» » » ТУҒАН ЖЕРГЕ ПАЙДАМЫЗ ТИСЕ ДЕП ЖҮРМІЗ

ТУҒАН ЖЕРГЕ ПАЙДАМЫЗ ТИСЕ ДЕП ЖҮРМІЗ

Бекмырза Еламанов ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Отан мүддесі өз мүддемізден биік тұрсын
– Бекмырза Қайыпұлы, алып анадан туады, ауылдан да шығады. Қазақтың қара­ша­ңырағы ауыл баласының бүгінгі мүм­­кіндігі қандай? Зор жетістікке жету үшін не іс­теу керек?
– Иә, қазақта ежелден келе жатқан «Алып анадан туады...» деген нақыл бар. Дегенмен, бұрынғы ұлы ойшылдардың бірі «Құдай бер­мегенді Сорбонна бермейді» деген екен. («Сорбонна» деп отырғанымыз атақты Париж университетінің орталығы). Сондықтан, қазіргі қазақты бірі – ауылдікі, екіншісі – қаланікі деп бөлу артықтау болар. Алайда, өт­кенде ғана Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» деп атап көрсеткендей, бәріміз де сол қарапайым ауылдың перзентіміз. Кіндігіміз де, түндігіміз де – ауылда. Содан болар, қашанда ауылдың жетіс­тігіне елеңдеп, ауыртпалығына алаңдап отыра­мыз. Біздің кезіміздегі ауыл баласы мен қазіргі жаңғырып келе жатқан ауылдың баласын салыстыруға келмейді. Қазіргі ауыл балаларының жаңа заманға сай білім алуына, ой-санасын жетілдіруге мүмкіндік жасалған. Елді мекендерде мектептер жаңадан салынып, немесе күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен, оқу құралдарымен жабдықталған. Олардың қаладағыдан айыр­ма­шылығы шамалы.
ХХІ ғасыр – Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген жастарымыздың дәуірі. Қазір олардың алдының өзі – 20 жастан асқан қыздар мен жігіттер. Олармен ашық әңгімелесіп, сырласып, сұқбаттасқан қызық, көкірек сарайың ашылады. Жастарымыз сауатты, білімді, жоғары интеллектуалды, көздері ашық, жан-жақтағы оқиғалар мен құбылыстарға анализ жасай біледі. Мұндай жаңа заманға, жаңа Қазақстанға лайық жастарымыз көп. Мектеп жасындағы дарынды балалар, жоғары оқу орнында білім алып жатқан озық ойлы жас­тар жеткілікті. Олар түрлі пәндер бойынша әлемдік сайыстарда өз құрбыларының арасында оза шауып, бәйгелі болып жүр. Мұндай табиғи дарынды әлеуетті күшті көзден таса қылмай, баптап, күтіп, оларға мемлекетіміздің баға жетпес құндылықтары ретінде қарау қажет. Оларды көре білу керек. Біздің біржақты замандастарымыз жастарды жамандауға дайын тұратыны рас. Қай уақытта да үлкендердің жастарға үрке қарайтыны шын ғой. Әрине, жастарымыз бәрі бірдей алтын асықтай, заманына сайма-сай деп айту дұрыс емес. Адасып жүрген, теріс пиғылды адамдар мен ағымдардың ықпалында кетіп қалғандар да бар. Жастарды әлеуметтік инфантализмнің құлдығынан арашалап алуымыз керек.
– Досқа адал, ұлпадай мамық, қасқа қабағы қату, доспын дегенге құшағы ашық қазақтың бүгінгі тұлпар мініп ту алған текті ұлдары қаншалықты рухани жаңғырып жүр? Біз ұлт мүддесін ұдайы алға қойып жүрміз бе?
– Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – асқан зияткерлікпен, көреген саясаткерлікпен және еліміздің болашағы үшін терең толғаныспен дүниеге келген эволюциялық құжат. Міне, осы бағдарлама іске қосылғалы көзі ашық, көкірегі ояу отандастарымыздың санасы жаңғыруда. Хал­­қымыздың ұлттық құндылықтарына деген көзқарас жаңаша сипатқа ие болды. Тілімізді, тарихымызды, мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді жаңа деңгейге көтеруге ұмтылудамыз.
Имандылық та ұмыт қалып жатқан жоқ. Жасөспірімдер мен жастардың дінге деген қызығушылығы артты, бірақ оларда шынайы діни қызығушылық қана басым емес пе екен деп ойланамын. Жастарымыз айналада болып жатқан оқиғалардан кейін, «діни уағызшылардың» соңынан көзсіз, ештеңе ойламай еру неге апарып соқтыратынын түсінулері тиіс. Ал, мешіттерге жіберіліп жат­қан имамдардың білім деңгейлерін үнемі тексеріп тұру қажет деп есептеймін. Ең бас­тысы, Пайғамбарымыздың: «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған» деген хадисін жастардың санасына құйып отыру қажет. Күмәнді діни ағымның жолына түсіп, қоғам дамуынан, жалпы ортадан және туған Отанымыздың мүддесі жолындағы жауапкершіліктен тыс қалуға болмайды.
– Жүз шайыр шыққан қасиетті ме­кен­нің тумасысыз. Алты жасар баласы жыр жаттайтын мекеннен шыққан сізге де дом­быра шертіп, әу дейтін қасиет қонған шығар?!
– Домбыра шертпеймін. Бірақ, жүз шайыр шыққан мекеннің перзенті болған соң бала күннен Тұрмағамбеттің термесін жаттап өстік. Ғибратқа толы жыр-терме, қисса-дастандардың адамды тәрбиелеуге, рухани азыққа қанып өсуіне септігі зор. Сырда туған қайсыбір тұлға болмасын, мұны мақтан ету керек. Кімнің де болмасын, Қармақшы десе, жыр кеніне барғандай сезінетіні осыдан ғой. Кіндік қаным тамған қасиетті өлке сонысымен де ерекше.
Жол – даму деңгейінің көрінісі
– Туған жердің топырағындағы ауданға биыл – 90 жыл. Дүбірлі тойдың турасында қандай ойыңыз бар? Не істеуіміз керек? Бізге не жетіспейді?
– Тоқсан жылда жеткен жетістіктеріміз бен шыққан шыңдарымыз жетерлік. Әлеу­меттік салаға мол қаржы бөлініп, медицина, білім, спорт нысандарының көптеп салынып жатқаны, жол жөнделіп, инфрақұрылым нысандарының заманауи үлгіге көшуі – тұр­мыс қажеттілігінің жоғарғы сапаға артқанын көрсетеді. Аудандағы басты жетістіктердің бірі – ауызсу мәселесінің шешілуі. Бұрын­ғы­дай көшеден тасып ішпейді, ауладан «Ақбұлақтың» суы сарқырап ағып тұр. Көгілдір отын мәселесі де облыс аумағында шешімін тауып келеді. Рас, кейбір мәселелер қылаң береді, бірақ «Мәскеу бір күнде салынған жоқ». «Көш жүре түзеледі» деген қазақпыз ғой, барлық мәселе «сабақты ине сәтімен» деп, өз уақытында шешімін табады. Елордада отырып, барлық облыстардың дамуына көз тастайсың ғой. Тіл-көзім тасқа, ауыл-аймақты дамытуға баса назар аударып отырған біздей облыс жоқ. Аудан тұрмақ, ауылдық елді мекендердің өзіне тақтайдай тегіс асфальтпен баратын болдық. Қуаңдария ауылының жолы қандай?! Осы секілді барлық ауылға барар жол жаңартылып, баяғы ойлы-қырлы көріністер артта қалды. Жол – даму деңгейінің көрінісі. Соңғы кездері ауыз толтырып айтарлық жетістік те, марқайып айтар мақтаныш та көбейді.
– Кіндік қан тамған қасиетті мекенге пер­зенттік парызды орындап жүрмін деп ай­та аласыз ба?! Туған жерге тағзым турасында.
– Қай жерде, қай елде жүрсең де туған жерің көкейіңнен кетпейді. Үлкен қалаларда қызмет қылып, еңбек еткеніңмен бүйірің елге бұрып тұрады. Сол елдің дамуына атсалысып, жағымды жаңалықтарына балаша қуанып отырасың. Туған жерге тағзымды әрбір перзент жүрек түкпірінде бір мақсат етіп алады ғой. Мен кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер емеспін. Жеке дара өз атымнан мешіт салып, тағы бір нысандарды ашқан жоқпын. Бірақ, бірлесіп ел мүддесі жолында жасалатын шаралардан қалыс қалғаным жоқ. Ауыл халқы бір ауыздан ұжымдасып салатын әрбір мешіт, әрбір шараға үлес қосуға дайынмын, қосып та келемін. Туған жерге титімдей болса да көмек бергенге не жетсін, шіркін?!
– Мінберде жүріп, қандай мәселенің шешілуіне атсалыстыңыз? Халықтың би­ліктегі өкілі ретінде, дәнекер ретінде осы күні айналысып жүрген мәселеңіз қандай?
– Сенат депутаттарының барлығы бірдей елдік мәселені шешуге атсалысады. Жалпы міндет те сол – елдің мәселесі. Бұл жерде тек бір адамның ғана жұмысы емес, ауылдағы мә­селені ауданға, ауданнан облысқа, облыс­тан бізге жеткізіп, шешуін сұрайды. Осылай бір­неше адамның, яки органның араласуы н­әтижесінде мәселе шешіліп жатады. Се­наттың аграрлық мәселелер, табиғатты пай­­далану және ауыл-аймақты дамыту жө­нін­дегі комитетінің мүшесімін. Мен көбіне осы саладағы түйткілдерге араласамын. Заң шығарарда елге хабарласып, нендей мә­се­ле­лерің бар деп сұраймыз. Біздің өңірде суармалы егіншілік, Арал мәселесі, Сырдария өзеніне байланысты нық қадамдар жасап жа­тырмыз. Мұрат Бақтиярұлы екеуміз осы күні Байқоңырдағы мәселелерді көтерудеміз. Бас­тысы, қаузаған түйткілдер шешіліп, елдің ал­ғысына бөлену. Біздің мақсатымыз да – сол. Түп­теп келгенде Сенат депутаты – жай ғана қыз­мет емес, жауапкершілік жүгін мойынға қамыт қылған үлкен міндет.
Еңбекті сауып, емген нағыз адам
– Философтар күн жарықта қалың қауымның ортасында жағылған шаммен «адам іздейді». Сіз не іздейсіз?
– Бұл сұрағыңыздың екі түрлі мәні бар болу керек. Ал жалпы, айналаңдағы адам­ды тани білу деген бір басқа. Үшінші мыңжылдықта шешуші ұлттық факторға ай­налып отырған «Еңбек» деген ұлы ұғым туралы һакім Абай сонау ХІХ ғасырда: «...өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп өсиет қалдырған. Тағы да «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?», «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық, сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дегені және бар. Көшпенді тұрмыста жүріп-ақ, осынау ен даланы сыртқы жаудан да қорғай жүріп, өрісті малға, отбасын жанға толтырған, мәнді де сәнді, салтанатты өмір сүре білген ата-бабаларымызды әрі жауынгер, әрі еңбек­қор деп кім айтпас?! «Қазақ – жалқау» деп жүр­гендер өзіміздің еріншек, бойкүйез қандас­та­рымыз ғой. Ал, шындығында, адал еңбегін ем­іп жүргендер жерде қалып жатқан жоқ. Сон­дықтан, еңбекті серік қылып, еңбегін емген, соның жемісін терген адамды нағыз адам деп есептеймін.
– Бұрын лайықты азаматтың ар­қасынан қағып, мақтау шыңына көтеретін. Қазір осы мақтаудың өзі тисе терекке, тимесе бұтаққа болып, жүйесін емес, иесін тауып жатқан сөз көбейді. Тіпті, қап­таған одақтарға кіруге, аты-жөнінің ас­тына жарты бет қып соларды тізіп жазуға құмартатындардың қарасы қалың. Неліктен осылай болып кетті? Тұғырға шыққан «тұлғалардың» көптігі бізге қан­дай әсерін тигізбек?
– Лайықты адамға лайықты мақтау айтқан орынды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген содан қалған. Еңбегіңді бағалап, арқаңнан қаққанды кім жек көрсін?! Ал, орынсыз мақтау орға жығады. Шынында да, қазір ебін тауып мақтау сөз айтуға құмарлар көбейіп кеткені рас. Мақтаудың да өзіндік өлшемі бар. Бірақ, сол өлшемнен, шектен шығып кетіп жататынымыз бар-ау! Дегенмен, қазір сондай орынсыз мақтаудың қысқарып келе жатқанын да байқап жүрміз. Әр тұлғаға шынайы бағасын беріп, құрметін көрсететін – халық. «Халық – сыншы» деген нақыл сөз содан қалған. Сондықтан, әр аза­мат­қа бағаны өзі емес, ел-халқы беру керек.
– Елдегі бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде нені айтар едіңіз?
– Бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері Елбасының Қазақстан халқына арнаған кешегі Жолдауында көтерілді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жолында алға қойған міндеттер халыққа деген шынайы көрінісі.
Мәселен, алдағы жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі еңбекақыны бір жарым есе ұлғайту көзделді. Сол арқылы барлық салада, барлық меншік түріндегі кәсіпорында жұмыс істейтін 1,3 млн. адамның жалақысы ұлғаятын болады. Медицина қызметкерлерінің, ұс­таз­дардың жалақысын көтеру тапсырылды. Жалпы 5 жыл ішінде білім, ғылым, ден­саулық сақтау салаларына жұмсалатын қар­жы көлемін жалпы ішкі өнімнің 10 пай­ызына дейін жеткізу тапсырылды. Елба­сы қазақстандықтарға арнаған Жолда­уын­да ауыл тұрмысын одан әрі жақсартуды тағы да ерекше атап өтті. «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламаларын 2025 жылға дейін ұзартып, қосым­ша қаражат бөлуді тапсырды.
Қазір кәсіпкерлік мәдениеті мен ауқымы өзгерді. Сондықтан Елбасы ауылдағы кәсіп­керлерді жаңа талаптарға сай жаппай оқыту жүйесін қолға алу қажеттігін атап көрсетті. Осы мақсатқа, соның ішінде ғылымға жыл сай­ын қосымша шамамен 100 млрд. теңге қа­растыру жөнінде Үкіметке тапсырма берілді. Бұл орай да экономиканың инновациялық жә­не сервистік секторларын дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. «Қазақстан-2050» Стра­тегиялық бағдарламасына негізделген Ел­­басы Жолдауында қазақстандықтар үшін игі­лікті бағыттар көп. Соның ішінде, ауылдың, аграрлық сектордың дамуына соны серпін әкелетін тұстары да жетерлік.
Мақсат – елге қызмет ету
– Елбасы бастамасымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» іріктелу үстінде. Сол жаңа есімнің саны жүгінде 100 емес, 100 мыңға жеткен сыңайлы. Кезінде «Құрметті азамат­ты» да таратып беріп, қадірін жоғалтып ед­ік, солай боп қалмай ма?! Елбасы бастамасын аймақтағылар қаншалықты дұрыс түсініп жүр? Сапарлардан осы тұрғысында не байқайсыз?
– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жарияланды. Шынында да, түрлі сала бойынша әртүрлі жастағы жаңа есімдерді танып отырмыз. Өзіңіз де байқаған боларсыз, олардың арасында жастарымыз көп. Өзімізді өзіміз осылайша танытып отырсақ – тек қана рухы­мыз көтеріледі. Бір кездері тайыздау тарихшылардың бірі қазақ батырларын санап, солардың санын 100-ге жеткізе алмаған. Ал, шындығына келер болсақ, сан ғасырлар бойы киіз үйдің белдеуіне тұлпарын байлап, қаруын сайлап, кез-келген уақытта «Аруақ!» деп атой салғанда атқа қонып, жауына қарсы шапқан қазақтың әрқайсысы да батыр емес пе?! Сондықтан қазақ батырларының саны тұтас легион, одан да көп. Сол сияқты, жоғарыда атап көрсетіп отырған «100 есімді» «көпсінудің» ешқандай реті жоқ. Ең бастысы, сол жаңа есімдер ел алдындағы еңбегіне, жеткен жетістіктеріне қарай өз тұлғасына лайықты болуы шарт.
– Ақсақалдар азайды, шал-шауқандар көбейді деп жатады. Кешегі шежіре қарт Сейілбек Шауқаманов өмірден өткенде «шежіреден айырылдық» деп тұтас ел күңіренді. Ақсақал кім?
– Өмір болған соң жас өседі, жасамыс есейеді, қартымыздың жасы ұлғаяды. Ақсақал дегеніміз – ежелгі қазақ қоғамындағы ел тағ­дырын шешу мәселесіне белсене араласқан аса тәжірибелі, жасы үлкен, беделді де ық­пал­ды адам. Беделімен де, біліктілігімен де халықтың шынайы құрметіне ие болған ақсақалдар ресми лауазымды (би және рубасы) иеленбесе де, қоғамдық өмірдегі орны мен рөлі ресми биліктің өкілдерінен кем болған жоқ. Қазірдің өзінде де ел-жұрты аузына қараған ақсақалсыз ауыл жоқ деп есептеймін. Бұрын да солай болған, қазір де солай, әлі де солай бола береді. «Қарты бар ауыл – қазыналы ауыл».
– Сіз үшін өмірлік бақыт деген ұғым нені білдіреді?!
– Бұл өмірге келген соң өзіңнің елге керек екеніңді сезіну – зор бақыт. Мен үшін үлкен бақыт – осы. Ба­уы­рың бүтін, айналаң аман-есен болып, бей­біт заманда, дамыған қоғамда өмір сүріп жатсаң, бақытты жан емей, кімсің?! Үлкен Отаның мен кіші Отаныңның отымен кіріп, кү­лімен шықсаң, халқыңа қызмет қылсаң, сол – бақыт. Соңыңда ұлағатты жо­лың­ды жал­ғай­тын ұрпақ қалса, сол – бақыт. Жал­пы, бұл ұғымның мағынасы кең. Ең маңыздысы, осылар.
– Сіз өзіңізді мақсатқа жеткен жанмын деп санайсыз ба?
– Алдыма әкім болсам, сенатор болсам деп мақсат қойған жан емеспін. Алған білімім мен жинаған тәжірибемді ел мүддесі жолында жұм­сасам деп армандадым. Бала күннен солай еді, қазір де солай. Елдің қолдауымен, Алла қалап, осы деңгейге жеткен екенбіз, Алла абырой берсін. Қай жерде қызмет қылсам да елдің ықыласына бөленіп, кейін де халықпен ұялмай жүздесетіндей болуым керек деп мақсат қойдым. Шүкір, осы мақсатым орындалып келеді.
– Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңызға алғыс білдіреміз.
Сұқбаттасқан Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
23 қазан 2018 ж. 1 716 1

Айдар от 29 қазан 2018 01:56
Жарайсындар, жігіттер. Ойларын алға жүреберсін.

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031