дастарқан жайнап тұр. Шамшат апа, Рысбек ағам бәрі «туған күнің құтты болсын, айналайын» деп құттықтап жатыр. Сөйтсем Изоли Земцовский ұлты еврей болса да Алмас ағамызға айтыпты «Балаға бірден айтпайық, шошытып алармыз. Кешке дейін қыдырт, сосын үйге әкел. Сол жерден естіртейік» деп. Маған «әкең қайтыс болды» демесе де, «қатты қысылып, сені көргісі кеп жатыр екен, елге Шекер апаңмен бірге қайтуың керек» деді. Бір нәрсенің болғанын сездім. Денем біртүрлі болып, көзіме жас толып кетті. Шекер апайға еріп Ташкент арқылы ұшып елге келдім. Келсем үй жақ толы адам. Ағайындар мені күтіп тұр екен. Келсем әкем жүріп кетіпті, жаназасын шығарайын деп жатыр. Азан-қазан көрісіп жылау. Әкемді құшақтап жылап тұрғанымда әкемнің Ленинградқа кетіп бара жатқанымда не үшін мені қимай қоштасқанын түсіндім. Өзінің мен қайтып келгенше өмірмен қоштасатынын білген екен ғой.
Атайын дегенім Изоли Земцовскийдің сахнада не айтқанын естімесем де кейін Алмас ағадан естігенім, Изекең сахнаға шығып көрермендерге «Қазақстандағы Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, Ленин кеңшарында біздің талантты өнерпазымыз, жырау Қуандық Бүрлібаевтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты үш күн траур жариялаймын» деп басталғалы тұрған концертті тоқтатып, концерт үш күннен кейін болатынын айтқан екен. Үш күннен соң концерттерін қойып сол делегация ауылға келіп отбасымызға, анама көңіл айтты. Сонда Алмас ағаның әкем Қуандыққа жазған көңіл-қосы еді.

Білгенге ажал мирас, арман қиғаш,
Пенденің екі ортаға басы сыймас.
Қайтпас жол, қараңғылық қадам басып,
Ох, дарих кетіп жатыр небір қимас.

Қуандық, Құлыс Кете дүлдүл жырау,
Әрі аға, әрі дос ед басы сыйлас.
Сал көңіл, жұмсақ мінез, сұңқар дауыс,
Егіліп естіген жан жасын тыймас.

Сыпайы сілкіп қанат көтермейтін,
Туымың талантыңа келетін маш.
Теңселтіп дүниені тербеп жырмен,
Алып ең абыройды әркім жимас.

Ақ бұлақ қайнап аққан аталы жыр,
Ізі бар зерттесе ол да тынбас.
Бақұл бол, дегдар аға, туымың зор,
Бұйрық сол күні бітпей көзе сынбас, – деп айтқаны еді.

Сол аманаттың жүгін арқалап мені Қызылорда педагогикалық институтының «Халық әні» кафедрасына оқуға түсірді. Қиналсам жәрдемдесіп, әкемнің орнында әкедей болды. Оқуымды тәмәмдағаннан кейін университетке оқытушы қызметіне қойды. Ұстаздан алған үлгімізді студенттерге үйретіп бала оқытушы болдық. Алмас ағаның ізінде шәкірт болып, бүгінгі күнге дейін құрмет тұтып келемін.
Әкемнің аманатына адалдық танытқан адам осы Алмас аға мен Мира жеңгеме Алла разы болсын. Ол кісілерден көрген жақсылықтарымды айтып тауыса алмаспын. Дегенмен «Ағаш ағаштан сәнін алады, адам адамнан тәлім алады» демекші, жақсы ұстаздың қасында қосшылығын жегіп жүріп, көптеген жақсы амалдар үйренгеніме қуанамын. Үйренгенім өміріме көптеген жақсы өзгерістер алып келді. Анам марқұм да Алмас ағаның азаматтығына шексіз риза болып кетіп еді. Алмас ағаның мені, «Сатпайтын, сатылмайтын» досым деп айтуы маған деген үлкен сенімі болу керек деп ойлаймын.

«Бір нәрсені ұмыт, біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт. Бір нәрсені ұмытпа біреуден көрген жақсылығыңды ұмытпа» дегендей Қожекеңнің жасаған жақсылықтарын ұмыту мүмкін емес. Алмас ағаның шәкірті болып қасында жүргенім мен үшін үлкен бақыт.
Алмас ағамыз ақпан айының 13 жұлдызында 65 жасқа толады. Алла ағамыздың отының басына амандық, деніне саулық беріп, бақ-берекесімен жарылқасын.

Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің директоры
13 ақпан 2021 ж. 544 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031