» » » Сандық технологияны халық игермей, ілгерілеу жоқ

Сандық технологияны халық игермей, ілгерілеу жоқ

Сандық технология есігімізден еніп келді. Қапелімде абдырап қалудың мәні жоқ. Керісінше, көштен қалмай ілесіп, заманауи үрдіске мойынсұну керек. Ілесе алмасаң, кейінгіге жол бер. Бүгінгінің заңы солай. Өріс алған технологияны өркенді аймақ қана игере алады. Өркен жайғанымыз абзал. Бұл оймақтай ойдың тууына себеп «Grand Master» бағдарламалау мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі Алмат Қуанышбаевпен сұқбат. Көкейде жүрген сауалды жолдап, шама-шарқымызша жауапқа қол жеткіздік. Оқи отырыңыз.

– Алмат Жомартұлы, байқағанымыз, сандық технологияның дәуірі келді. Көштен қалып қоймаймыз ба? Біздегі мүмкіндік пен жылдамдық қандай?
– Егер Қазақстанда қарастыратын болсақ, ІТ технологияны дамыту үшін бө­ліне­тін қаржы жылына 2500 миллиард долларды құрайды. Бұл қаражаттың барлығы елде қалғанын қалайтынымыз жасырын емес, әйткенмен, бар-жоғы 5 пайызы ғана бізде қалады. Нәтижесінде біздегі даму әрине, бар. Анау айтқандай, жылдам емес. Оның ішінде, біздің өңірге келсек, тап басып дамып жатыр деп айту қиын. Саябырсып қалған. Өйткені, бізде ІТ технологияның нарқы жоқ. Ол үшін не керек деген сауал туындайды осы ретте. Дүкеннен бастап, кафе-мейрамхана, қонақ үйлердің барлығы автоматтандырылуы керек. Жергілікті кәсіп­керлер бағдарлама жасақтаушыларға сенім білдірмейді. Олардың ойларында «алаяқтық» көзқарас қалыптасып қалған. Ең алғашқы қадам халықты ІТ технологияға үйретуден басталу керек. Бұл енді өз пікірім. Сандық технологияның әлемге келгелі 55 жылдай уақыт болған. 40-жылдардан «иньяк» деген компьютерден бастау алды. Одан бері шарықтау шыңына көтерілді. Он жылдың ішінде біз тұяқ серпуіміз керек. Өйткені, бізді ешкім күтпейді. Қоғамның қайсыбір саласы болмасын, медицина, бі­лім, ғарыш, банк, мемлекеттік қызмет көрсету саласының бәрі сол ІТ технология арқылы жұмыс істейді. Сапалы қызмет тұтыну керек болса, біз соған барамыз. Мен айтып отырған 10 жыл ішінде интернеттің жылдамдығы да едәуір өсіп кетті. Қандай өзгеріс болғанын ойлап көріңіз, ал енді он жылдан соң қалай болмақ?! Нано технология бір орнында тұрмайды. Принтермен Нью-Йоркте кәдімгі тірі бүйректі шығарып жатыр, Ресейде де солай, ғимаратты принтердің көмегімен салып жатыр. Ал бізде бұл да жоқ. Біздің аймақта халық тіпті қолындағы смартфонды да жөнді пайдалана алмай жүр. Қарапайым интернетке кіре алмайды. Міне, менің ең алдымен халықты үйрету керек дегенім де осында жатыр. Компьютер қолданбайтын отбасылар да көп. Қазір бастамасақ, үлкен мәселе туындауы мүмкін. Көштен онсыз да қалып қойдық. Бір ғана мысал, қолыңыздағы смартфон ішіндегі бағдарламаның бар-жоғы екі-үшеуі ғана отандық бағдарлама. Оны да өзге елмен бірлесіп істеген. Дамыту үшін мүмкіндік мол. Оны қолдану үшін шетелдіктерді емес, өзіміздің мамандарды дайындауымыз керек. Университет, колледждердің деңгейінде емес, мектеп қабырғасынан бас­тауымыз керек. Бұл ұзақ әрі қиын болуы мүмкін. Бірақ, он жылдан соң нәтижесін беретін іс. Бәрібір біз әлемдік деңгейден кейінгі қатарда боламыз. Өйткені, біз әлем бастаған сәтте қол қусырып қарап отырдық. Оның не нәрсе екенін түсінбедік те.

– Қазақ жастарының мұндай игі процесті игеруге ынтасы мен талабына қандай баға берер едіңіз?
– Барлық қазақ жасын білмедім, бірақ осы бағытта ҚР БҒМ ұйымдастырған байқауда қазы (ментор) болған едім. Ол жерде ІТ технологияға байланысты көптеген жоба болды. Балаларда потенциал бар, бірақ олар Қазақстанда оқып-білмеген. Олардың бәрі шетелде, Малайзия, Еуропа, Америкада оқығандар. Мен сол үшін күйіндім. Отандық университеттерде оқыған балаларда ондай жобалар болмады. Ынта-ықыласы жоғары. Осы кезде мен Қызылорданың төрт бірдей жігітін дайындап жатырмын. Қорқыт ата атындағы ҚМУ және «Жас өркен» колледжінен. Бұл жігіттердің алдында да біраз жігітті оқыттық. Бұлардың барлығы бағдарлама жасақтап жүрген, ІТ технологиялар конкурстарының қатысушылары. Оқытуға уақыт жетпейді бізде. Біздің мектебіміз енді ғана қалыптасып жатса да, көп нәрсе үйрете алады. Төрт факультетіміз бар. 300-ден аса бала оқиды. Қызылорданың балаларының ынта-ықыласы мен талпынысына 10-дық шкаламен 8,5 деген баға қояр едім.

– Смарт-Сити. Өзіңіз білетіндей, ақыл­ды қала бізге қашан келеді?
– Барлығы маманға кеп тіреледі. Бізде мұндай деңгейдегі кәсіби мамандар жоқ. Клаус Шваб «Төртінші өндірістік революция» кітабында адам капиталы туралы жазады. Болашақта кәнігі мықты мамандардың дәуірі келеді. Смарт-Ситиді бүгін әкелуге де күшіміз жетеді. Сол жағалаудағы жаңа қалаға орнатып қояр едік. Бірақ әкеліп, орнатып, қызмет көрсетіп отыратын мамандар жоқ. Ақылды үй, ақылды қала дегендерді жасақтап, елге ұсынатын компаниялар бар. Біздің қызылордалықтар мұны түсінбейді. Мысалы, біздің қазекеңе: «Телефоның арқылы үйді басқара аласың» десең, ол «ойбай, ертең телефоныңды жоғалтып алсаң, сенің үйіңе тонауға түседі» деп шошиды. Рас қой. Бұл – менталитет. Бізде «Қызылорда тазалығы» қоқыс жәшіктерін өздері аралап жүріп, тазалайды ғой. Ал, егер қоқыс жәшіктеріне арнайы толғанын-толмағанын көрсететін аппараттар орнатып қойсақ, толған сәтінде ғана барып, жинап кетер еді. Бұл арқылы уақытты, жанармайды, жұмыс күшін үнемдейтін едік. Бұл технологияның бізге тиімділігі жоғары. Парадокс бар. Қоқыс жәшігін ұрлап кетіп жатқан қазекем ертең оның ішіне 300-400 мыңның аппаратын қойсақ, сонымен қоса жоқ қылады. Ақиқаты сол. Алдымен келген жаңа нәрсені не үшін, неге керек екенін үйрету керек.

– Қазақтың ұлттық әлеуеті әлем­желі­де қашан көрінеді? Неге отан­дық әлеуметтік желі қолға алмасқа? Оған не кедергі?
– Біздің мектепке оқуға келетін бала­лар­дың дені осы сұрақты қояды. Қазір мен бұл сауалды көп жерден еститін болдым. Өзі бар-жоғы 18 миллион халыққа біз қандай әлеуметтік желі дайындаймыз? Соны ойланып көрдіңіз бе? Оның ішіндегі 8 миллионы балалар мен қариялар. Алып тастайсыз, олар қолдана бермейді. Жыл сайын желі қолданушылардың өсіп келе жатқанына қарап, мұны да қолға алуға болады. Қиындығы жоқ, бірақ инвестиция салу керек. Мәселен, mail.ru 1988 жылы, 2004 жылы Facebook желісі пайдаланушыларға жол тартты.  Біз әлеуметтік желі ашуымыз үшін яндекс, instagram, facebook сияқты желілерге бәсекелес болуымыз керек. Төтеп бере алатын қабілетіміз болғанда ғана бұл бастама сәтті болады.

– Анимация құрастыруға болады иә. Мысалы, ұлттық болмысымызды сыйдырған анимациялар. Қыдырәлі мен Қарақаттың ойыншығы сияқты. Одан бөлек ұлттық ойындарды да осы бағдарламалар тәрізді смартфонға енгізу қашан орындалмақ?
– Анимацияға байланысты бізде жақсы бағдарламалар жүріп жатыр. Жақында қазан айында «Қазақфильм» «Мұзбалақ» деген мультфильм дайындады. Қызылордалық азамат осы жобаға қатысқан. Кездестік. 4,5-5 жыл уақыт кетіпті. Бұл қазақстандық мультфильмдердің жаңа деңгейі. Көруге кеңес беремін. Ресейде жылына 3 мыңға жуық анимациялық мультфильм жарық көреді. Бізде ақсап тұр. «Маша мен аюы» қазір елге тарап кетті. Бізде де осылай істейтін болсақ, персонаждар жетерлік. Орыстардың «3 богатыря» ертегісінің 6-бөлімі шығып жатыр. Солардың тәжіри­бесімен бөліссек, қандай тамаша! Біздің мектеп «Жанқожа батыр» жайлы ертегі түсіре бастадық 10 серия, әрбірі 20-25 минуттан тұрады деп ойлағанбыз. Тарихын, өмірбаянын зерттедік. Суретшілер графикалық планшетпен сурет сала алмады, не маман жоқ, не техника, әйтеуір, сәті түспеді. Келер жылы Қызылорда жастарының атынан «Қазақфильмге» шы­ғып, ұсынысымызды, жобамызды жет­кіз­гіміз келеді. Өз өңіріміздің тарихын танытып, батыр бабамыздың ұлылығын насихаттау мақсатында. Мұндай жоба үшін ең аз дегенде 15 миллион теңге керек. Биыл бастадық, техника мен мамандардың жетіспеушілігі аяққа тұсау боп тұр. Сосын Қорқыт ата жайлы да мультфильм дайындамақпыз. Бұл – Сырдың символына айналған. Қазақы нақышта баба туралы түсірсек, бір мақсатымыз орындалар еді. Кешегі «Мұзбалаққа» қатысқан жерлесіміз де осында жүрді, жұмыс болмаған соң Алматыға кетті. Міне, біздегі жағдай. Бастысы, Қызылорда жастарын үйретіп, олардың туындыларын жарыққа шығару.

– Қазір әлем түрлі жаңалық жасап, дүмпу шығаруда. Тіпті, адамның жадын көшіріп алуға болады деп жатады. Адамның миын басқаруға бола ма?
– Әлемде бұл тақырыпта болып жатқан жаңалықтар өте көп. Бүгін таңертең ғана Ресейдің ІТ хабарынан америкалықтардың әскери робот ойлап тапқанын көрдім. Үш метр биіктікке секіріп, көтеріліп тұра алады екен. Одан бөлек, өзімен бірге 57 келіге дейін жүк алып жүруге қауқарлы. Әскери іс-қимылдарға да араласа алады. Бұл нені меңзейді? Болашақта елдер бір-бірімен соғыспауы мүмкін, тек роботтар соғысады, ал оны адам басқарады. Бұл көп уақыт алмайды. Кейін тіпті Америкадан Қызылордаға бірнеше секундта келетін деңгейге жетеміз. Мына дамуға қарап, осылай ой түю – заңдылық. Біреулер мынау не айтып отыр деп ойлауы мүмкін, бірақ 70-жылдары ұялы телефон дүмпу болғанын ескерсек, біздің дамып-дамып, шегіне жеткен кезде мұндайлардың бәрі болуы әбден мүмкін.

– Дарк Нет туралы не айтар едіңіз?
– Бұл енді жасырын желі. Анонимді желі. Ақпаратты шифрлы түрде алмасады. Қазақстанда бұл желіні қолдануға тыйым салынған. Бұған кіру үшін анимайзер мен тор браузер керек. Қылмыстық іс ретінде қаралады. Қару-жарақ сату, есірткі сату – мұның бәрі сол желінің ішінде орындалады. Бәзбіреулер интернет арқылы жұрттан жасырып әрекеттер істеуі мүмкін, еркіндік деп бағалауы мүмкін. Бірақ, интернеттегі әрбір әрекет, әрбір қадам қатаң бақылауда. Сіз ойламаңыз, мұнда бәрін істей аламын деп. Заң аясынан тыс әрекет етер болсаңыз, жаза күтеді.

– Вирусты кімдер жасайды және не үшін?
– Ең алғашқы вирус 1981 жылы Пәкістанда ойлап табылған. Америкада да емес, Еуропада да емес, Пәкістанда. Сенбеуіңіз мүмкін, бірақ солай. Қазір бұл мәселе талқы таразысында. Иранда егіздер компьютерге желі арқылы тарайтын вирус шығарды. Олар қазір 70-тің үстінде, ақпараттық қауіпсіздіктен дәріс беретін профессорлар. Олар әуелі өз аймақтарында пираттық деңгейдің қай шамада екенін білгісі келген, әліптің артын баққанда олар ойлағандай деңгейден шығып, кедергісіз тарап кетеді. Олар ешбір фейк емес еді, аты-жөндерін, мекенжайларын көрсеткен. Алаңдап, арнайы қызметтің өзі іске қосылды. Ол уақытта кибер қылмыс дегенің жоқ болатын, өйткені жұрт түсінбейтін ондай ұғымды. 2000 жылға дейін хакерлер компьютерлерден ақпаратты өшіріп тастау, көшіріп алу деген тәрізді болмашы нәрселермен айналысты. Ал, ғаламтор дәуірлеген тұста олар өз мүмкіндіктерін түсіне бастады. Олар мол табыс табудың жолына түсті. Бір мемлекеттің бюджетіне жететін қаражатты иемдене бастады. Вирус – хакерлердің табыс көзі. Олар сол арқылы табыс табады.
– Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».   
13 желтоқсан 2018 ж. 1 643 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031