» » » ОРАЗА ТЕК АШЫҒУ ҮШІН ҰСТАЛМАЙДЫ

ОРАЗА ТЕК АШЫҒУ ҮШІН ҰСТАЛМАЙДЫ

Жақсыбек қажы Әбиұлы,
«Қармақшы ата» мешітінің бас имамы:
Айдың патшасы – Рамазан келіп, оразаға ауыз бекіткелі біршама уақыт өтті. Өңірдегі кейбір замандастың ораза тұтқанына жарты ғасырдан асса, енді бірі – үстіміздегі жылы алғаш рет бекітуде. Осыған орай, «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлынан оразаның парызы жайлы сұрап, бірқатар сұрақтар қойған едік. Төменде бас имаммен болған сұХбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Бір қуаныштысы, тәуелсіздік алған халқымыз қазір рухани байлыққа – талай жыл тасада қалған дінімізге көңіл бөле бастады. Оның бір айғағы – жылына бір мәрте келетін Рамазан айында ораза тұтып, имандылыққа бет бұрушының саны жылдан-жылға көбеюде. Әңгі­ме­ні жалпы оразаның парызынан бас­тағанымыз жөн болар? 
– Қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты болсын. Ораза – арабша «сауап», яғни ауыз бекіту дегенді білдіреді. Бұл – бізден алдыңғы діндерде де болған. Оның дәлелі ретінде Алла Тағала Құран Кәрімде айтады. «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Сендерден бұрынғыларға ораза ұстау парыз болған секілді, сендерге де ораза ұстау парыз етіледі» деп атап көрсетеді. Бірақ олардың оразасы әртүрлі болған болуы мүмкін. Біреуіне – белгілі бір тағам түріне, біреуіне – ұстау уақыты. Десе де, Жаратушы иеміз бізге дейінгі үмметке де оразаны парыз еткені белгілі болып отыр. Ал, парыз – Алланың бұйрығы.     
– Ораза ашығу үшін ұстала ма, әлде оның басқа да бір себебі бар ма?
– Бұл жөнінде медицина ғылымы көптеген дәлел жүргізген. Жасыратыны жоқ, бүгінде ашығу арқылы адамды емдеу әдісі тәжірибеге енгізілуде. Бірақ, оразаның мақсаты – ашығу немесе денсаулыққа пайданы көздемейді. Мұндағы көзделетіні – Алланың разылығы. Демек, бізді Жаратқан иенің әміріне бой ұсыну арқылы, сондай-ақ оның әмірін екі етпеген жағдайда Алла Тағаланың бекіткен ережесі мен қағидасына сай, оның разылығын көздеп қана ораза ұстау. Бұл тұрғысында Хадис-құдсида: «Барлық жақсылықтың қарымы періште арқылы беріледі. Ал, Рамазанның қарымын жеке өзім беремін» деген. Сол себептен бұл жерде Мейірімді шексіз Алла мен екі ортадағы сыр болған соң біз оразаны тек қана Алланың разылығы үшін ұстаймыз. Әрине, Алла разы болса мұнан қоғамға, адам денсулығына, сонымен қатар жеке басқа келетін пайда орасан зор. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Алла пендесіне не нәрсені парыз қылған болса – онда  адам үшін де, қоғам үшін де өте игі­лікті әрі көптеген нығмет бар деген сөз.         
– Оразада пітір садақасы назарға алынады. Оның биылғы белгіленген өлшемі қандай?
– Дұрыс айтасыз. Негізінен садақаның бірнеше түрі бар. Парыз садақаға – зекет, үшір сияқты садақа түрі жатса, уәжіп садақа – Құрбан айтта мал шалу, осы   ораза айында жетім-жесірдің игілігі үшін пітір садақасын беру болып табылады. Яғни, бұл пітір садақасы – оразадағы кем-кетігімізді толтыратын Алланың бізге берген мүмкіншілігі. Бір ай бойы Рамазан айтына дейін пітір садақасын береміз. Оның ең төменгі мөлшері Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы төрағасының шешімімен биылға кемінде 300 теңге болып бекітілді. Кем деуіміздің себебі бар. Жалпы бұл 2 келі ұннан, 2 келі мейіз, құрма, жүзімнен беріледі. Сол себептен де кім қандай жеміс түрін таңдап, сол көлемде пітір садақасын беремін десе өз еркінде. Ал, қарапайым халық ең төменгі мөлшерде – 300 теңгеден беретін болса, пітір садақасы оның мойнынан түседі. Дәулетті, бай кісілер кедейдің қамын көбірек ойлап, Құдайға шүкірлік етіп пітірді көптеу беретін болса құба-құп. Онда оның бұл ниеті Алланың алдында қабыл.
 – Шынын айтсақ, әлі күнге дейін ораза туралы түсінік әркімде әрқалай. Әсіресе, бірінші мәрте ораза тұтқанға көп кеңес керек сыңайлы. Осы ретте, оразаны не бұзады, не бұзбайды?  
– Бастыларына тоқталып өтсем. Әдейі ішіп-жеу, темекі шегу, насыбай ату, дәрі қабылдау, құрамында нәрлі заттары бар ине еккізу, әйелімен жақындасу, яғни таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу бұзатын болса, ұмытып ішіп-жеу, әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізу, аузына келген қақырықты жұту, құлаққа су кіру, темекі түтіні иә болмаса топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшысы тамаққа еріксіз кірген жағдайда ораза бұзылмайды. Тістің арасында қалған тамақ қалдығы ноқаттан кішкене болса, оны жұту да оразаға кедергі келтірмейді. Дегенмен, мына жайды ескерген жөн: мәселен, байқамай ішіп-жеп қойғаны еске түскенде дереу тоқтату керек. Әйелін сүйген немесе денесіне қолын тигізген жағдайда мәни шықпауы тиіс. Егер сапарға шыққан адам болса ауыз бекітпеуіне болады. Онысын басқа күнде санын толтыруына рұқсат. Денсаулығы көтермейтін кәрі кісі кедейдің таңғы болмаса кешкі асын беріп тойдыруына жол ашық. Оған мүмкіншілігі келмесе тәубе етеді. Рамазан айында сонымен бірге, етеккірі келген және босанған соң қан көрген әйел ораза ұстамайды. Екіқабат, сол секілді емізулі баласы бар әйел өз ден­саулығына қауіппен қараса, оразадан босатылады. Тек кейін қазасын өтеуі парыз.       
– Саланың білікті маманысыз. Ауданға келгелі бері бірқатар игі іске мұрындық болудасыз. Бізде ораза ұстаушының үлес салмағы қандай? Осы жайында не айта аласыз?
– Ораза ұстаушының деніне келер болсақ, бұл негізінен орта және орта жас­тан төменгілерді құрайды. Ораза – ерге де, әйелге ортақ дүние. Біреуінен біреуі басым деп айта алмаймыз. Біз күнделікті ауызашар дастарханын жайып отырамыз халыққа. Кент орталығындағы 2 мешіттен басқа ауылдық округтегі мешіттерде ауызашар беріліп келеді. Сол мешіттегі аузы берік кісілер тең түсуде. Мекемелердегі ауызашарға барған кезде байқағанымыз, ол жерде де ауыз бекіткен ер кісілер де бар. Ауыз бекіткен әйелдердің де саны жағынан қарайлас. 
– Рамазан – ораза тұтумен қатар, ­қа­­й­ырым­дылық айы. Бұл тұрғыда нендей шаруа істелуде? 
– Қайырымдылық шарасы мешітте ұйымдастырылуда. Жылдағы дәстүрге сай, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқар­масының негізге алған төрт бағытының бірі – осы қайырымдылық. Одан біз де қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Ауданда жыл басынан бері ұзын саны – 200-ге жуық отбасына қайырымдылық көмегі көрсетілді. Әр апта сайын 10 отбасына көмек қолын созу­дамыз. Мұндай қайырлы іс қасиетті Рамазан айында да өз жалғасын табуда. Сонымен қоса, ораза айт қарсаңында 70 отбасына көлемді түрде қайырымдылық шарасын жасамақпыз.  
– Оразада қандай насихат жұмысы жүр­гізілуде?
– Иісі мұсылман қауымы үшін ерекше саналатын ораза айында республика, облыс мешіттерінде елге ауызашар беріліп, өткізіліп жатқан түрлі іс-шара халықтың көңілінен шығуда. Мұндай жұмыс бізде де бар. Кент көшелеріне «Рамазан құтты болсын!» деген баннерлер ілінді. Жас­тар жылына орай, «Жастар Рамазанмен сүйіншілейді» тақырыбында республикада бірінші болып жарапазан айтушылар байқауын өткіздік. Мұндағы мақсатымыз – асыл дінімізді дәріптеу. Оны кейінгі ұрпаққа өнеге ету. Рамазан келгенде адамның жайбарақат жүретін уақыты емес, керісінше ата-бабамыздың ардақ тұтып, оны сүйіншілегенін өскелең ұрпаққа аманаттау. Себебі, қазір ұрпағымыз бұған дейін санамызда да, қанымызда да ешқашан болмаған нешетүрлі түсініксіз жырлар мен рок секілді репетімізді кетіретін даңғыраға бейім болуда. Біз осы байқауды өткізгенде өзіміздің дұрыс есту өнерімізді ұсынайық деген ізгі мұратты ұстандық. Сондай-ақ, қасиетті айда Құран хатым етілуде. Құран Кәрімді бастан аяқ жатқа айтатын 2 қари бауырымыз арнайы келіп, жамағатқа күнделікті Рамазан айының әр кешінде хатым етіп, жүректеріне Құран ұялатуда. Бұл – Алла бұйырса, Қадір түніне дейін жалғасады. Оған аудан жұртшылығы қатысып, өз ата-бабасының рухына дұға бағыштауына толық мүмкіншілігі бар.     
– Жұртшылыққа тілегіңіз?
– Рамазан – Алла Тағаланың сондай берекелі айы, бізге жіберген мейірімді қонағы. Біз бұл айға төрімізден орын беріп, мейірімді қонағымыздың батасын алып қалуға тырысуымыз тиіс. Мұнымен қоса, жүрегімізбен қабылдап, оған нұр ұялатуымыз керек. Рамазанда қалған 11 айға жететіндей рухани қуат, бата алуға талпынуымыз қажет. Айтулы айдың қадір-қасиетін сезініп, зор сауаппен өткізуге, қалған 11 айда рухани қуат алуға Хақ Тағала баршамызды нәсіп етсін. Халқымыздың ауызбіршілігін мықтап, берекелі қылсын. Өзіне сенетіндердің, өзіне шын мойынұсынғандардың қатарын көбейтсін деп тілейміз.    
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
31 мамыр 2019 ж. 1 823 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031